Кері байланыс
- 100% +
Қәріп өлшемі

G-Global тұғырнамасында жылсайын жасыл бастамаларды ілгерілету байқауын өткізу қажет - С.Нөгербеков

inform.kz

АСТАНА. ҚазАқпарат - G-Global тұғырнамасында жылсайын жасыл бастамаларды ілгерілету байқауын өткізу қажет. Бұл туралы бүгін «Жасыл көпір: Алдыңғы қатарлы практив және инновациялар үшін серіктестік тұрғынамасы» атты халықаралық конференция барысында G-Global халықаралық хатшылығының басшысы Серік Нөгербеков айтты.

«G-Global халықаралық хатшылығы «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасын, «ЭКСПО-2017»-ні, БҰҰ-ның «Барлығы үшін тұрақты энергетика» бастамасын ілгерілету аясында біздің тұғырнамада жасыл бастамаларды, жасыл жобаларды, сонымен қатар институттық, ақпараттық және білім беру бағдарламаларын ілгерілету үшін жылсайынғы байқау өткізуді ұсынады», - деді ол.

Сонымен қатар, ол «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық аясында G-Global халықаралық хатшылығы өзінің серіктестерімен бірлесіп, «ЭКСПО-2017» республикалық онлайн конференциясын өткізгенін атап өтті.

«Байқау жарияланғанға дейін орыс және ағылшын тілдерінде 600-ден астам жоба келіп түсті. Біздің сарапшыларымыз олардың ішінен үздік 50 жобаны іріктеп алды. Ал оның 5-еуі қазіргі уақытта коммерциализациялану кезеңінде», - деді С.Нөгербеков.

Жасыл экономика. Қоқыстан қалай құтыламыз?

24.kz

Бүгінде Қазақстан полигондарында 100 млн тоннадан астам қоқыс жиналған.

Бұған мегаполистердегі халық санының артуы мен қаптамасы бар тауарлар түрінің көбеюі әсер етіп отыр. Бұдан шығудың басты жолы – қоқыстарды қайта өңдеу. Мамандардың сөзіне сенсек полигонға тасталатын қоқыс мөлшері қалдықтарды қайта өңдеу секторының дамуы есебінен азаюы тиіс. Елімізде бұл бағытта қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

«ЭКСПО-2017» барысында БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен G-Global аясында 3 форум өткізуге болады - С.Нөгербек

inform.kz

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі барысында БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен G-Global аясында 3 форум өткізуге болады.

Мұндай ұсынысты бүгін «Жасыл көпір: Алдыңғы қатарлы практив және инновациялар үшін серіктестік тұрғынамасы» атты халықаралық конференция барысында G-Global халықаралық хатшылығының басшысы Серік Нөгербеков жасады.

«Біз «ЭКСПО-2017» аясында үш халықаралық форум өткізу бастамасын көтеріп отырмыз. Олардың күн тәртібі - СО2 шығарындыларын төмендету, энергия тиімділігін арттыру және барлық үшін қолжетімді энергия», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, бұл халықаралық шараларды БҰҰ мен Дүниежүзілік банктің қолдауымен өткізу қажет.

«Бүгінгі күні G-Global халықаралық хатшылығы, жасыл экономика коалициясы және G-Global барлығы үшін тұрақты даму бастамаларын ілгерілетуге жауапты болып табылатын Юнкелль мырзаның кеңсесімен келіссөздер жүргізуде», - деді С.Нөгербеков.

Сонымен қатар ол ЭКСПО-2017 алаңында барлығы үшін тұрақты энергия бастамасының жүзеге асырылуының 3 жылдық қорытындысына арналған конференция өткіге болатындығын да алға тартты. «Бұл алаңда аталған бағытта ерекшеленген 10 мемлекет пен 10 ірі компанияны марапаттауға да болар еді», - деп қосты ол.

Қазақстан Парижде климат мәселесі бойынша БҰҰ конференциясына қатысады

inform.kz

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан тарапы Парижде климаттық өзгерістерге арналған БҰҰ конференциясана қатысады. Бұл туралы бүгін «Жасыл көпір - озық жобалар мен инновациялар үшін серіктестік платформасы» атты xалықаралық конференцияда Қазақстандағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Франсис Этьен мәлім етті.

«Біз сіздерді осы конференцияның ашылуына жоғары саяси деңгейде қатысуға шақырамыз. Жақында Парижде Қазақстан тарапынан Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қатысатындығын естідік және біз осы бағыттағы жұмыстар үшін Қазақстанға алғыс айтамыз», - деді елші.

