9 желтоқсанда Парижде Назарбаев Университеті мен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының ұйымдастыруымен «Болашақ энергиясы-2015» халықаралық форумы өтеді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Назарбаев Университетінің президенті Шигео Катсу мәлім етті.

Атап айтқанда, форум «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес және болашақ энергиясы» тақырыбына арналады. Сонымен қатар бұл тақырыпты одан әрі тиімді ілгерілету, Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесіне мемлекеттер мен ұйымдарды көптеп тарту жоспарланып отыр.

Белгілі болғандай, биылғы жылғы форум сарапшылық деңгейде ұйымдастырылмақ. Осы орайда ондағы ұсыныстар «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу кезінде ескерілмек. Алдағы жылдың көктемінде «Болашақ энергиясы» форумы Астанада барынша кең ауқымда өткізіледі.

Оның айтуынша, бұл шара энергетика және орнықты даму саласындағы әлемдік озық тәжірибелерді кеңінен пайдалануды, «таза» энергия көздерін дамыту саласындағы ғылыми-техникалық жетістіктерді ынталандыруды көздейді. Форум Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ негізгі конвенциясы тараптарының 21-ші конференциясы (СОР21) өтетін кезеңде ұйымдастырылады.