Дереккөз: lenta.inform.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Saudi Arabian Oil Co. (Saudi Aramco) Сауд Арабиясының мемлекеттік мұнай өндіру компаниясы мұнай өндіру саласындағы инвестициясын 10 жылдың ішінде $300 млрд-қа жеткізуді көздеп отыр.
Бұл туралы Ыстанбұлдағы Әлемдік мұнай конгресінде компанияның бас директоры Амин Нассер мәлімдеді, деп хабарлайды Росбалт.
Оның айтуынша, мұнай саласы әлі ұзақ жылдар бойы энергетикадағы басты орынды иеленетін болады, себебі жанармайдың баламалы көздеріне өту ісі «ұзақ әрі қиын».
Сонымен қоса, Нассер Saudi Aramco-ның 10 жылдың ішінде табиғи газды өндіруді тәулігіне 23 млрд текше футқа (650 млн текше метр) дейін жеткізуді көздеп отырғандықтарын жариялады. Осының арқасында елдегі электр энергиясының 70%-і газдан өндірілетін болады. Бұл G20 елдерінің арасындағы ең жоғары көрсеткіш.
Жексенбі күні ашылған конгресте 5 мың астам адам, соның ішінде 50 министр мен әлемдік энергетикалық компаниялардың 500 басшысы: Shell, BP, ExxonMobil, Chevron, Total, Saudi Aramco, SOCAR қатысуда. Іс-шара 13 шілдеге дейін жалғасады.
Дереккөз: lenta.inform.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - ЭКСПО-2017 кешені аумағында ЕО - Орталық Азия қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі жөніндегі Жұмыс тобының 6-шы отырысы басталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Табиғатты қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделу мәселелері талқыланатын бұл шара ЭКСПО-дағы Италия павильонының жетекшілігімен ұйымдастырылған.
«Бұл жұмыстар Еуропа одағының қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі бойынша Еуропалық одақ - ОрталықАзия ынтымақтастық платформасы аясында өтіп жатыр. Бұл стратегияның басты ерекшелігі - 2007 жылы Еуропалық одақтың Орталық Азиямен ынтымақтастық орнату туралы шешім қабылдағаны және ұсынысты Орталық Азияның қуанышпен құптағаны. Солкездері-ақ қоршаған ортамен байланысты қауіпсіздік пен мәселелер ЕО мен ОрталықАзияның тығыз ынтымақтастығын қажет ететіні айқын еді. Бұл мәселелер климаттың өзгеруі ғана емес, көші-қон ағыны, ұйымдасқан қылмыспен күрес, қару мен есірткінің айналымымен күресті де қамтиды», - деді Қазақстандағы Еуропалық Одақ өкілдігінің басшысы, Елші Траян Христеа.
«Әлі күнге дейін Еуропалық комиссия 200 миллионнан астам еуро көлемінде су ресурстары, экология және климаттың өзгеруі салаларындағы жобаларды қаржыландырып келеді. Серіктестеріміздің ұсынымдары негізінде алаптық басқару тәсілдерімен байланысты және ұлттық су саясаттары мен трансшекаралық су ынтымақтастығын дамыту бойынша саяси пакеттерді жүзеге асыру мен ұлтаралық диалог орнатуды жалғастыру туралы шешім қабылдадық. Еуропалық одақ Орталық Азия елдері арасындағы тиімділікпен нәтижелілікке бағытталған диалогтарды ілгерілетуді қалайды», - деп толықтырды өз сөзін Т.Христеа.
Отырыстың ашылу салтанатына қатысқан ҚР СІМ көпжақты ынтымақтастық департаментінің екінші хатшысы Әлия Байсабаева климаттың өзгеруімен күресте баламалы энергия көздерінің тиімді құрал екенін атап өтті.
