Қазақстанда Атырау және Орал-Атырау бекіре тұқымдас балық зауыттарын қалпына келтіру жұмыстары жоспарлануда. Олардың жалпы қуатын жылына 7 млн-нан 12 млн. шабаққа дейін жеткізеді. Бұл туралы бүгін өткен семинар-кеңесте ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Қайырбек Мұсабаев айтты.

Оның мәліметінше, жобаны іске асыруға жалпы сомасы 70 млрд. теңге қажет. Көздеген мақсатқа жету үшін балық шаруашылығын 2020 жылға дейін дамытудың жоспары жасалған. Онда балық шаруашылығын дамыту көзделеді.

Семинарда Қазақстанның табиғи су қоймаларындағы балық популяциясының азаю тенденциясын тоқтатудың баламалы шешімі ретінде тауарлық балық шаруашылығын дамытуды жолға қою сөз болды.

Жаппай балық аулаудан гөрі тауарлық балық шаруашылығын дамыту еліміздің табиғи су қоймаларындағы балақтардың көбеюіне жол ашады.

Төараға орынбасарының айтуынша, тауарлық балық шаруашылығын дамыту әлеуметтік-экономикалық тиімділігін де көрсетеді. Сонымен қатар, балық өсірумен  айналысатын шаруашылықтар құру ауылды жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді.

Айта кетейік, шараға ҒАО (Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы) Аймақаралық бюросының сарапшысы Хайдар Ферсой (Анкара, Түркия) қатысып, балық шаруашылығын дамытудағы халықаралық стандарттар туралы баяндама жасады.

Семинарда, сондай-ақ, 2020 жылға дейін арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының жобасы талқыланды. Құжат балық шаруашылығының тұрақты дамуын қамтамасыз ету, су ресурстарының биологиялық алуан түрлілігін сақтау мақсатында әзірленген. Мамандардың айтуынша, жоспарланған іс-шаралардың жүзеге асыруы нәтижесінде балық өсіруді дамыту есебінен 2020 жылы балық аулау көлемі 10 мың тоннаға жеткізілмек.

www.inform.kz