Дереккөз: lenta.inform.kz
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданына қарасты Көксарай ауылында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі мерекесі аясында «ЭКСПО - 2017» - көрмесінің туризмде алатын орны мен маңызы» атты кездесу кеші өтті, деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шараның мақсаты келесі жылы елімізде өтетін «ЭКСПО - 2017» халықаралық көрмесінің туризмді дамытудағы алатын орны жайында кеңінен насихаттау, ұрпақтар сабақтастығы тұрғысында әр буынның болашаққа деген көзқарасын айқындап, оларды қоғам жаңалықтарынан және өзгерістерінен тыс қалмауға баулу, мемлекетіміздің жетістіктерін көрсете отырып, жастардың бойында патриоттық сезімін ояту. Кездесу жиынына аудан әкімі аппаратының басшысы А.Құрман қатысып, жиын қонақтарын ел Егемендігінің 25 жылдығы мерейлі мерекесімен құттықтады.
2017 жылы Қазақстанның астанасы «ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің өткізілетін орыны болып белгіленді. Астана қаласында өтетін көрме ТМД елдері мен Орталық Азия аумағындағы өткізілетін ең алғашқы халықаралық деңгейдегі көрме болмақ. Көрмеге әлемнің 100-ден аса елінен 5 миллионға жуық қонақтар келеді деп күтілуде. Осы орайда еліміздің туризм саласында бір серпіліс болатыны ақиқат. Халықаралық көрменің қонақтары тарихи жерлерді аралау барысында киелі Отырар ауданына да соқпай кетпейтіні белгілі. Өйткені, Отырар бабтардың бабы Арыстанбаб бабамыздың жатқан жері, әлемнің екінші ұстазы болған Әбу Насыр әл-Фарабидің отаны. Осыған байланысты аудан басшысы ауданымызда туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлу керек деген болатын. Шара барысында ауданымызда туризмді дамыту барысында жасалып жатқан игі істер кеңінен насихатталып, алда атқарылар істер мұнымен шектелмейтіні туралы сөз болды. Жиында мектеп оқушылары қонақтарға сауалдарын қойып, «ЭКСПО - 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі жайында кеңінен мәліметтер алды. Кездесу жиынының соңы мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Leave a Reply