Баспасөз беттерінде, іскерлік қатынастар кезінде «жасыл» экономика ұғымын жиі кездестіреміз. Қазір бұл құбылыс көптеген елдерде жаппай сипат алып келеді және, әрине, әлемдік дамудың маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Бірақ бұл құбылыстың маңызы, табиғаты туралы не білеміз? Қазақстандық қоғам оны қалай қабылдауы тиіс?
Күнделікті тәжірибеден аңғарғанымыздай, сондай-ақ, экономика саласы бойынша әдебиеттерден қарап-білгеніміздей, бұл сауалдарға бір жақты жауап іздеуге болмайды. Біреулер «жасыл» экономиканы бұрыннан белгілі экологиялық даму ұғымын алмастырып отырған жаңа термин ғана санайды. Басқалардың пікірінше, бұл —экономиканың ел табиғатын сауықтыруға мүмкіндік беретін жаңа саласы. Кейбір озық ойлылар мұны жаңа технологиялармен байланыстырады, олардың ойынша, осы технологияларды енгізу арқылы экожүйенің жағдайын жақсартуға жол ашылмақ. «Жасыл» экономика дегенді — өндіріс дамуының экологиялық таза өнімдер шығаруға ғана бағытталған жаңа кезеңі деп қабылдайтын түсінік те кең тарап отыр.
Бұлардан да басқа және әрқайсысы белгілі бір дәрежеде шындыққа сәйкес келетін ондаған анықтамалар бар. «Жасыл» экономика, ең алдымен, шектеулі ресурстарды (пайдалы қазбалар — мұнай, газ) үнемдеп тұтынуға, ал сарқылмайтын қорларды тиімді пайдалануға бағытталады. «Жасыл» экономиканың негізі таза немесе қазір айтылып жүргендей, «жасыл» технологиялар болып табылады. Қазақстандық ғалымдардың зерттеулерінде айтылғандай, «жасыл» экономиканы дамыту арқылы еліміз көптеген постиндустриялық мемлекеттер бастан кешірген экологиялық дағдарысты айналып өте алады. Сондықтан да дамудың «жасыл» жолына көшу «Қазақстан — 2050» Стратегиясында басым бағыттардың бірі ретінде көрсетілген.
2013 жылғы 2 қыркүйекте өткен бесінші шақырылған ҚР Парламентінің үшінші сессиясының ашылуында Елбасы «жасыл» экономиканың қалыптасуы мен дамуына негіз болатын заңнаманың қаралуына тезірек кірісу керектігін айрықша атап өтті. Осыған байланысты Үкіметке тиісті заң жобаларын Парламенттің талқылауына ұсынуды тездету тапсырылды. 2013 жылдың желтоқсан айында Парламенттің шұғыл қарауына Астанада өтетін «ЭКСПО — 2017» Халықаралық көрмесін ұйымдастыру мен өткізу мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер қабылданды. Қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге сай, көрме тақырыбының «Болашақтың энергиясы» аталуы өте орынды. Бұдан кейін Парламент депутаттарының қарауына «Қазақстан Республикасының «жасыл» экономикаға көшуі мәселелеріне байланысты кейбір ҚР заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу» жөніндегі ҚР заңының жобасы ұсынылды.
