Кері байланыс
- 100% +
Қәріп өлшемі

ҚР Президенті мен Пәкістан Премьер-министрі келіссөздердің қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз брифингін өткізді

24.kz

Брифингте Қазақстан Президенті келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымдағы мәселелері қозғалғанын және өңірдің ахуалы, соның ішінде Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы жағдайдың талқыланғанын атап өтті.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ықпалдастықты дамытуға айрықша көңіл бөлінгенін, екі елдің тауар айналымы деңгейін арттырудың осыған байланысты екенін айтты. -

Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасы мен Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» және Қарақорым жолы мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға септігін тигізеді деп санаймын. Сонымен бірге Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолы Пәкістанның теңіз порттарына шығуға жол ашады. Осы көлік байланыстары бізге сауда және экономикалық қарым-қатынастарды жақсартуға мүмкіндік береді, - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев өнеркәсіпке, фармацевтикаға, энергетикаға, әскери-техникалық салаға, ғылымға және басқа да маңызды бағыттарға қатысты Қазақстан мен Пәкістанның нақты қадамдары туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.

Қазақстан Президенті ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу, химия және жеңіл өнеркәсіп, банк секторы сияқты салаларда ынтымақтастықты жолға қою мақсатында Іскерлік кеңес құрылғанына да тоқталып өтті. Сонымен қатар, Пәкістан Премьер-министрі делегациясының құрамында іскер топ өкілдері де келді.

Мемлекет басшысы Пәкістан Н.Шарифтің басшылығымен экономикалық өсім қарқынын үдетіп, әлемдік саясаттағы салмақты орны бар елге айналып келе жатқанын атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін өткізу, «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу құқығы үшін дауыс беру, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі мәселелеріне қатысты біздің елімізді Пәкістанның қолдағанына және бүгінгі таңда Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын да қолдап отырғанына назар аударды. Осыған орай Мемлекет басшысы Пәкістан тарапына зор алғыс білдірді.

Пәкістан Премьер-министрі жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін алғыс айтып, жаңа елорда – Астана қаласы Қазақстанның ілгерілеуі мен өркендеуінің символы болып саналатынын атап өтті.

Мені Нұрсұлтан Назарбаевтың кемел басшылығының арқасында Қазақстанның қол жеткізген әлеуметтік-экономикалық прогресінің ауқымы тәнті етті. Біз елдеріңізге алдағы уақытта да табыс пен бақ-береке тілейміз. Біздің мемлекеттерімізде қарым-қатынас пен өзара ынтымақтастықты жақсартуға қажетті зор әлеует бар, - деді Н.Шариф.

Ол сапар барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастар мен халықаралық күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді талқылағанын да айтты.

- Біз білім және ғылым, экономика, көлік, кеме құрылысы, сондай-ақ әуе қатынасы салаларындағы өзара ықпалдастықты нығайтуға келістік. Қазақстан мұнайы мен газының импортына, жеңіл өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, фармацевтика және басқа салаларда бірлескен кәсіпорындар ашуға қатысты уағдаластықтарға қол жеткізілді, - деді Пәкістан Ислам Республикасының Премьер-министрі.

Н.Шариф екіжақты қатынастардағы институционалдық тетіктерді нығайту интеграциялық үдерістерге, бүкіл өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға оң ықпал ететінін айтты.

- Қазақстан мен Пәкістан ШЫҰ және БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдар аясында бұдан әрі де ынтымақтасуға ықылас танытып отыр, - деп атап өтті Н.Шариф.

 Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

*


You may use these HTML tags and attributes: <a href="" title=""> <abbr title=""> <acronym title=""> <b> <blockquote cite=""> <cite> <code> <del datetime=""> <em> <i> <q cite=""> <strike> <strong>


Распечатать