www.ktk.kz/

Астанада тарихи құрылыс басталды. Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, халықаралық Экспо көрмесі өтетін кешеннің құрылысын бастап берді. Осы сәттен бастап мыңдаған жұмысшы мен жүздеген техника нысандарды салуға шұғыл кірісуі тиіс. Ал құрылыс аяқталғанда Экспо қалашығы Елорданың жаңа орталығына айналмақ.

-Әзірше, бұл маң қу дала. Аңызақ жел соғып тұр. Бірақ 3 жылдың ішінде бұл жерден ғажайып қалашық бой көтеруі тиіс. Уақыт тығыз. Сондықтан құрылысшыларға күні-түні жұмыс істеуге тура келеді.

Ал құрылысшылар мен техника сақадай сай тұр. Кешенді ондаған  отандық және шетелдік компаниялар тұрғызбақ. Бұл жерде бір мезетте 20 мың жұмысшы тәулік бойы тер төгеді. Ал көрменің басты павильоны мынадай шар тәріздес болады. Бүгін ол шатырдың қызметін атқарып тұр. Елбасыны күтіп тұрған шенеуніктер қызу әңгімеге кіріссе, ал премьер мен Астана әкімі әлденеге келіспей тұрғандай. Онысы президент кіріп келгенде сап тиылды. Алдымен Нұрсұлтан Назарбаев құрылыс орнына капсула салып, үлкен шаруаны бастап берді.

Енді осындай қу даладан ауданы 1 миллион шаршы метрден асатын    алып шаһар бой көтермек. Жоба бойынша ол дәл осындай болады. «Экспо» көрмесіне арналған сауда кешендерінен бөлек, 4 мың пәтерлік тұрғынүй, қонақүй, жаңадан Конгресс Холл,  тіпті әлемде теңдесі жоқ шатырлы қалашық тұрғызылады. Ғажайып нысандар Астананың жаңа орталығына айналмақ.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Бүгінгі бастаған құрлысымыз мына жерде, бұл үлкен шаруаның басы. Бар болғаны 2-3 жылдың ішінде, 2016 жылға дейін бітіруіміз керек. Үлкен құрылыстар басталады. Ең негізгісі Қазақстанның павильоны, басқа елдердің павильоны болады.

Кешеннің құрылысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бақылауында болмақ. Ал нысандарды тұрғызуда қуат көзін үнемдейтін жаңа технологиялар мен соңғы үлгідегі материалдар қолданылады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Жүзден астам мемлекеттен қонақтар келеді. 3 айдың ішінде бірнеше миллион адам Қазақстанға келіп көретін болады. Сондықтан тек қана көрме емес, көрменің ішінде не көрсетіміз ең жаңалықты көрсету керек.Жасыл экономиканы көрсету керек, жаңа энергетика деген тақырыппен көрсетуіміз керек.

Президент бюджеттен жұмсалатын қыруар қаржының қайтарымы болатынына сенімді. Себебі көрме біткен соң салынған нысандар қаңырап бос қалмай халық игілігіне берілмек.