Заң жобасын қабылдаудағы мақсат — «жасыл» экономикаға көшуді бүгінге дейін істелген жұмыстар мен жетістіктерді ескере отырып жүзеге асыруға жағдай туғызу. Дамудың «жасыл» жолы принциптерін енгізудің бірінші кезеңі елімізді ұзақ мерзімді тұрақты дамуға жетелейтін бағытты жүзеге асырумен байланысты екені белгілі. Бұл бағыт елімізде 2006 жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бірінші кезеңде ол Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында көзделген мақсаттарға қол жеткізумен тығыз сабақтастырылды. Және ҚР Президентінің 2006 жылғы халыққа Жолдауында айтылған талаптарға сәйкес, Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елі қатарына енуі Стратегиясының негізіне алынды. Сол кезде-ақ, тұтастай алғанда, еліміз дамуының үш векторы айқындалды: экономикалық, әлеуметтік және экологиялық. Бұл бағытты жүзеге асыру еліміз дамуының экономикалық, әлеуметтік, экологиялық және саяси аспектілерін өзара үйлестіруге бағытталды. Қазір де ол өмір сапасын көтерудің және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін ұзақ мерзімге қамтамасыз етудің негізі ретінде қаралады. Аталған стратегиялар, елімізде қабылданып және іске асырылып жатқан басқа бағдарламалық құжаттарға қатысты алғанда біріктірушілік рөл атқарады.
Өмір сапасының бәсекеге неғұрлым қабілетті және дамыған елдердің деңгейіне дейін көтерілуі — аталған бағытты іс жүзіне асырудың нәтижесі. Сонымен қатар, ресурстарды тиімді пайдаланудың, экономикалық өрлеудің жаңа сапасының, тұрғындар санын арттырудың қажетті және маңызды тетіктері құрылды. Олар, бұған қоса, еңбек қорлары сапасын көтеруге, антропогендік қысымды төмендету арқылы қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға, сондай-ақ, «тарихи» экологиялық проблемаларды шешуге, республика аймақтарының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосты.
Аталған стратегиялар — Қазақстан үшін үлкен жетістік. Осы стратегиялар арқылы еліміздің тұрақты және бәсекеге қабілетті түрде дамуының принциптері, басымдықтары, бағыттары мен механизмдері айқын белгіленді. Стратегиялар ресурстарды біріктірудің тетіктері мен құралдарын негіздейді, дамудың көзделген межелерін белгілейді және іс жүзінде тұтастай алғандағы мемлекеттің, оның аймақтарының, экономиканың салалары мен барлық субъектілерінің дамуын бағытты түрде жоспарлаудың негізі болып табылады.
«Жасыл» экономикаға көшу концепциясы үш кезеңмен жүзеге асырылады және 2050 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Бірінші кезеңде, яғни 2020 жылға дейін, ресурстарды қолдануды оңтайландыру, табиғатты қорғауға бағытталған қызметтің тиімділігін арттыру, сонымен бірге, «жасыл» инфрақұрылым жасақтау мемлекет үшін негізгі басымдық болып табылады. Бұл инфрақұрылым, екінші кезеңде, яғни 2030 жылға дейінгі уақытта, ұлттық экономиканы суды үнемдеп пайдалануға, қайта қолданылатын энергетика технологиясын дамыту мен кеңінен енгізуді ынталандыруға және ғимараттар құрылысын энергетикалық тиімділіктің жоғары стандарттарына негіздей отырып жүргізуге бағыттап қайта жаңғыртуға жол ашады. Үшінші кезең 2050 жылға дейін созылады. Бұл кезеңде ұлттық экономиканы қазір айтылып жүрген үшінші өндірістік төңкерістің принциптеріне көшіру көзделеді. Бұл жағдайда табиғи ресурстарды қолдануда оларды қайта қалпына келтіру және тұрақтылығын қамтамасыз ету шарттары талап етіледі.
Концепцияға сәйкес, су ресурстарын тұрақты пайдалануды, тұрақты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамытуды, қуат көзін үнемдеу мен оның тиімділігін арттыруды, электроэнергетиканы дамытуды, қалдықтарды басқарудың тиімді жүйесін жасауды, ауаның ластануын азайтуды, экожүйелерді сақтау мен басқарудың тиімді жүйесін жасауды көздейтін басым бағыттар бойынша мақсатты шаралар жүзеге асырылады.
