Қазақстанда орта есеппен жылына 148 экстремалды табиғи құбылыстар орын алады. Аномалиялар саны 1990 жылдан бастап тұрақты өсуде, бұл экономикадағы шығындарға алып келеді және халықтың әлеуметтік көңіл-күйіне әсер етеді. Бұл туралы “Жаһандық экологиялық қор” БҰҰ Даму бағдарламасының  жобалау менеджері Сәулет Сәкенов Tengrinews.kz тілшісімен сұхбаттасу кезінде әңгімелеп берді.

Сәкеновтың айтуынша, табиғатта тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде де аномалияның жиілеуі — климаттың өзгеру белгілері. Бұл туралы ойланудың ғана емес, нақты іс-әрекеттер жасаудың уақыты келді.

 

Қазақстандық климатты зерттеу

“Қазақстан 60-шы жылдардың басынан бері температураның тұрақты өсуін басынан өткеріп келеді. Маусымдар орташалап алғанда жылына түсуде. Температура үнемі өсуде және өсу жылдамдығы жылына 0,028 градусты немесе әрбір 10 жыл сайын 0,28 градусты құрайды. Залалды есептеу және бағалау жүйесі реформалауды қажет етеді. Дәл осында және дәл қазір орын алған шығындарды ғана емес, сонымен қатар денсаулыққа зиян келтіруден, инфрақұрылымның бұзылуынан немесе зақымдануынан болатын экономикалық шығындарды да есепке алу қажет”, — деді Сәулет Сәкенов.

ҚР Энергетика министрлігі мен БҰҰДБ зерттеулерінің деректері бойынша, Қазақстан табиғатындағы экстремалды құбылыстардың ең көп саны 1999 жылы — қатты жауын-шашын жиі қайталанған, дауыл желімен боран соғып, бұршақ жауған 268 оқиға болды. Ең аз саны – 1995 жылы 72 оқиға. Сарапшы атап өткендей, климат әлі де болса өзгеруде және алдағы уақытта да өзгеретін болады, жыл сайын көріністер айтарлықтай байқалатын болады.

Зерттеуде Қазақстанның климат және ауа райы жағдайларына байланысты табиғи апаттарға едәуір дәрежеде ұшырайтыны көрсетіледі: ел оңтүстігінде өте ыстық және құрғақ шөлді аймақтан бастап, солтүстігінде қыста өте суық дала және орман аймақтарына дейін түрлі климаттық аймақтары бар үлкен аумақты алып жатыр.

“Климат құрғақ және қатаң болады. Ауа температурасының жоғары болуына байланысты судың булануы мен тұтынылуы артады. XXI ғасырда Қазақстанда барлық қарастырылып отырған сценарийлер кезінде климаттың одан әрі айтарлықтай жылынуын күту керек. 2030 жылға қарай орташа жылдық ауа температурасының болжамды өзгеруі 1,5−1,7 градус шамасында болады, ал 2085 жылға қарай температураның көтерілуі 2,7−4,7 градус болуы мүмкін”, — деп нақтылады Сәкенов.

Табиғаттағы өзгерістерден Қазақстанның шығысы мен Алматы облысы зардап шегеді

Табиғаттағы өзгерістерге байланысты көп жағдайда Қазақстанның шығыс және оңтүстік-шығыс аумақтары зардап шегуі мүмкін. Таулы жерлерде дүлей апаттардың барлық түрлері болуы мүмкін: көшкіндер, сел ағыны, қар көшкіні, су тасқыны, дауыл жел, бұршақ, нөсер жауын-шашын, аяз және құрғақшылық.

Сарапшы атап өткендей, Алматы облысы экстремалды құбылыстарға көбірек ұшырайды. Әрбір екінші оқиға осы аймаққа келеді: қатты жаңбыр, жел, қар мен боран. Мұнда 2003-2015 жылдар кезеңінде 1990-2002 жылдардың өткен кезеңімен салыстырғанда, қатты жаңбырлы жағдайлардың орташа жылдық саны 3,9 есе, қатты қармен — 3,3 есе, қатты желмен — 1,6 есе артты.

