Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Н.Нығматулин, Қоршаған орта және су ресурстары министрі Н.Қаппаров, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов, Ақмола облысының әкімі С.Кулагин, сондай-ақ, Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Е.Нысанбаев қатысты. Кеңесте елорданың айналасында жасыл аймақ қалыптастыру жұмыстарының қазіргі ахуалы мен келешегі талқыланды. Бұдан соң Президент елорда маңындағы «Жасыл аймақ» РМК Қызылжар орман шаруашылығын аралап көрді.
Мемлекет басшысы Астанада 1997 жылдан 2013 жылға дейін отырғызылған ағаш көшеттерінің жалпы ауданы 70 мың гектарды құрағанын, олардың шамамен 15 мыңы қала аумағында, қалған 55 мыңы қала сыртында екенін атап өтті. «Астана – Щучье автожолының бойында 3,6 мың гектардан астам аумаққа ағаш егілді. Мен бір кездері алынып, әлі күнге дейін пайдаланылмай жатқан жерлердің барлығын ағаш егу үшін қайтарып алуға тапсырма бердім. Біздің міндетіміз – қаланың өзінде және оған жапсарлас аумақтарда жасыл желек қалыптастыру және оны сақтау. Ресурс болған жағдайда,Астананың айналасындағы жасыл аймақты Бурабай бағытындағы орманмен қосуға болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кеңесте Елбасыға «жасыл аймақ» тұжырымдамасын дамыту перспективалары туралы баяндалды. Атап айтсақ, оның бірінші кезеңі аясында, 2020 жылға дейін жасыл желек аумағын 100 мың гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Екінші кезеңде қазіргі ағаш көшеттері арасындағы бос жерлерге ағаш отырғызу арқылы Астананың жасыл аймағы одан әрі тығыздала түспек. Сонымен қатар, екпе орманның жалпы алаңын ұлғайту, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық аясында демалыс аймағын құру, сондай-ақ, Астана – Щучинск автожолы бойын, Вячеслав су қоймасы мен «Қарабидайық» қалдық су жинақтаушы көлінің айналасын көк желекпен көмкеру жұмыстарының барысы туралы баяндалды. Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Бұдан соң Н.Назарбаев Астананың жасыл белдеуін аралап көру мақсатымен «Жасыл аймақ» РМК Қызылжар орман шаруашылығына келді. «Жылдағы дәстүр бойынша Астана төңірегіндегі орманды көруге шықтым. 1998 жылы бас қаламыз Астана болып жарияланғаннан кейін қала төңірегінде орман егуге тапсырма берген едім. Кез келген іс алғашында сенімсіздікпен қабылданады. Сол секілді бұл жерге ештеңе өспейді деген әңгімелер айтылды. Бұл жер өсімдік атаулыға жарамсыз, тұзды дегендер де болды. Бірақ, біздің орманшылар мен ғалымдардың бірлесіп дұрыс әдіс табуының, тиісті көшеттерді іріктеуінің нәтижесінде жайқалған орман өсіп келе жатыр. Бұл көк өскіндер – қаланың «өкпесі». Осы жылдардың ішінде, қала іші мен төңірегінде көлемі 70 мың гектар болатын орман өсіп тұр. Ел арасында «Астана орманы» немесе «Президент орманы» аталып жүр. Қалай аталса да бір анығы, атасы отырғызған бақтың қызығын ұрпағы көреді», деді Елбасы.