Экономиканың секторлары бойынша аталған міндеттер қазір қолданыста бар мемлекеттік бағдарламалар мен құжаттар арқылы жүзеге асырылады. Бұл бағдарламалар мен құжаттарда дамудың «жасыл» жолына көшудің түрлі бағыттары көрсетілген, бірақ олардың бәріне де «жасыл» экономикаға көшу Концепциясының негізгі ережелерін енгізуге қатысты тиісті өзгертулер мен толықтырулар керек.
Түзетулер арқылы бағдарламаларда неғұрлым маңызды мәселелердің негізгі тұстарын айқындау керек. Олар — ауаны тазарту; өндіріс қалдықтары мен тұтыну қалдықтарын басқару; топырақтың тозуымен және алқаптардың шөлге айналуымен күресу; топырақтың өнімділігін арттыру; балық аулау мен балық ресурстары өндірісін дамыту және басқалар. Бұл жұмыстардың бір бөлігі қазір жүргізіліп жатқаны белгілі.
Концепцияны іске асырудың бірінші кезеңінде Парламент депутаттарына жүктелер жұмыстың маңызды бағыттарының бірі — энергияны тиімді қолдануға мүлде жаңа көзқарас енгізу мәселелері болмақ. Мемлекет басшысы «Қазақстан — 2050» Стратегиясында алға қойған міндетті орындау үшін: 2020 жылға дейін қуат тұтынуды үнемдеу жыл сайын — 2,5 пайыздан, 2020 жылдан кейін 3,5 пайыздан кем болмауы тиіс. Бұл жағдайда отандық кәсіпорындардың энерготиімділігі көзделген деңгейге жетеді, сонымен қоса, «жасыл» экономиканы құрылымдау аясындағы міндеттер жүзеге асады. Энергияны үнемдеу мен тиімділігін арттыру үшін заңнаманы жетілдіру және экономикада да, күнделікті тұрмыста да энергияны үнемдеуге деген мүлде жаңа көзқарас пен дағдылар қалыптастыру керек.
Бірінші кезеңнің міндеттері бірден орындала қоймайды. Олар бағыттарға да, мерзімдерге де қатысты нақтылауларды қажет етеді. Менің ойымша, біз ең алдымен дәстүрлі емес қуат көздерін кең түрде таратуға күш салуымыз керек. Бұл үшін бізде мүмкіндіктер де, әлеует те жеткілікті. Сонымен қоса, Қазақстандағы қайта қалпына келтірілетін қуат көздерін дамыту жүйелі негізде жүргізілуі тиіс және мемлекет тарапынан қолдау қажет.
Дамудың «жасыл» жолына бұрыннан түскен елдер бар. Египет, Израиль, Иран, Ирак сынды оңтүстікте жатқан елдерде болған жандар ол жақтарда үйлердің шатырында — күн коллекторлары, ал елді мекендердің сыртында желден энергия өндіретін құрылғылар тұрғанын жақсы біледі. Бірақ «жасыл» экономика дегеніміз Күн және жел энергиясын кең түрде қолдану ғана емес екені белгілі. Бұл ұғым аясында қайта қалпына келтірілетін энергияны дамыту мақсатындағы жүйелі шаралар; жеңілдетілген тарифтер енгізу; органикалық ауыл шаруашылығы; қаланы тұрақты жоспарлау; орман шаруашылығын тиімді басқара білу; экожүйелік қызметтер құру, т.б. бар.
Тәжірибелерден көргеніміздей, кез келген елде дамудың «жасыл» жолы мемлекеттің мақсатты түрде қолдауы арқасында ғана тиімді жүзеге асады. Бұл жерде, меніңше, Еуроодақ мемлекеттері тәжірибесін жүйелі негізде зерттеу қажет. Әсіресе, Германия, Италия, Финляндия және басқа Еуроодақ елдері айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Бұл елдермен өзара тиімді келісімдер негізінде тығыз әріптестік қатынастар жолға қойылып отыр. Біздің елімізде ресми сапарда болған Финляндия Парламентінің төрағасы Э.Хейнялуома өз елінің Қазақстан жағымен тәжірибелер бөлісуге, қазақстандық бастамаларды қолдауға және «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы бойынша Хартияға қосылуға әзір екенін жеткізді. Елбасының бұл ұсынысы басқа да елдерде, ең алдымен, біздің байырғы әріптестеріміз арасында қолдау тапқанын айта кету керек.