“Сел құбылыстарының іс жүзінде екі есе артуы, экстремалды метеорологиялық құбылыстардың күшеюі — қоршаған ортаға, инфрақұрылымға және халықтың денсаулығына зиян келтіреді, ал бұл тек тасымалдау, денсаулық сақтау, ТЖ алдын алу бойынша қызмет көрсететін мемлекетке түсетін қысым ғана емес, сондай-ақ туризм, ауыл шаруашылығы, су ресурстары сияқты климатқа бағытталған секторларда жұмыс істейтін бизнеске де түсетін қысым. Осы бағыттарда жұмыс жүргізетін компаниялар да климат құбылыстарына байланысты қиындықтарға тап болып, шығындарды көтереді, бұл да бағалау мен сараптауды қажет етеді,” – деп атап өтті маман.

Климаттық өзгерістер елдің барлық халқына әсер етті және әсер етеді де, мысалы, аграрлық сала зардап шегеді. Сарапшының айтуынша, қарқынды атмосфералық және топырақтық құрғақшылық болуы мүмкін, бұл дәнді дақылдардың шығымдылығына кері әсерін тигізетін болады. Өсімдік шаруашылығын жүргізуге арналған ылғалдану аймақтары жылжып, өз алаңын жоғалтатын болады.

Қазақстан егіннің жартысын жоғалтуы мүмкін

“Біз дәнді дақылдар өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығын жаңғырту үшін жедел күш салмасақ, кейбір өңірлерде астық өнімділігін 2050 жылға қарай 40 пайызға дейін төмендету мүмкіндігін болжап отырмыз. Бұл шаралар агротехнологияларды, механикаландыруды, ауыспалы егіс айналымы жүйесін, тыңайтқыштарды тиімді пайдалануды, селекциялық жұмыстарды және ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруды қамтуы тиіс”, — дейді Сәулет Сәкенов.

Климаттың өзгеруін тоқтату мүмкін емес

“Парниктік әсер ендігі одан әрі жылыну күмән туғызбайтын мәндерге жетті. Бірақ бұл парниктік газдар шығарындыларын қысқартудың қажеті жоқ дегенді білдірмейді. Атмосфераға шығарылатын шығарындыларды азайту климаттың өзгеруінің келесі ұрпаққа және жаһандық экономикаға болашақ әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді”, — дейді сарапшы.

Ғаламшардың сақталуы әр адамға байланысты

Шығарындыларды қысқартуды бірнеше түрге бөлуге болады: мемлекеттік деңгей, бизнес деңгейі және жеке деңгей — халық.

“Жеке деңгей дегеніміз, әрбір адамға күш салу керек дегенді білдіреді. Бұл энергия тұтынуы төмен тауарларды таңдау, мысалы, А++ энерготиімділігі бойынша таңбаланған, азлитражды немесе тиімді автомобильдер, энергия мен өнімдерді тұтынудың дұрыс мәдениеті, табиғи және жергілікті тауарларды басқа жаққа таңдау, пайда болған қоқыстың санын азайту, экологиялық үкіметтік емес ұйымдарға өздерінің салауатты қоршаған ортаға азаматтық құқығы аясында жұмыс істеу үшін біріктіру және тағы басқалар”, — дейді Сәулет Сәкенов.

Естеріңізге сала кетейік, қазір Энергетика министрлігі, халықаралық серіктестер, БҰҰ Даму Бағдарламасы климаттың өзгеруіне бейімделу жөніндегі ұлттық жоспарды әзірлеу бойынша жобамен жұмыс істеуде. Климат деректерінің ұлттық базасын құру, бейімдеу бойынша бірінші кезектегі жұмыстардың жүргізілуі қажет неғұрлым осал секторларды таңдау жоспарланып отыр.

Сәкенов атап өткендей, бір адамның немесе бизнестің тек бір бөлігінің ғана, немесе бір елдің іс-әрекеттері қажетті нәтижеге әкелмейді, барлық қоғамдастықтардың бірлескен іс-әрекеттері, барлық деңгейдегі тығыз өзара іс-қимыл және мақсаттарды нақты пайымдау қажет. Ол үшін әр түрлі мемлекеттер бірлескен күш-жігермен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясын және Киото хаттамасын іске асырады.

“Жақында жаңа халықаралық құжат — климаттың жаһандық өзгеруіне қарсы күрес бойынша елдердің халықаралық күш-жігерінің қисынды жалғасы болып табылатын Париж келісімі құрылды”, – деді сарапшы. Құжатқа сәйкес парниктік газдар шығарындыларын шектеуге, климаттың өзгеруіне бейімделуге, ынтымақтастықты нығайту үшін елдерді кооперациялауға деген жаңа тәсілдер әзірленетін болады. Келісім 2015 жылы оны ратификациялаған Қазақстаннан да жаңа шешімдерді талап етеді.