Дереккөз: www.astana-akshamy.kz
Елбасы сөзімен айтқанда, «2050 – жай ғана бейнелі дата емес». Межелі жылға дейін қыруар шаруа, толайым іс, бағдарлы тірлік баянын табуы тиіс. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы дәстүрлі Жолдауындағы жолдар осыған саяды. Ә дегеннен, жоспарлы жұмыстар бас-талып кетті. Бас құжаттағы міндеттер мен тапсырмалардың атқарылуына күллі қазақстандық мүдделі һәм жауапты. Сондықтан, әрқайсымыз болашаққа басатын әр қадам алдында ойы-мызды байыппен білдіріп, ұсынысымызды ортаға салған артықтық етпес.
«Қазақстан – 2050» Стратегиясына үңілсек, Мемлекет басшысы жиырма бірінші ғасырдың жаһандық он сын-қатерін тізбелеп береді. Онда жер бетін алаңдатқан келелі он проблема сөз болады. Оны да өркениетке бет алған кез келген мемлекеттің күн тәртібіндегі бірінші мәселе екені даусыз. Соның бесіншісі – жаһандық энергетикалық қауіпсіздік. Енді Елбасының өз сөзіне жүгінсек: «Барлық дамыған елдер баламалы және «жасыл» энергетикалық технологияларға инвестицияны ұлғайтуда. 2050 жылға қарай алғанның өзінде оларды қолдану барлық тұтынылатын энергияның 50 пайызына дейін өндіруге мүмкіндік береді.
Көмірсутегі экономикасының дәуірі бірте-бірте аяқталып келе жатқаны анық. Адамзаттың өмір тіршілігі тек бір ғана мұнай мен газға емес, энергияның жаңғыртылатын көздеріне негізделетін жаңа дәуір келе жатыр.
Қазақстан жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің басты элементтерінің бірі болып саналады.
Мұнай мен газдың әлемдік деңгейдегі аса ірі қорларын иеленетін біздің еліміз өзінің энергетикалық саладағы сенімді стратегиялық әріптестік пен өзара пайдалы халықаралық ынтымақтастық саясатынан бір қадам да кейін шегінбейтін болады».
Президент көрегендігін тағы бір байқатты. Бірер жылдарда-ақ алдымыздан шығатын, жер беті тұрғындарының алдынан шығатын үлкен мәселенің шешімін табуды ойлады. Жаһандық энергетикалық қауіпсіздікке бар адамзаттың назарын аудармақ.
Уақыт жаңарған сайын ескіретін дүниелер бар. Алып даламыздағы, байтақ жеріміздің астындағы мұнай мен газ да бір уақыттарда сарқылады, ада болады. Одан кейінгі энергия көзі не болмақ? Баламалы және «жасыл» энергетикалық технологиялар дәуірі. Күннен, судан, желден қуат алатын жаңа ғасырдың технологиясы. Адамзат энергияға тәуелді.
Әр азаматтың туған еліне пайдасы тигені секілді, әр ел әлем халқы үшін бір игілікті істің басын қайырса, абыройының артқаны. Зерделей қарасақ, абыройдың ғана артқанын емес, ахуалымыздың да жақсара түсетінін айқын бағамдаймыз. Өйткені, жаңа дәуірге орай жаңаша бастамалар легін 2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесінен көретін боламыз. «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы шара Елбасы жиырма бірінші ғасырдың тап бесінші сын-қатері деп таныған жаһандық энергетикалық қауіпсіздіктің алдын алады. Бұл жөнінде Президент: «Елдің дамудың «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған «ЭКСПО-2017» қуатты серпіліс беруі тиіс. Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылатын болады. Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «болашақтың энергиясын» өз көзімен көре алады» дейді. Ал, меніңше, тек қазақстандықтар емес, күллі әлем халқы көре алады.
Басқа елде, басқа жерде емес, Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі адамзат тәуелділігін өтейтін технологияларды ұсынады. Яғни, баламалы және «жасыл» энергетиканы өндіретін құрылғыларды әлем жұртшылығы алдымен біздің бас қаладан тамашалайды. Астанадағы «болашақтың энергиясы» барша жер бетін Қазақстанға мойын бұрғызады.
«ЭКСПО» мен «жасыл» энергетика ел дамуын еселей түссе, әлем халқының сұрауын қанағаттандырары күмәнсіз. Өйткені, беделді шараға дайындық барысы осыны айғақтаса, «сен тұр, мен атайын» дейтін ғалымдардың жетістіктерінің жемісі көпті таңдай қақтырмай қоймайды.
Leave a Reply