Табиғи капитал теориясы мынаны болжайды, яғни табиғи жүйелер қызметінің жоғалуы негізгі өнеркәсіптік капиталдың өсімінен әрқашанда өтеліп отырады. Алайда, табиғи капиталды өндірістік капиталмен үздіксіз алмастыруға болмайды, олай болса, табиғи капиталды капиталдың басқа түрімен технологиялық алмастырудың әрқашанда шегі болады. «Табиғи ресурстар» түсінігі экономикалық теорияда аз зерттелген деп саналады. Соңғы уақытқа дейін жалпы экономикалық ғылымда, тіпті жаңа пайда болған «экологиялық экономика» теориясында да «табиғи ресурстардың» негізгі жүйе құраушы белгілері толық анықталмаған, сонымен қатар, табиғи құбылыстарды «ресурстар» және «ресурс еместер» деп бөлудің критерийлері, «табиғи құбылыстардың» (табиғи объектілердің) «экономикалық құбылыстарға» (экономикалық объектілерге) өту үдерісінің сипаты, осы үдерістердегі ғылыми зерттеулердің рөлі, жаңартылатын және жаңартылмайтын «табиғи құбылыстар» мен «табиғи ресурстар» және жаңартылатын және жаңартылмайтын «табиғи капитал» арасындағы айырмашылықтарды көрсетудің критерийлері толық анықталмаған. Осыған байланысты, өндірістік материалдық ресурстардың құнын анықтау үшін қолданылатын әдістемелер бойынша «табиғи ресурстардың» құнын анықтауға талпыныстар жасағанда үлкен қиыншылықтар туындайды.

 «Табиғи» капиталдың негізгі үш қызметін бөліп көрсетуге болады:

1. Ресурстық қызметі – тауарлар мен қызметтердің өндірісін табиғи ресурстармен қамтамасыз ету;

2. Экожүйелік/экологиялық қызметі – табиғаттың әртүрлі сипаттағы реттеушілік қызметін атқаруы: зиянды қалдықтарды ассимиляциялау, климатты және су жүйесін, озон қабатын реттеу және т.б.

3. Эстетикалық, этикалық, адамгершіліктік, мәдени, тарихи аспектілерімен байланысты табиғат қызметтері. Бұлар бір сөзбен айтқанда, «рухани» экологиялық қызметтер деп аталады.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта, әлемдік қауымдастық жоғарыда аталған дағдарыстардың, әсіресе, экономикалық, экологиялық және азық-түліктік дағдарыстарды еңсерумен байланысты аса өткір мәселелерді шешуге бел буа кірісті. Бұған дер кезінде мемлекет басшысы да өркениеттің бірігуі мен әріптестік танытуы жолымен жаһандық дағдарысты еңсерудің жаңа бағыттарын атап көрсеткен болатын. Оның бір тетігі ретінде Астана қаласының «Жасыл көпір» бастамасын атауға болады.

мақаланы жүктеу