«Баламалы энергия көздерін қолдану климаттың өзгеруімен күресуде тиімді құрал болып табылады. Егер энергия өндірісін бақылаудан шығарып алсақ, бұл біздің болашағымызға үлкен әсерін тигізеді. Қазақстан «Болашақтың энергиясы» ұранын таңдап алды және дәл осы ұранмен жаз бойы халықаралық көрме өтеді. Онда баламалы энергияны өндіру және қолдану саласындағы жаңа инновациялық жобаларды көрсетеміз. Әрине, баламалы энергия көздеріне толыққанды ауысу барлық салалар мен секторлардағы өзгерісті қажет етеді. Бұл жай ғана технологиялық өзгеріс емес, жаңа саясаттарды, тұжырымдамаларды және аталған мақсаттарды жүзеге асыруәдістерін дамытуды қажет етеді», - деді Әлия Байсабаева.
Сондай-ақ, ҚР СІМ өкілі Астанада ЭКСПО аумағында Халықаралық жасыл технологияларды дамыту орталығының құрылатынын еске салды.
«Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының 17-ші сессиясында Астанада Халықаралық жасыл технологияларды дамыту орталығын құруды ұсынған еді. ЭКСПО көрмесі аяқталған соң, көрме кешені аумағында жасыл технологиялар орталығы өз жұмысын бастайды. Жаңа жасыл технологияларды жасауда және таратуда бұл орталықтың халықаралық хабқа айналарына үміттіміз», - деді ол.
Айта кетейік, 10-11 шілде күндері Астанада Қоршаған ортаны қорғау және климат өзгеруі бойынша ЕО-Орталық Азия Жұмыс тобының 6-шы отырысы өтеді. Онда қатысушылар қоршаған орта саласындағы аймақтық ынтымақтастықты нығайту, су ресурстарын басқару, инфрақұрылым және климаттың өзгеруі саласындағы жобаларды халықаралық қаржыландыру мәселелерін, сондай-ақ, Орталық Азия елдерінің әлеуетін арттырумен кадр дайындаудағы басты қажеттіліктерді талқылайды.
Отырысқа Еуропалық комиссия, ЕО мүше-елдерінің өкілдері, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан тиісті министрліктерінің өкілдері, халықаралық қаржы институттары, Орталық Азияның аймақтық ұйымдары, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ және азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысады.
Дереккөз: lenta.inform.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Лондон және Нью-Йорк биржаларында электрондық сауда-саттық барысында мұнайдың әлемдік баға өскені байқалады, деп хабарлады Gazeta.ru.
Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) WTI маркалы жеңіл мұнайға тамыздық фьючерстер 0,33%-ке, барреліне $46,19 дейін өсті. Лондондық ICE Futures биржасында қыркүйектегі жеткізумен Brent маркалы мұнай фьючерстері 0,16%-ке, барреліне $48,85 дейін ұлғайды.
Дереккөз: lenta.inform.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті орман алқабының аумағын тікұшақпен аралап көріп, «Балқарағай» демалыс аймағында орналасқан этноауылда болды, сондай-ақ «жасыл аймақты» дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен оны одан әрі көгалдандыру жоспарлары туралы хабардар болды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Кеңесте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е.Нысанбаев есеп берді. Вице-министрдің мәліметіне сәйкес, бүгінде 1997 жылдан бастап отырғызылған орман алқабының көлемі 80 мыңға жуық гектарға жетті.
Е.Нысанбаев отырғызылған көшеттердің жағдайына ұдайы мониторинг жасап, республикамыздың кәсіби ұйымдарының қатысуымен ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу Астана қаласы маңында «жасыл желекті» қалыптастыруды қамтамасыз ететін негізгі шара болып саналатынын айтты.
Кеңеске Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев, Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин, Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов та қатысты.
Жасыл аймақты қалыптастыру туризм мен рекреацияны дамытуға септігін тигізеді. Бүгінде 10 орман пайдаланушыға «Жасыл Аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының мемлекеттік орман қоры аумағынан мәдени-сауықтыру және рекреациялық мақсатпен орманды ұзақмерзімді пайдалануға учаскілер берілген.
