2014 жылғы 23–24 қазанда Астана қаласында Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі «Жасыл Академия» Ғылыми білім беру орталығымен және БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасымен әріптестікте ұйымдастырған, «Болашақ энергиясы: СО2 шығарындыларын азайту» тақырыбындағы Халықаралық форум шеңберінде «Жасыл көпір» Әріптестік бағдарламасы: келешегі мен құралдары» панельдік сессиясы болып өтті.
Форумның ашылуында сөз сөйлегендер: Қазақстан Республикасы Энергетика министрі В. Школьник, МБВ мемлекеттік хатшысы В. Лоссерталес, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер вице-министрі, «EXPO-2017» ұлттық комиссары Р. Жошыбаев, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы Т. Ермегияев, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Жасыл» экономика және G-Global дамуы үшін коалиция» Қоғамдық қозғалысы президиумының төрайымы А. Соловьева, Жасыл Өсім Ғаламдық институтының бас директоры (GGGI) Иво де Бор мырза. Олар өз сөздерінде «жасыл» экономиканы дамытуда «Жасыл көпір» Әріптестік бағдарламасын ілгерілетудің маңыздылығын, климаттың өзгеру салдарын азайту және СО2 шығарындыларын азайту жолдарын бірлесіп іздестіру, балама энергия көздерін дамыту мен экономиканың әртүрлі салаларына «жасыл» инновациялар мен технологияларды енгізуде ЭКСПО-2017 рөлін атап өтті.
Форум жұмысына ҚР Парламенті депутаттары, Еуропа мен Азия елдерінің делегациялары, ҚР-да тіркелген дипломатиялық миссиялар, халықаралық ұйымдар, мемлекеттік органдар, ғылыми орта, бизнес құрылымдар мен ҮЕҰ өкілдері, барлығы 350-ден астам адам қатысты.
«Жасыл көпір» Әріптестік бағдарламасы (ЖКӘБ) – Мемлекет Басшысы Н. Назарбаевтың ғаламдық бастамасы. Ол халықаралық әріптестік пен жаңартылатын энергияға қол жеткізу, климаттық қатерлерге төзімділік, су ресурстарын басқару, азық-түлік қауіпсіздігі, орнықты қалалық жүйелер сияқты секторлардағы инновациялар мен технологиялар, «жасыл» білім трансферті тетіктерін құруға бағытталған. ЖКӘБ жүзеге асыру мен одан әрі ілгерілету жұмыстарын ҚР Энергетика министрлігі үйлестіреді.
Пленарлық сессия шеңберінде Болгария Республикасы ЖКӘБ Хартиясына қол қойды. Болгария атынан «жасыл көпір» Әріптестік бағдарламасын қолдауға дайын екенін Болгария Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі И. Генов мырза білдірді. Осылайша, Болгария Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь Республикасы, Моңғолия, Грузия, Германия, Черногория, Латвия, Финляндия, Венгрия және Албаниямен қатар Әріптестік бағдарламасының 13-ші қатысушысы болды.
Панельдік сессияда, сондай-ақ сараптамалық мәжілістерде ЖКӘБ Құрылтай шарты мен «Жасыл Көпір» институтының жобалары жан-жақты талқыланды. Оларды талқылауға халықаралық ұйымдардың өкілдері, Хартияға қол қойған елдердің министрліктері мен ведомстволарының басшылары мен өкілдері, ғалымдар, бизнес құрылымдар мен ҮЕҰ өкілдері қатысты. Талқылау қорытындысында ЖКӘБ құжаттарын одан әрі жетілдіру жөнінде жұмыс тобын құру ұсынылды және осы маңызды бастаманы іске асыру бойынша ұсынымдар қабылданды. Бұл туралы ақпарат www.gbpp.org. сайтында орналастырылған.
Панельдік сессия қатысушылары «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасының «жасыл» экономиканы ілгерілетудің нақты тетігі болып, Қазақстанның Еуразия өңірінде орнықты экономикалық өсуді ілгерілетудегі көшбасшылығын қамтамасыз етуі тиіс екенін атап өтті.
Leave a Reply