Бүгінде зәрулігі сезіліп отырған заңнамамен қамтамасыз ету тұрғысынан да финдік әріптестеріміздің тәжірибесі қазақстандық Парламент депутаттарының қызығушылығын тудырады. Инновациялық бағытта Үкімет тарапынан көптеген бағдарламалар қабылданып жатыр, солардың арасында «қоңыр» экономикадан қол үзуге қатысты бағдарлама да бар.
Оларды іске асыруға бюджеттен де, инвестициялық ресурстардан да қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ, өкінішке орай, экономиканы көптараптандыруға, импортты қысқартып, экспорт көлемін ұлғайтуға, ішкі рынокты отандық сапалы тауарлармен, соның ішінде азық-түлікпен неғұрлым молырақ қамтуға орай жасалған жоспарлық көрсеткіштер әзірге орындалмай, болашаққа оптимистік болжам күйінде ғана қалып отыр. Бұл, мысалы, бірінші кезеңі биыл аяқталатын ҮИИД мемлекеттік бағдарламасына да, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына да қатысты. Тиісті құқықтық механизмдер енгізілмейінше, еліміздегі өнеркәсіп және азық-түлік қауіпсіздігі жөнінде, сонымен қатар, бұл салаларда «жасыл» технологияға көшу жөнінде сөз қозғауға ерте.
Дамудың «жасыл» жолына көшу төңірегіндегі жалпы әңгімелер мен жекелеген шаралар аясында жаңа энергетиканың дәстүрлі жылу генерациясын ауыстыруы тиіс негізгі түрі әлі де толықтай анықталмай келеді. Қуат қорларының тапшылығы, олардың сарқылуы, көмірсутектер бағасының өсуі тұрғысынан келгенде, қайта қалпына келтірілетін қуат көздеріне деген қызығушылық өте орынды. Дегенмен, қазақстандық баспасөзде жарияланып жүрген мақалаларда айтылатын баламалы энергетика түрлеріне қатысты үмітіміз қаншалықты орынды? Баламалы энергетика дегенде әдетте күн, жел энергиясын, геотермальдық ресурстарды, сонымен бірге, биоотынды айтамыз. Ал мамандар осы аталғандардың арасында тек күн энергиясын қолдану жөнінде ғана нақты сөз етуге болады деп есептейді.
Қайта қалпына келтірілетін қуат көздерінің өз кемшіліктері бар, негізгі кемшіліктердің бірі — мобильділіктің төмендігі. Бұлар нақты аумақтар мен географиялық аймақтарға бекітулі болады. Яғни күн батареялары, желден энергия өндіретін құрылғылар дәстүрлі энергия көздерін мүлде ауыстыра алмайды, отынды, табиғи қорды үнемдеу мақсатында соларға қосымша көз ретінде ғана қолданылады. Бұл мәселені шешу амалдарының бірі ретінде ғалымдар аралас электр стансаларын атайды. Мұнда үйреншікті жылу генерациясы мен балама қуат көзі ортақ энергетикалық контурға біріктіріледі. Мұндай энергетикалық гибридтердің түрлі нұсқалары болуы мүмкін.
Атом энергиясын қолдану технологиясын өңдеп-жетілдіру — мәселені шешудің ұтымды жолдарының бірі. Атом энергиясын нақты түрде бейбіт мақсатқа пайдалануға қатысты проблема бүкіл әлемде атом энергетикасын дамытуға тұсау боп отыр.