Сондай-ақ, Астана қаласының шетінде елорда тұрғындары мен қонақтарының демалуы үшін Қосшы мен Ильинка кенттері арасында велосипед жолы салынды. Бұл жаңа технологиялық стандарттарға сай салынған және ұзындығы 23 шақырымды құрайтын әрі орманды жерде орналасқан ел аумағындағы бірден-бір велосипед жолы саналады. Қала әкімшілігі Астана айналасындағы велосипед жолы желісін 258 шақырымға дейін ұзартуды жоспарлап отыр.
Дереккөз: lenta.inform.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат - Санто-Домингода Доминикан Республикасының Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуы туралы шартқа қол қоюының ресми рәсімі өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Шартқа қол қоюға Қазақстан тарапынан еліміздің Канада мен Доминикан Республикасындағы елшісі Константин Жигалов, Доминикан тарапынан - сыртқы істер министрі Мигель Варгас пен ұлттық секция комиссары Ханс Данненберг (Доминикан Республикасының Үндістан мен Қазақстандағы елшісі) қатысты.
К.Жигалов жиналғандарды Астанадағы ЭКСПО-2017-ге дайындықтың ауқымды жұмыстары туралы ақпараттандырып, Доминикан басшылығының көрмеге қатысуы - Қазақстан-Доминикан қарым-қатынасының ширақ дамуын көрсететінін айтып өтті. Қазақстан елшісі М. Варгасқа өзінің Қазақстанға алғашқы сапарын көрмеге қатысуға келумен байланыстыруын ұсынды.
М. Варгас Доминикан Республикасының Қазақстанды өңірдегі басты серіктес ретінде қарастыратынын және энергетика саласындағы, соның ішінде жаңғыртылатын энергия саласындағы ынтымақтастық екі елдің келешегі зор, өзара тиімді әріптестігінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Доминикан Республикасының Астанадағы ЭКСПО-2017-ге қатысуы тек «жасыл энергетика» өндірісіндегі тәжірибе алмасуға ғана ықпал етпей, сонымен қатар, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына да қосымша септігін тигізеді.
Дереккөз: 24.kz
Бүгін Оқушылар сарайында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың атынан дәстүрлі жаңажылдық шырша мерекесі өтті. Мерекелік шараға қалалық мәслихат хатшысы Нұрлан Бекназаров және депутаттар қатысты. Жаңажылдық шыршаға жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар шақырылды. Бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақша қызбен бірге мереке шаттығына бөленіп, көңілді концерттік бағдарламаларды тамашалады. Мерекелік шарада қала әкімі балаларды келе жатқан Жаңа жыл мекерекесімен құттықтап, Шымкенттен 3500 бала Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне баратындығын жеткізді. Іс-шара соңында қала әкімінің атынан балаларға түрлі сыйлықтар табысталды.
