www.kaztrk.kz
Көп кешікпей Астанада ЕХРО-2017 қалашығының құрылысы басталады. Бүгін көрме кешенінің капсуласын Мемлекет басшысы өзі орналастырды. Президент Астанадағы ЕХРО-2017 кешені жайғасатын аймақта болып, құрылыс жоспарына тағы да көз жүгіртті. 174 гектар жерде қазір топырақтан басқа түк жоқ. Бірақ қаз- қатар тізілген техника құрылыстың көп кешікпей қарқын алатынынан хабар береді. Сәуір айының 24 -ті отандық ЕХРО-2017 көрмесінің тарихында кешенді құрылыстың басталған күні ретінде қалды. Тарихи сәтте кешеннің алғашқы капсуласын Мемлекет басшысының өзі салды. Ендігі үзіліссіз үш жыл құрылысшылардың, ғалымдардың еңбек «майданына» айналады. Жұмыс -жеңіл емес. Өйткені, құрылыстың дені «ақылды» нысандар. Қуат көзін күннен, желден алатын пішіні әрқилы, кейде тіпті өте күрделі ғимараттарды салу тәжірибесі бізде бұрын-соңды болып көрмеген. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Бүгінгі құрылыс - үлкен шаруаның басы. 2014-2016 үлкен құрылыстар басталады. 2016 жылдың желтоқсан айында мына ат шаптырым алаңда көз тартар талай нысан тұруы керек. Барлық құрылыс сол кезде тапсырылады. Тұрғын үйлер, қонақүйлер, жаңа конгресс- холл, сауда ойын-сауық орындары ғимараттардың саны мен орналасу жайы немістің «Альберт Шпир» компаниясымен бірлесе ойластырылған. Жоспарды мақұлдаған Президенттің өзі. Ал, ең негізгі құрылыс Қазақстанның ұлттық павильоны болмақ. Төбесі күмбез секілді керілетін нысанды 2017 жылы ең кемі 2 миллион турист тамашалап, таңдай қағып кетуі керек. Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: Ең негізгісі – Қазақстанның павильоны. Жүздеген мемлекеттердің павильоны да келетін болатын. Үш айдың ішінде бірнеше миллион адам Қазақстанға келеді. Тек қана көрме емес, ең жақсы дүниелерді көрсетуіміз керек. Оның ішінде – жасыл экономика, жаңа энергетика. Астананың құрылысшылары өз ісін жақсы біледі. Қысқа ғана мерзімде жаңа қала көтерді. Келген жан жас шаһарға қарап әлі күнге дейін тамсанады. Ендеше ендігі іс те алдымен жерді тегістеп, инфрақұрылым тартудан басталады. Ептеп нысандардың қазығы қағылып, қабырғасы соғылады. Кешенді құрылыс үнемі биліктің бақылауында болады.
Жайнагүл ТӨЛЕМІС
www.ktk.kz/
Астанада тарихи құрылыс басталды. Бүгін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, халықаралық Экспо көрмесі өтетін кешеннің құрылысын бастап берді. Осы сәттен бастап мыңдаған жұмысшы мен жүздеген техника нысандарды салуға шұғыл кірісуі тиіс. Ал құрылыс аяқталғанда Экспо қалашығы Елорданың жаңа орталығына айналмақ.
-Әзірше, бұл маң қу дала. Аңызақ жел соғып тұр. Бірақ 3 жылдың ішінде бұл жерден ғажайып қалашық бой көтеруі тиіс. Уақыт тығыз. Сондықтан құрылысшыларға күні-түні жұмыс істеуге тура келеді.
Ал құрылысшылар мен техника сақадай сай тұр. Кешенді ондаған отандық және шетелдік компаниялар тұрғызбақ. Бұл жерде бір мезетте 20 мың жұмысшы тәулік бойы тер төгеді. Ал көрменің басты павильоны мынадай шар тәріздес болады. Бүгін ол шатырдың қызметін атқарып тұр. Елбасыны күтіп тұрған шенеуніктер қызу әңгімеге кіріссе, ал премьер мен Астана әкімі әлденеге келіспей тұрғандай. Онысы президент кіріп келгенде сап тиылды. Алдымен Нұрсұлтан Назарбаев құрылыс орнына капсула салып, үлкен шаруаны бастап берді.