Дегенмен, дәстүрлі жылу генераторының басты баламалы көзі — атом энергетикасы. Бұл орайдағы әңгімелердің көпшілігі ойдан шығарылған, ал шектеулер тек уақытша ғана боп табылады. Бұл өмірден алынған нақты тәжірибелермен дәлелденіп отыр. Айталық, экономикалық әріптестік және даму Ұйымына енетін елдер. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев үстіміздегі жылғы қаңтар айындағы халыққа Жолдауында бұл ұйым принциптерінің еліміздің ұзақ мерзімді дамуына негіз болатынын айтқан еді. «Фукусимадан» кейін атом көздеріне тыйым салынған Жапонияда қауіпсіздік талаптарын барынша күшейте отырып, бірте-бірте ұлттық АЭС-тарды қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылданды.
Қазіргі күні әлемнің 30 елінде 435 энергоблокты 194 АЭС жұмыс істейді. АҚШ, Жапония, Франция, Канада, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей, Украина, Үндістан және басқа елдер — атом энергиясының ірі өндірушілері. Елде жалпы өндірілетін электр энергиясы көлеміндегі атом энергиясының үлесі жөнінен әлем бойынша жетекші мемлекет — Франция. Бұл елде өндірілетін электр энергиясының 80 пайызын атом энергетикасы құрайды. Атом энергетикасын дамыту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде Ресей де алдағы 20 жылда осы деңгейге жетуді жоспарлап отыр. Ал біздің елімізде атом энергетикасы қалай дамиды?
Елімізге атом энергетикасын белсенді енгізуге қатысты міндеттер «Қазақстан жолы — 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Елбасы Жолдауында негізделеді. Бұл құжатта әлемнің таяудағы даму келешегінде арзан атом энергиясына деген қажеттілік өсе түсетіні атап көрсетілді. Қазақстан — уран өндіру жөнінен әлемдегі жетекші ел. Біз АЭС-тер үшін отын өндірісін дамытып, атом стансаларын салуымыз керек.
Біздіңше, мәселенің бұлайша қойылуы елімізде ғылымға негізделген экономика құру талаптарына да сай келеді. Елімізде бұл міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндіктер бар. Қазақстан — уран қоры жөнінен әлемде алдыңғы қатардағы елдердің бірі, бізде дамыған инфрақұрылымды атом өнеркәсібі бар, оның үстіне бұл саланы білетін мамандарға да кенде емеспіз және тиісті ғылыми зерттеулер де жасалған. Біздің елімізде әлемде бірінші болып шапшаң нейтронды тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор іске қосылды. Қазіргі ғылым шапшаң нейтронды реакторларды бейбіт мақсатқа пайдалануды ұсынады. Бұл жерде Қазақстанның Франция, т.б. елдер тәжірибесіне сүйенуіне болады.
Осылайша, бір жағынан, «жасыл» экономиканы дамытуда Қазақстанның қазірдің өзінде оң тәжірибелері бар. Бұл тәжірибені дамудың «жасыл» жолына көшудің жаңа кезеңіндегі міндеттерді іске асыруда бастапқы алаң ретінде пайдалануға болады. Екінші жағынан, тиісті механизмдерді құру мен «жасыл» экономиканы мемлекеттік қолдау шараларын жүзеге асыру бағыттары нақты айқындалуы тиіс. Бұл үшін қойылған сауалға нақты жауап қажет. Атап айтқанда: қандай қуат көзін Қазақстандағы дәстүрлі қуат генерациясына балама санаймыз?
Жақын болашақтағы еліміздегі дамудың «жасыл» жолында қай қуат көзінің қандай рөл атқаратыны осы сауалдың жауабы арқылы белгілі болады. Сонда ғана заң шығару процесі нақты бағытқа бұрылып және бұл неғұрлым ұтымды болмақ.
Елеусін САҒЫНДЫҚОВ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты
Ақтөбе, 24.04.
Leave a Reply