Дереккөз: 24.kz
Бейжіңде «ЭКСПО-2017» көрмесінің ресми туроператоры қытайлық әріптестеріне Қазақстанның туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Келер жыл «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы» деп жарияланғаны белгілі. Алайда қазақ елі ғана емес, Дания, Австралия, Швеция сияқты мемлекеттер де алдағы жылды қытайлық туристерге арнап отыр. Қазақстан іргедегі көршісінен қанша турист тартуға қауқарлы? ШЫҰ Бас штаб-пәтерінде Қазақстанның көркем жерлері, соның ішінде Астана халықаралық көрмесінің мүмкіндіктері таныстырылды. «ЭКСПО» ресми туроператорын басқаратын Әсем Қозбағарова қытайлық екі бірдей үлкен туристік агенттікпен өзара әріптестік жөнінде келісімге қол қойды. Оның айтуынша, тек биыл Sky Way компаниясы арқылы 200-ге жуық қытай саяхаттап келген. 2017 жылы Қазақстанның көрікті жерлерін тамашалауға одан да көп турист келеді деп үміттенеді. Әсем Қозбағарова, Sky Way компаниясының бас директоры: - Меніңше, таныстырылым өте сәтті болды. Қытайлық туроператорлар тарабынан Қазақстанға барып келу мәселесіне байланысты сұрақтар көтерілді. Бұл бағытта қазір Үкімет жағынан да белсенді түрде жұмыстар атқаралып жатыр. Келер жылы біз қытай туристерін қарсы алуға көбірек дайын боламыз. Алайда қытайлық туристік агенттіктер әлі де болса, Қазақстан жарнамасының жеткіліксіз екенін айтады. Негізінен қазақ жерімен танысуға іргедегі Шыңжаннан саяхаттаушылар барады. Ал Бейжің, Шанхай, Гуанчжоу сияқты үлкен қалалардан баратын туристер жоқтың қасы. Юй Жя, қытайлық туристік компания басшысы: - Астанада өтетін «ЭКСПО» көрмесі туралы таныстыру жұмыстары әлі де болса, жеткіліксіз деп ойлаймын. Бізге туристер үшін қандай жағдай жасалатыны қызығырақ. Қытайлық саяхаттаушылар Қазақстанға барғанда не көремін деген сұрақ қояды. Ал ол сұраққа жауап беретін, осы бағытта жұмыс істеп жатқан туристік компаниялар тым аз. Биыл туристік топтарға виза беру келісіміне қол қойылғалы Қазақстанға шығыстағы көршімізден 600-дей саяхаттаушы барған. Астана халықаралық көрмесіне Қытайдан қанша турист баратыны «ЭКСПО» көрмесіне 2-3 ай қалғанда белгілі болады. Оған дейін саяхаттаушыларды қызықтыра білуіміз керек. Өйткені туризм – толағай табыс көзі. Сұлтан Қинжақұлов, ҚР ҚХР Елшілігінің кеңесшісі: - Қытайлық туристер өткен жылы шетелге шығып, 165 млрд доллар жұмсаған. Сол үшін де біз қытайлық туристерді Қазақстанның нарығына тартуға қызығушылық білдіріп жатырмыз. Сол бағытта жұмыс жүріп жатыр. Қазақстан қытай туристері үшін 2017 жылы Дания, Австралия, Швеция сияқты мемлекеттермен таласқа түседі. Өйткені бұл елдер де келер жылды Қытайдың туризм жылына деп арнап отыр.
Дереккөз: lenta.inform.kz
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Жамбыл облысында Қазақстан Респубикасы Президентінің атынан жаңа жылдық шырша өтті, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап «ҚазАқпарат» ХАА.
Оған аз қамтылған, көп балалы, толық емес отбасылардан 200 бала және балалар үйінде тәрбиеленіп жатқандар мен мектеп-интернаттардағы балалар қатысты.
Тараз қаласы «Қоғамдық келісім» кешенінде үздік балалар ұжымының қатысуымен жаңа жылдық театрландырылған қойылым көрсетілді. Олар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдады. Әр балаға Мемлекет басшысының атынан құттықтау хат пен сыйлық табыс етілді.
Аяз Ата, Ақшақармен бірге балалар жаңа жылдық шыршаны жақты. Шыршаны дәстүрлі ән айтып айналып, олар ертегі кейіпкерлерімен ЭКСПО 2017 көрмесін аралады. Шараға 9-13 жас аралығындағы 13 ұлттың балалары қатысты
Балаларды өңір әкімі Кәрім Көкірекбаев құттықтады. Президенттік шыршаға қатысушыларға тарихи -өлкетану мұражайына, «Ежелгі тараз» кешеніне, «Тараз-Арена» спорт сарайына экскурссия ұйымдастырылды. Балалар драма театрда өткен жаңа жылдық театрландырылған қойылымды тамашалады.