Кері байланыс
- 100% +
Қәріп өлшемі

Алматы экологиясын оңалтудың қандай жолдарын ұсынар едіңіз?

Сәдібек ТҮГЕЛ, эколог:

– Алматы экологиясының осындай күйге жетуіне жергілік атқарушы билік өкілдері кінәлі. Қалаға басшы болып келгендердің бірі де экологияны ескермеді. Қайта оның ушығына ықпал етті. Бір кездері апорт алмасымен аты аңызға айналған қаланың айналасындағы бақтардан бүгін түк қалған жоқ. Енді оны қалпына келтіру қиын. Әр келген басшы көлік мәселесін шешеміз деп бастама көтереді де, соңына жеткізбейді. Бұл – Алматы қаласының басты экологиялық проблемасы. Сондықтан бірінші кезекте сырттан келетін көліктерді қалаға кіргізбеу мәселесін оңтайлы шешу керек. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Ол үшін, алдымен, қала әкімдігі сырттан келетін адамдарды қала сыртында көлік қоятын тұрақ пен қалаға еш кедергісіз жеткізетін қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуі тиіс. Оған қоса, жүк көліктері қаланы сырттай айналып өтетін жол салу қажет. Сондай-ақ, жылу жүйелеріндегі мазут, көмір пайдалануды толықтай газбен алмастыру керек. Сонан соң қала ішіндегі құрылыс заттарын сататын базарларды, бірінші кезекте, сыртқа көшірген жөн. Өйткені, ауаның ластануына құрылыс заттарының да қосып отырған үлесі аз емес. Біз әліге дейін экологияның қасіретке ұрындыратынын ескермей келеміз.

Құралай КӘРІБАЕВА, Экология және орнықты даму институтының директоры:

– Алматы ойпаң жерде орналасқандықтан ауаның табиғи желденуі дұрыс жүрмейді. Сондықтан қала үстінде зиянды заттар жиналып қалады. Сол үшін ауаны тазартуды амалға асыру керек. Өкінішке қарай, бір кездегі жасыл желекке оралған қала, бүгінде ондай қалыптан тайған. Қала құрылысында архитектуралық заңдылықтар сақталмай отыр. Қала ішіндегі саябақтар оталып, орнына зәулім ғимараттар салынып жатыр. Олар желдің жолын бөгейді. Жаңа салынып жатқан шағын аудандардың жобасында саябақ қарастырылмаған. Ауаның тазаруында жасыл желектің алатын орнын ескерсек, бұған жол беруге болмайды. Құрылыста экологиялық таза материалдарды пайдалану қажет. Сонан соң, жанармайды газға алмастыру арқылы көліктен келетін залалды азайту мәселесін шешу қажет. Бізде қала ішінде түтіні будақтаған ескі көлік те, жүк көлігі де жүре береді. Өткен жылы қала әкімдігі «Алматының таңдауы – жасыл экономика» деген бастаманы қолға алды. Онда мен жоғарыда айтқан мәселелерді шешу жолдары көрсетілген. Сондай-ақ ол бастамада өндіріс ошақтарын қала сыртына шығару, жылу жүйесіне пайдаланатын отынды зиянсызымен алмастыру мәселесі де қаралған. Егер осы жоба қағаз жүзінде қалмай, іске асып жатса, 2020 жылға қарай Алматы қаласының экологиясы біршама жақсаруы тиіс. Мен соған үмітпен қараймын.

Атамұрат ШӘМЕНОВ: экономика ғылымдарының докторы, профессор:

– Алматының экологиялық мәселесі – сақалды проблема. Кеңес Үкіметі кезінде осы мәселені оңтайлы шешу туралы екі қаулы қабылдаған. Бірақ ол үкімет құлап, ол қаулы күшін жойды. Ал, егеменді ел болғалы ширек ғасыр өтсе де, осы мәселеге қатысты ҚР Үкіметінің бірде-бір қаулысы шыққан емес. Одан бері бұл мәселе үш-төрт есе күрделіленіп кетті. Ауаның ластануы өте жоғары деңгейде. 90-жылдарда әр адамға 70 келі зиянды қалдықтан келсе, қазір 200 келіден асып жығылады екен. Ол қалада ескі көліктердің шектен тыс көбеюімен де байланысты болып отыр. Қалаға кіре берісте экологиялық посттар ашылды. Бірақ солардың талапқа сай болмаған көлікті қайтарып жібергенін не ахауын түзеткенге дейін жүруіне тыйым салғанын көргем де, естігем де жоқ. Солардан түсіп жатқан ақшаның да экология мәселесін шешуге жұмсалып жатқанына күмәнім бар. Түтіні бұрқыраған көліктер қала ішінде қаптап жүр. Сондай көліктерді ұстап, пайдалануға тыйым салатын потрульдік-экологиялық полиция қажет. Сонан соң жылу жүйесінде пайдаланатын отындарды толықтай газға ауыстыру керек. Қазір әкімдік дизель отынымен жүретін қоғамдық көліктерді газбен жүретін автобустармен алмастырып жатыр. Сосын, экотакси деген пайда болды. Бұл құптарлық қадам. Алайда бұл аз. Егер газ құятын жанармай стансаларын көбейтсек, онда жекеменшік көліктерін газға ауыстыратын азаматтар да көбейеді. Өйткені, газ әрі арзан, әрі көлік қозғауышының таза және ұзақ мерзімге жұмыс істеуіне септігін тигізеді.

Автор: Қалдар КӨМЕКБАЕВ

Алаш Айнасы, 17.04.

 Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*


You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>


Распечатать