Дереккөз: www.24.kz

«Экспо» көрмесі қарсаңында дәрігерлер ағылшын тілін үйреніп жатыр. Осы күні бағдарлама бойынша 280 ақ халатты маман оқуға кіріскен. Жаңа жылдан кейін олардың қатары арта түседі. Тіл үйрену курстары медициналық мекемелердің өз ішінде ұйымдастырылған. Ағылшын тілінің қыр-сырын меңгеруге тырысқан  дәрігерлер болса, бұл бастаманың берері мол деген пікірде. Нилифар Әбенова – кардиоревматолог. Клиникада ол жағыз болғандықтан, оны ешкім де алмастыра алмайды. Дәрігер күніне 20-ға жуық науқасты қарап үлгереді. Олардың қатарында тіпті шетел азаматтары да болады. Сондықтан да Нилифар ағылшын тілін үйренуді қолға алды. Нилифар Әбенова, «Апатты медицина теміржол госпиталы» АҚ кардиоревматологы: – Кешке қарай 2 сағаттай бос уақытымды ағылшын тілін үйренуге жұмсап жүрмін. Бұл бір әдетке айналды. Тіпті, кейде қызбаланып, қатты қызығып кететін кездерім де болады. Алғашында өзімді қинап, машықтайтынмын. Ал осы күні қарапайым әңгімеге ілесіп, тілдесе алатын жағдайға жеттім. Енді мінекей, медициналық терминдерді меңгеріп жатырмын. Терапевт, уролог, пульмонолог, хирург, нейрохирург мамандығының иегерлерінің барлығы да ағылшын тілін меңгеруге көшкен. Әзірге тіл үйрену курсын 20-ға жуық дәрігер өтіп жатыр. Басшылықтың айтуынша, жақын арада олардың қатарына тағы да 30 дәрігер 100 шақты медбикелер де қосылуы мүмкін. Татьяна Тучеева, «Апатты медицина теміржол госпиталы» АҚ бас дәрігерінің орынбасары: – 2017 жыл – «Экспо» жылы. Көптеген мемлекеттен қонақ келеді. Сондықтан да біздің клиникаға көмек сұрап келетіндер қатары көбеюі мүмкін ғой. Осыған дейін де «Экспода» қызмет ететін ағылшын тілінде сөйлейтін адамдар келіп жүр. Біздің дәрігерлер олармен еркін сөйлесіп, науқастардың қалай ауырғандарын сұрастыра алады. Ержан Еңсебаев, Астана қаласы тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі: – Шетелден келетін қонақтар көп болады. Шетелден келген қонақтардың жағдайын жасауымыз керек. Жүйелі әрі сапалы қызмет көрсетуіміз қажет. Олар түрлі орындарға – мәдени мекемелерге барулары мүмкін, сол сияқты денсаулығына байланысты дәрігердің көмегіне жүгінуі мүмкін. Сондықтан біз әдейілеп осындай әлеуметтік сала өкілдеріне ағылшын тілін оқытып жатырмыз. Ержан Еңсебаевтың айтуынша, осы күні бұл салаға ағылшын тілін меңгерген 500 адам керек екен. Әзірге олардың тек жартысы ғана тіл сындырып жүр. Алайда тіл орталығында өзге де саланың қызметкерлері тәлім теруде. Олардың арасында мәдениет саласының 100 шақты маманы бар. Сонымен қатар 42 спортшы, 200-ге жуық тәртіп сақшылары, жалпы алғанда 600 адам оқып жатыр. 2017 жылы тіл үйренетіндер қатары одан сайын көбейе түспек.