01-12.jpg-30-06Еліміз үшін тамаша бастама жасап жатырмыз, деген Н.Назарбаев, егер де бүкіл Қазақстан бойынша әр ауыл, әр қала төңірегі, тіпті, жаңа көтерілген үйдің төңірегіне ағаш отырғызылатын болса, халықтың байлығы сол болмақ екенін атап көрсетті. Өйткені, орманы бар өңір әр уақытта бай өңір саналатыны анық. «Мына орманның ішінде алғаш отырғызылған ағаштардың биіктігі 15-20 метрге көтерілді. Ішінде неше түрлі аң-құс бар. Марал, елік, қоян, түлкі, тіпті, кейбір жойыла жаздаған аң түрлерінің басы көбейтілді. Бұлардан өзге, неше түрлі жидектер де өсуде. Бұл, біріншіден, халықтың демалатын жері болса, екіншіден, жазда ыстықтан сая, қыста желден қорғайтын, қаланың климатын өзгертетін үлкен мүмкіндік. Мұны да мемлекет құрумен, тәуелсіздігімізбен, Астана салумен бірге, мемлекетімізге керекті үлкен шаруа деп есептеймін. Орманшылар біраз тер төкті, оларға алғысымды айтамын. Алайда, жасалатын жұмыс та әлі көп. 2020 жылға дейін орман ауқымын 100 мың гектарға дейін жеткіземіз деп ойлаймын. Көкшетау бағытындағы орманға қосылып, таяу болашақта үлкен бір желі құрайтын болады», деді Елбасы.
…Астанадан журналистерді алып шыққан автобус қала шетіндегі орманды алқапқа апаратын қара жолға түсті. Бұл да біздің жылдағы дәстүріміз. Өйткені, Елбасымен бірге орманды алқапты аралап қайтамыз. Автобус дөңгелегінен аспанға көтерілген шаң көп тұрмастан ауаға сіңіп кетіп жатыр. Бірте-бірте биіктеп бара жатқан ағаштарға терезеден қызыға қарап біз отырмыз. Осылайша, орманды алқапты бір сағаттай аралаған біз «Қызылжар орман шаруашылығы» РМК-ға келіп кірдік. Алғашында орташа биіктікте қаз-қатар тізілген ағаштар жүре келе биіктеп, тығыздала түсті. Аз уақыт ішінде бой түзеген орман ағаштары көрген көзді қуантады. Тас төбедегі күн шекені қыздырса да, орманнан ескен самал жел мен ағаш көлеңкесі жаныңа сая береді. Сап-салқын.
Кәсіби орманшы болмаса ажырата алмайтын сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, боз жиде, терек секілді ағаштар жапа-тармағай өскен. Жалпы, Астана қаласы маңындағы жасыл белдеудің жалпы аумағы 14 827 гектарды құрайды. Оның 11 502,2 гектарына екпе ағаштар отырғызылған. Бұл аумақта 9,6 млн.ағаш пен бұта жайқалып тұр. 1998-2004 жылдар арасында негізінен жапырақ тұқымдас көшеттер отырғызылыпты. Олардың ішінде сары қарқат, ақ көріктал, шие, татар бөріжидегі, қау
жапырақты шегіршін және басқалар бар. 2014 жылы жасыл белдеу жобасының бірінші кезеңінде отырғызылған көшеттерге күтім жұмыстары жүргізілсе, жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру 2012 жылы басталған. Биылғы көктемде тамыр жүйесі жабық 398 434 дана сеппе көшет отырғызылған. Оның 57 мыңдайы қылқан жапырақты болса, қалғаны орман құраушы жапырақты ағаш тұқымдары болып саналатын емен, шегіршінді құрайды.
Егер жоба толығымен жүзеге асса, Астана тұрғындары мен қонақтарының демалысына жайлы жоғары сәндік көшеттер қалыптаспақ. Яғни, бұл орман жолақты жасыл белдеу Орталық Азияда баламасы жоқ жасанды орман алқабына айналуына мүмкіндігі бар. Жасанды орманның өсімдіктер дүниесін жандандыру хайуанаттар әлемін қоса дамытумен қатар жүрмек. Бұл жасыл белдеуде қояндар өсіріліп, шілдер тіршілік етуде. 2010-2011 жылдар аралығында 125 бас құс сатып алынған. Қырғауылдар тез көбейетіндіктен, үш жыл ішінде инкубация арқылы 2 333 құс өсіп шыққан. Еркіндікте жүрген бұл қырғауылдар үнемі назарда, қажет кезде қосымша тамақтар беріледі екен.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
Егемен Қазақстан, 01.07.
Leave a Reply