1992 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында БҰҰ қоршаған орта мен даму туралы конференциясы өткізіліп, «тұрақты дамуға қол жеткізу үшін қоршаған ортаны қорғау оның ажырамас бөлігі ретінде қарастырылу керек» деген тұжырым мен 27 қағидаға негізделген Декларация қабылданды. Араға 20 жыл уақыт салып 2012 жылы әлем елдерінің өкілдері «Рио+20» саммитінде қайта бас қосып, «жасыл экономика», тұрақты даму мен кедейлікпен күрес мәселелерін көтерді. Риодағы саммиттен кейін Қазақстанда да «жасыл экономиканың» маңыздылығына баса назар аударылып, осы бағыттағы кешенді іс-шаралар қолға алына бастады. 2014 жылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев ғылыми қамтымды экономика құру, инновациялық салаларды дамытуды қолға алу, баламалы энергия көздерін дамыту, жаңашылдыққа негізделген шағын және орта кәсіпкерлікті өркендету сияқты бірнеше келелі мақсат-міндеттер қойды [1].

 «Жасыл экономиканы» дамытудың бірнеше бағыттары мен түсініктері қалыптасқан: бір жағынан бұл табиғатты жақсартатын экономиканың жаңа салалары деп қарастырылса, екінші жағынан бұл жаңа технологиялардың негізінде экологиялық таза өнімдерді құру арқылы дамудың жаңа кезеңіне ауысу деп есептеледі. Мамандардың пікірінше, аталған мәселелердің ішінде табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын арттыруға бағытталған энергетика саласын қайта құрылымдау мәселесі ерекше өзектілікке ие. Осыған орай, Қазақстанның энергетика саласының «жасыл экономика» қағидаларына сай жаңғыртылу маңыздылығы мен мәселелеріне тоқталып өтейік.

мақаланы жүктеу