Дереккөз:  lenta.inform.kz

АСТАНА. ҚазАқпарат – ЭКСПО-2017 кешені аумағында ЕО – Орталық Азия қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі жөніндегі Жұмыс тобының 6-шы отырысы басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Табиғатты қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері талқыланатын бұл шара ЭКСПО-дағы Италия павильонының жетекшілігімен  ұйымдастырылған.

«Бұл жұмыстар Еуропа одағының қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі бойынша Еуропалық одақ – ОрталықАзия ынтымақтастық платформасы аясында өтіп жатыр. Бұл стратегияның басты ерекшелігі – 2007 жылы Еуропалық одақтың Орталық Азиямен ынтымақтастық орнату туралы шешім қабылдағаны және ұсынысты Орталық Азияның қуанышпен құптағаны. Солкездері-ақ қоршаған ортамен байланысты қауіпсіздік пен мәселелер ЕО мен ОрталықАзияның тығыз ынтымақтастығын қажет ететіні айқын еді. Бұл мәселелер климаттың өзгеруі ғана емес, көші-қон ағыны, ұйымдасқан қылмыспен күрес, қару мен есірткінің айналымымен күресті де қамтиды», – деді Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысы, Елші Траян Христеа.

«Әлі күнге дейін Еуропалық комиссия 200 миллионнан астам еуро көлемінде су ресурстары, экология және климаттың өзгеруі салаларындағы жобаларды қаржыландырып келеді. Серіктестеріміздің ұсынымдары негізінде алаптық басқару тәсілдерімен байланысты және ұлттық су саясаттары мен трансшекаралық су ынтымақтастығын дамыту бойынша саяси пакеттерді жүзеге асыру мен ұлтаралық диалог орнатуды жалғастыру туралы шешім қабылдадық. Еуропалық одақ Орталық Азия елдері арасындағы тиімділікпен нәтижелілікке бағытталған диалогтарды ілгерілетуді қалайды», – деп толықтырды өз сөзін Т.Христеа.

Отырыстың ашылу салтанатына қатысқан ҚР СІМ көпжақты ынтымақтастық департаментінің екінші хатшысы Әлия Байсабаева климаттың өзгеруімен күресте баламалы энергия көздерінің тиімді құрал екенін атап өтті.

«Баламалы энергия көздерін қолдану климаттың өзгеруімен күресуде тиімді құрал болып табылады. Егер энергия өндірісін бақылаудан шығарып алсақ, бұл біздің болашағымызға үлкен әсерін тигізеді. Қазақстан «Болашақтың энергиясы» ұранын таңдап алды және дәл осы ұранмен жаз бойы халықаралық көрме өтеді. Онда баламалы энергияны өндіру және қолдану саласындағы жаңа инновациялық жобаларды көрсетеміз. Әрине, баламалы энергия көздеріне толыққанды ауысу барлық салалар мен секторлардағы өзгерісті қажет етеді. Бұл жай ғана технологиялық өзгеріс емес, жаңа саясаттарды, тұжырымдамаларды және аталған мақсаттарды жүзеге асыруәдістерін дамытуды қажет етеді», – деді Әлия Байсабаева.

Сондай-ақ, ҚР СІМ өкілі Астанада ЭКСПО аумағында Халықаралық жасыл технологияларды дамыту орталығының құрылатынын еске салды.

«Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының 17-ші сессиясында Астанада Халықаралық жасыл технологияларды дамыту орталығын құруды ұсынған еді. ЭКСПО көрмесі аяқталған соң, көрме кешені аумағында жасыл технологиялар орталығы өз жұмысын бастайды. Жаңа жасыл технологияларды жасауда және таратуда бұл орталықтың халықаралық хабқа айналарына үміттіміз», – деді ол.

Айта кетейік, 10-11 шілде күндері Астанада Қоршаған ортаны қорғау және климат өзгеруі бойынша ЕО-Орталық Азия Жұмыс тобының 6-шы отырысы өтеді. Онда қатысушылар қоршаған орта саласындағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту, су ресурстарын басқару, инфрақұрылым және климаттың өзгеруі саласындағы жобаларды халықаралық қаржыландыру мәселелерін, сондай-ақ, Орталық Азия елдерінің әлеуетін арттырумен кадр дайындаудағы басты қажеттіліктерді талқылайды.

Отырысқа Еуропалық комиссия, ЕО мүше-елдерінің өкілдері, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан тиісті министрліктерінің өкілдері, халықаралық қаржы институттары, Орталық Азияның аймақтық ұйымдары, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ және азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысады.