Көмір, мұнай, газдың орнына жел, күн мен су. Елімізде баламалы қуат көзіне  көшудің  кешенді жоспары жасалып жатыр. «Жасыл экономиканың» мақсаты:  дәстүрлі қуат көздеріне иек артуды азайтып, қоршаған ортаға арқа сүйеу. Бүгін Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшелері аталған жайды күн тәртібіне қойды. Қазақстанда өткен жылы Ел Президентінің Жарлығымен «Жасыл экономикаға» көшу туралы Тұжырымда бекітілгені белгілі. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, табиғи ресурстардың тозуын тежеуді көздейтін жобаның жүзеге асу жолдары қазір Үкіметте қарастарылып жатыр. Құжатқа электр қуатын үнемдеу, тұрмыстық қалдықтарды қайта кәдеге асыру, су ресурсын сақтау секілді ауқымды шаралар кіреді. Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, жасыл технологияны қалыптастыру жолында жиынтығы 20-ға жуық заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі тиіс. Бағдарламаның бастапқы нәтижелері де жоқ емес. Мәселен, Өскеменде күн батареясын жасау зауыты салынды. Ал  Шымкентте светодиодты шам шығаратын зауыт іске қосылмақ. Айта кетейік, Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында көмірсутегі дәуірі аяқталып келе жатқанын айтып, болашақта жасыл технология жалпы энергетиканың 50 пайызын толтыруы керек деген еді. Бас баєдарламаны басшылыққа алған депутаттар көшпелі отырыста  өзге де көкейтесті мәселелерді көтерді.

Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

-Біздің жалпы өндірілетін энергия көлемінде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып шығатын энергияның үлесі небәрі 1 пайыздың айналасында. Егер дамыған елдермен салыстырсақ, Еуропада 20-24 пайызға жетіп қалды. Мысалы, кей эксперттердің есебі бойынша күн, су, жел энергетикасының әлеуеті жылына 2 трлн. КВТ сағат энергия шығаруға қол жеткізе алады. Яғни біз осыған заңнамалық түрде тиісті жағдай жасауымыз керек.

Хабар, 17.04.