Дереккөз: 24.kz
Енді тағы бір маңызды жұмыс легі басталады. «Ол – ішкі мазмұн», - деді «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының төрағасы Ахметжан Есімов. EXPO көрмесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері алдында баяндама жасаған Ахметжан Есімов 170 күннен кейін ашылатын кешенді шараға қатысушы елдер саны 112-ге жеткенін айтты. Соның 108-і өз комиссарларын тағайындап үлгерген. 75 мемлекет ұлттық күндерін өткізудің кестесін бекітіпті. 18 халықаралық ұйым қатысатынын мәлімдеген. Бүкіл әлем көрме тақырыбын ұнатып отырғаны анық. Себебі дүниежүзі болашақтың энергиясын іздеп жүр. Ахметжан Есімов бірыңғай қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп жатқанын және Франция, Түркия, Қытай, Ресей, Сингапур секілді барлығы сегіз мемлекет өз павильондарын сайлап қойғанын айтты. Ахметжан Есімов, «Астана EXPO 2017» АҚ басқармасының төрағасы: - EXPO күтпеген жерден дағдарысқа қарсы бағдарламаға айналды. 48,9 млрд теңгеге 322 отандық тауар өндірушінің өнімі сатып алынды. 50 мың адамның жұмыс істеуіне мүмкіндік туды. Құрылысшылар саны он төрт мыңға жеткен кезін білеміз. Көлемі 1 млн шаршы метрді құрайтын ғимараттар тұрғызылды. Барлығы 4400 пәтер салынады.
Leave a Reply