inform.kz

111 АСТАНА. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан апта ішіндегі халықаралық тыныс-тіршіліктегі ахуалдар белгілі бір деңгейде бағымды бетбұрыстармен есте қалды десек артық айтқандық емес. Өткен сенбіде 195 елдің өкілі Киото хаттамасының орнын басатын БҰҰ-ның жаңа негіздемелік климаттық келісімін қабылдаған болатын. Мұнан бөлек, осы аптаның бейсенбісінде БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтіп,онда «ДАИШ» лаңкестік ұйымына қарсы санкциялар және лаңкестікті қаржыландыру жолын кесуге бағытталған қарар қабылданды.

Парижде климат жөніндегі тарихи келісім бекіді

Сенбі күні Парижде 2 аптаға созылған күрделі келіссөздердің қорытындысында 195 елдің өкілдері барлық мемлекеттер үшін міндетті БҰҰ-ның жаңа негіздемелік климаттық келісімін қабылдады. Бұл құжат 2020 жылдан кейін Киото хаттамасының орнын басуы тиіс.

30 қараша күні Париж маңындағы Ле Бурже қаласында БҰҰ-ның климат мәселелеріне арналған конференциясы өз жұмысын бастады. Бұл жиынға әлемдік көшбасшылардың ең көп саны қатысып, Францияға 150-ден астам мемлекеттің басшылары мен Премьер-Министрлері келген еді.

Халықаралық қоғамдастықтың қол жеткізген басты міндеттемесі ғасыр соңына қарай Жер атмосферасының орташа температурасының 2 градус Цельсийге дейін көтерілуіне жол бермеу болды. Келісімде көрсетілген нақты нәтижеге қол жеткізілмейтін болса, онда ғасыр соңына қарай Жердің орташа температурасы 5 градусқа көтерілетін болады. Бұл әлемдегі мұхиттардың деңгейін 1 метрге көтеріп, адамзат баласы үшін зор қауіп төндіреді.

«70 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы Екінші дүниежүзілік соғыстың ұшқынынан пайда болған еді. Енді міне 70 жыл өткеннен кейін мемлекеттер Парижде басқа сын-қатерге, Ғаламшардың жаһандық жылынуына байланысты өмірге төнген қауіпке қарсы бірігіп отыр», – деді БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун.

Париж келісімі әлемдік қоғамдастықтың 2009 жылғы нәтижесіз өткен Копенгаген конференциясынан кейінгі 6 жылға созылған жұмыстарының жемісі десек те болады. Өйткені, ол кезде әлемдік қоғамдастық ортақ ымыраға келе алмаған еді.

Киото хаттамасына қарағанда жаңа келісімде дамушы елдердің парникті газдардың шығарындыларын қысқарту ісіне белсене арасуы кезделеді. Аталған мақсаттарға орай құжатта мұндай елдерге 2020 жылдан бастап жыл сайын 10 млрд. ш.б. көлемінде қаржылай көмек бөлу қарастырылған.

Айта кетерлігі, қабылданған жаһандық құжатта 2020 жылдан бастап әлемдік іс-қимылдың негізгі ұстанымдары мен пішіні ғана бекітілген. Сондықтан да алдағы бірнеше жыл ішінде келісімнің орындалу ережелерін әзірлеу міндеті тұр.

Париж келісімі мемлекеттердің қол қоюы үшін 2016 жылдың 22 сәуірінен 2017 жылдың 22 сәуіріне дейін ашық болады. Құжат жаһандық парникті газдар шығарындылары жалпы көлемінің кемінде 55 пайызы тиесілі 55 ел ратификациялағаннан кейін күшіне енеді.

БҰҰ ҚК «ДАИШ-пен» күресті күшейтуге бағытталған қарар қабылдады

Бейсенбі күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі бірауыздан барлық мемлекеттерді лаңкестікпен, ең бірінші кезекте «ДАИШ-пен» күресті күшейтуге міндеттейтін қарар қабылдады.

Қарар аталған топқада бұған дейін «Әл-Каида» лаңкестік тобына бірнеше жыл бойы қолданылып келе жатқан санкциялар топтамасын қолдануға, сонымен қатар лаңкестердің мұнай мен мәдени құндылықтарды саудалауына тыйым салады.

Осы сәттен бастап барлық мемлекеттер «ДАИШ» пен «Әл-Каидаға» және олармен байланысы бар тұлғаларға, топтарға, кәсіпорындар мен ұйымдарға қатысты санциялық шараларды қолдануға міндетті.

«БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі мүше мемлекеттерге өздерінің аумақтарындағы азаматтары мен тұлғаларының «ДАИШ» пен «Әл-Каидаға» және олармен байланысы бар тұлғаларға, топтарға, кәсіпорындар мен ұйымдарға экономикалық көмек бермеуі шараларын қабылдауға міндетті екендігі туралы ескертті»,-  делінген қарарда.

Құжатта «ДАИШ-қа» немесе «Әл-Каидаға» қолдау көрсеткендердің барлығы да санкциялық тізімге кіргізілетіндігі, бұған қоса, лаңкестік актілерді жасағандар, ұйымдастырғандар немесе қолдағандар жауапкершілікке тартылуы тиістігі атап өтілген.

Кеңес отырысында сөз сөйлеген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун жаңа қарарды қолдайтындығын атап өтіп, бүгінде «ДАИШ» және басқа да лаңкестік топтардың жеккөрушілікті насихаттап отырғандығын әрі жантүршігерлік қылмыстарға баратындықтарын баса айтты.

«ДАИШ» лаңкестері мұнайды сату, бопсалау, құн төлетіп алу мақсатында адамдарды ұрлау, адам және қару-жарақ саудасы есебінен ақша тауып отыр», – деді ол.

Сонымен қатар Пан Ги Мун лаңкестердің мәдени құндылықтарды ұрлап, саудалайтындықтарын, адамзаттың ортақ құндылықтарын жою арқылы байып жатқандықтарын баса айтты.