Дереккөз:  lenta.inform.kz

АСТАНА. ҚазАқпарат – Saudi Arabian Oil Co. (Saudi Aramco) Сауд Арабиясының мемлекеттік мұнай өндіру компаниясы мұнай өндіру саласындағы инвестициясын 10 жылдың ішінде $300 млрд-қа жеткізуді көздеп отыр.

Бұл туралы Ыстанбұлдағы Әлемдік мұнай конгресінде компанияның бас директоры Амин Нассер мәлімдеді, деп хабарлайды Росбалт.

Оның айтуынша, мұнай саласы әлі ұзақ жылдар бойы энергетикадағы басты орынды иеленетін болады, себебі жанармайдың баламалы көздеріне өту ісі «ұзақ әрі қиын».

Сонымен қоса, Нассер Saudi Aramco-ның 10 жылдың ішінде табиғи газды өндіруді тәулігіне 23 млрд текше футқа (650 млн текше метр) дейін жеткізуді көздеп отырғандықтарын жариялады. Осының арқасында елдегі электр энергиясының 70%-і газдан өндірілетін болады. Бұл G20 елдерінің арасындағы ең жоғары көрсеткіш.

Жексенбі күні ашылған конгресте 5 мың астам адам, соның ішінде 50 министр мен әлемдік энергетикалық компаниялардың 500 басшысы: Shell, BP, ExxonMobil, Chevron, Total, Saudi Aramco, SOCAR қатысуда. Іс-шара 13 шілдеге дейін жалғасады.