Қызылорда облысында сирек кездесетін дәрілік өсімдік мия тамырларын 14 гектар жерден заңсыз түрде жинау фактісі анықталды деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

 Осыған орай, орман қорынан тыс жерден өсімдіктер дүниесі объектілерін (мия тамырын жинау) алуға рұқсат беру тәртібі қолданыстағы заңнамамен реттелмегендіктен, заңнамаларға өзгерістер енгізу жөнінде облыстық прокуратурамен Бас прокуратураға қызметтік хат жолданды. Қазіргі күнде «Қазақстан Республикасының аумағынан қызыл мия тамырын әкетуге уақытша тыйым салу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының жобасы әзірленіп жатыр делінген баспасөз хабарламасында.
Қызыл мия өсімдігінің адам денсаулығына емдік шипасы мол дәрілік шөп. Көпжылдық шөп тектес өсімдіктің биіктігі 100-130 сантиметрге дейін болса, өзен бойларында, топырақты аймақтарда өсетіндігімен ерекшеленеді.
Біздің дәуірімізге дейінгі 4-5 ғасырларда бұл дәрілік өсімдік жайлы ежелгі грек тарихшысы Геродоттың өзі қызыл мия тамырының мың сан дертке дауа екенін айтқан екен.
Бұл дәрілік өсімдік еліміздің Сырдария, Жайық, Іле, Шу, Қаратал өзендері алқаптарында өссе, оның ішінде қызыл мия Қызылорда аймағында, әсіресе Сырдария ауданыңда көптеп кездеседі. Алайда Қызылорда облысында соңғы уақыттары бұл өсімдіктің азайып бара жатқаны байқалады дейді.

Ая ӨМІРТАЙ

baq.kz