inform.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы 15 жылда Қазақстандағы автопарктің 80 пайызы жаңа болады. Бұл туралы бүгін «GreenBuild Eurasia 2015: жасыл қалалар жолында» халықаралық конференцияда ҚР Энергетика министрлігі «Жасыл экономика» департаментінің директоры Бекберген Керей мәлім етті.
«Алдағы 20 жылда Қазақстанда елеулі түрде жаңарулар мен инфрақұрылымды дамыту орын алады. Ғимараттардың 55 пайызы мен электр стансаларының 40 пайызы 2030 жылға қарай жаңадан салынады. Сонымен қатар автокөлік паркінің 80 пайызы 2030 жылға қарай жаңа болады. Еліміз үшін жаңа инфрақұрылымды құрудың бірегей мүмкіндігі жасалуда», - деді ол.
Мұнымен қоса Б.Керей Қазақстанда «жасыл технолгиялар» мен экологияны жақсарту бойынша үлкен мақсаттар алға қойылғанын атап өтті.
«Ірі қалалардағы ауаның жағдайына мән берген жөн. Мен автопарктің 80 пайызы жаңаратынын айттым және көліктерді жаңартуға ерекше назар аудару қажет. Біз отынның сапасына тоқталатын болсақ, бұл бағытта Қазақстан қалыс келе жатыр. Еуропалық сапа стандарттарына теңескіміз келеді. Бұның барлығы қажеттілік», - деді ол.
Бұдан бөлек, жылу электр стансаларының шығарындыларын тазарту жүйесін ензу жоспарланып отыр.
Leave a Reply