Айта кетейік, климаттық өзгерістерге арналған COP21 конференциясы Францияда биылғы 30 қарашадан 11 желтоқсан аралығында өтеді деп күтілуде. Бұл - климаттық өзгерістер бойынша БҰҰ Конвенциясы аясында өткізіліп отырған 21-ші конференция.

Халықаралық саммит Ле Бурже атты Париждің көрме көшенінде ұйымдастырылмақ.

«Жасыл ел» жасақтары еңбек маусымын аяқтады

24.kz

Астанада «Жасыл ел» жасақтарының еңбек маусымының жабылу салтанаты өтті.

Бейбітшілік және келісім сарайында биыл атқарылған жұмыс барысы қорытындыланып, арнайы мерекелік концерт болды. Елбасы бастамасымен 10 жыл бұрын қолға алынған жоба бүгінде оң нәтиже көрсетуде. Осы уақытқа дейін 230 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ 150 мың гектар жер абаттандырылып, 48 млн-дан астам көшет отырғызылды. Мерекелік шара барысында елді мекендерді көріктендіруге айтарлықтай үлес қосқан азаматтар марапатталды.

Рахат Хамидуллин, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабының жетекшісі:

- Алдымыздағы жоспар – ЭКСПО-2017 жұмыстарына, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша құрылысқа, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолының бойында жасыл желектің бой көтеруіне жастарды тарту.

Қазақстан технологиялық келешекке нық қадам басты

24.kz

Батыстың технологиясына қарап бой түзеудің қажеті жоқ, Силикон алқабы Қазақстанға өзі келеді.

Ал дәл қазіргі қысылтаяң кезеңді инноваторлар тиімді пайдаланып қалуы тиіс. Өйткені ең жақсы бастамалар дағдарыс кезінде іске асады. 2 мың 700 адамның басын қосқан Techconnect технологиялық конференциясына келген шетелдің азулы сарапшылары форумды осындай айшықты пікірлермен түйіндеді.

Ақыл-ой мен қиялдың жемісі шам болып жанса, Астана бүгін күллі Еуразияға сәуле шашатын жарық қалаға айналар еді. Себебі Techconnect Орталық Азия, Еуропа, ТМД мен АҚШ-тың озық ойлы сарапшыларымен Қазақстанның үздік стартап авторларын бір алаңда тоғыстырды. Бұл – отандық жас инноваторлардың шағын идеяларына кең өріс ашып, бірден өндіріске қосуға жол ашатын таптырмас әрі алғашқы форум. Шараның кіріспесін бастап, Елбасының меймандарға деген сәлемін жеткізген Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, «тартымды идея болса, оны іске асыру бізден» деп, биліктің инновацияны қолдайтындығын білдірді.

Халықаралық сарапшылар болса қазақстандық жобалардың инвестициялық тартымдылығын жарыса айтып жатыр. Каушал Чокши, Scaale Group венчурлық қорының президенті: - Сіздерде жоғары технологияны дамытуға қажетті инфрақұрылым дайын. Олар: білім жүйесі, тиімді инвесторта, биліктің қамқорлығы. Енді сәл қарқын қосып, жергілікті инновациялық хабқа айналу үшін шетелдік технология мен мамандар қажет. АҚШ-тағы әлемге танымал силикон алқабында жұмыс істейтін Андрей Куновтың айтуынша, Қазақстан Батыстың кез келген алпауыт компаниясын қызықтырып, елге тарта алады.

Андрей Кунов, Silicon Valley Innovation Center компаниясының президенті:

- Кез келген жобаға жан бітіру үшін диалог құру керек. Өзімен-өзі отырған адам түк бітіре алмайды. Ал Қазақстан бірден жоғары деңгейге шығып, силикон алқабымен арада көпір орнатқалы отыр. Бұл бізді де қызықтырады, материалдық және моральдық тұрғыда. Шетелдік компаниялар осында өздерінің базаларын орнатуға мүдделі. Екіжақты жобалардың тиімділігін көп күтпей, қазірдің өзінде байқауға болады. Мәселен, жер шаруашылығында суды үнемді пайдалану үшін қолданылатын жерасты түтіктерін «Қазкаучук» өнеркәсібі германиялық компанияның үлгісімен өндіріп келеді. Жылына 4 млн метр дайындалатын жерасты түтіктері қалдық материалдан шығарылады екен.

Бижан Жанымқұлов, «Қазкаучук» өндірісінің басшысы:

- Қазіргі таңда 3 өндірісіміз бар. Ескі, тозған дөңгелектерді қайта өңдеу арқылы резеңке ұнтағын шығарамыз, одан соң диірмен арқылы белсендірілген резеңке тозын шығарамыз. Одан әртүрлі зат жасауға болады. Соның ішінде біздің таңдағанымыз – жерасты суару түтіктері. Ол Германияда пайда болған. Ал фармацевтикадан бастап мұнай өңдеу ісіне дейін қажетті жаңа материалдар шығаратын тағы бір зертхана АҚШ компаниясының бастамасымен жуырда Алматыда пайда болады.

Марк Гудстейн, The design Accelerator басқарушы директоры:

- Бұл ұсақ өндіріс, көлік, ауыр металл жасау, мұнай-газ өндіру ісіне қажетті арзан материалдардан дайындайтын платформа болады. Оны силикон алқабынан Қазақстанға әкелу үшін бүгін әріптестікке қол қоямыз. Инновациялық бастамалар ауылшаруашылығына да тың серпін бермек. Елімізде кең таралған еділбай және қазақ арқармеринос тұқымды қойларға геномдық төлқұжаттар дайындап, ДНҚ-лық талдау жүргізудің ғылыми негіздері жасалуда. «Қазцитоген» компаниясы қолға алған бұл жоба асылтұқымды мал басын сақтап, оны көбейтуге, селекцияны жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Айжан Мұсаева, жоба жетекшісі:

- Еділбай тұқымы – халықтық селекциямен шыққан тұқым. Ол өзін дәлелдеген. Еліміздің технологиялық келешекке нық қадам басқанын халықаралық рейтингтен де аңғаруға болады. Инновациялық көрсеткіш жөнінен Қазақстан соңғы жылдары 44-позицияны аттап, инновациялық әлеуеті жөнінен 72-орынға табан тіреді. Бұл салаға жылына 20 млрд доллар көлемінде шетелден инвестиция тартылса, өз елімізден бөлінген қаржының көлемі 434,6 млрд теңгеге жетіпті.

«Бұл қазақстандық инновация дәуірінің басталғаны», - дейді мамандар.

Астанада «Жасыл көпір - озық жобалар мен инновациялар үшін серіктестік платформасы» атты xалықаралық конференция өтуде

inform.kz

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Жасыл көпір - озық жобалар мен инновациялар үшін серіктестік платформасы» атты xалықаралық конференция өтуде.

Аталмыш шараны ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global жобасын дамыту коалициясы», Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы, «Астана ЭКСПО-2017»ҰК» АҚ, Қазақстанның еріктілер альянсы ұйымдастырып отыр.

Форум қатысушыларына ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов құттықтау сөзін жолдады. Құттықтау сөзді ҚР Энергетика министрі В. Школьник оқып берді.

«Қазақстанда 2017 жылы Болашақ энергиясы тақырыбында ЭКСПО көрмесі өтеді. Астана күн, жел, биогаз, теңіз және термальді сулардың энергиясын қолдану бойынша әлемдік жаңалықтар мен трендтер ұсынылатын алаңға айналады. Баламалы энергетиканы пайдалану бойынша әлеуеті жоғары серпінді жобалар көрсетіледі. ҚР Президенті Н. Назарбаев Қазақстан-2050 стратегиясында «жасыл» экономиканы дамытып, баламалы көздерден алынған энергия тұтынуды 2050 жылға қарай 50 пайызға дейін жеткізуді тапсырды. Әлемдік деңгейде күштердің бірігуі мақсатында Мемлекет басшысы БҰҰ Бас ассамблеясының 66-сессиясында «Жасыл көпір» бастамасын көтерді. Оның басты миссиясы жасыл дамуды басқару, xалықаралық ықпалдастық, теxнология алмасуға көмектесу тетіктерін жасақтау және қаржылық қолдау жасау. Ұлттық деңгейде Қазақстан «Жасыл экономикаға өту тұжырымдамасын»қабылдау арқылы аталмыш бағдарламаға өз үлесін қосты», - деп атап өтеді Үкімет басшысы құттықтау сөзінде.

«Аталған конференцияның сұxбат алаңы «жасыл» экономика саласындағы инновациялардың дамуына ықпал ететін тұшымды ұсыныстардың катализаторы болады деп үміттенемін», - дейді К. Мәсімов.

Конференция жұмысына Армения, Грузия, Беларусь, Ресей, Германия, Финляндия, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия және Эстония елдерінің құзыретті министрліктері мен ҮЕҰ басшылары қатысуда.

Конференция бағдарламасы xалықаралық деңгейде жасыл экономикаға өту, алдыңғы қатарлы жасыл теxнологиялар мен жобаларды тарату, жасыл бизнесті дамыту, институционалды және теxникалық инновацияларды қолдау тақырыптарына арналған.


Яндекс.Метрика
Распечатать