Енді осындай қу даладан ауданы 1 миллион шаршы метрден асатын алып шаһар бой көтермек. Жоба бойынша ол дәл осындай болады. «Экспо» көрмесіне арналған сауда кешендерінен бөлек, 4 мың пәтерлік тұрғынүй, қонақүй, жаңадан Конгресс Холл, тіпті әлемде теңдесі жоқ шатырлы қалашық тұрғызылады. Ғажайып нысандар Астананың жаңа орталығына айналмақ.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Бүгінгі бастаған құрлысымыз мына жерде, бұл үлкен шаруаның басы. Бар болғаны 2-3 жылдың ішінде, 2016 жылға дейін бітіруіміз керек. Үлкен құрылыстар басталады. Ең негізгісі Қазақстанның павильоны, басқа елдердің павильоны болады.
Кешеннің құрылысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бақылауында болмақ. Ал нысандарды тұрғызуда қуат көзін үнемдейтін жаңа технологиялар мен соңғы үлгідегі материалдар қолданылады.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Жүзден астам мемлекеттен қонақтар келеді. 3 айдың ішінде бірнеше миллион адам Қазақстанға келіп көретін болады. Сондықтан тек қана көрме емес, көрменің ішінде не көрсетіміз ең жаңалықты көрсету керек.Жасыл экономиканы көрсету керек, жаңа энергетика деген тақырыппен көрсетуіміз керек.
Президент бюджеттен жұмсалатын қыруар қаржының қайтарымы болатынына сенімді. Себебі көрме біткен соң салынған нысандар қаңырап бос қалмай халық игілігіне берілмек.
Астанада Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Бiлiм және ғылым министрi Аслан Сәрiнжiпов «Жасыл ел» бағдарламасына қатысты өз ойын білдірді.
– Олардың жалақыларын жұмыс берушiлер анықтайды. Алайда бюджеттен әрбiр қатысушыға 17 600 теңге көлемiнде қаржы бөлiнедi. Олар мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қаражатты ала алады. Келесi жылы да жергiлiктi бюджеттен бөлiнетiн қаражатты көбейту көзделуде, – деді министр Аслан Сәрiнжiпов. Бұл Елбасы тапсырмасын орындау үшін жасалынып жатқан шараның жалғасы.
«22 сәуірде «Жасыл ел» жастардың еңбек отрядтарының республикалық штабының мерейтойлық 10-маусымы ашылады. Бұл – жастарымыздың патриотизмі мен еңбексүйгіштігінің өмірдегі тағы бір жарқын көрінісі. Осы бағдарламаны жүзеге асыруға ендігі 200 мыңнан астам жас қатысты. Олар 44 миллионнан астам ағаш отырғызды, 111 мың гектар жерді абаттандырды! Мен еңбек отрядтарының барлық жауынгерлеріне ыстық сәлемімді жолдаймын және Отанымыздың игілігіне арналған өнімді жұмыс тілеймін! Маған жастар өкілдері әлденеше рет шағыммен жүгінді, кейбір өңірлерде бұл жұмыс бөгелуде. Бұл жай ғана экологиялық шара емес, терең өмірлік мәні бар, аса маңызды шаруа. Жасыл ел дегеніміз – Мәңгілік ел. Біз елімізді жапырағы қуармайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын Мәңгілік Жасыл елге айналдыруымыз керек. Кейінгі ұрпаққа желде ық, суықта пана, ыстықта сая болатын Мәңгілік Бәйтерек тұрпатты Жасыл елді табыстауымыз қажет! – деп нықтаған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы ассамблеясының ХХІ сессиясында Үкіметке бір ай мерзімде «Жасыл ел» қозғалысын ары қарай дамыту бағытындағы ұсыныстар енгізуді жүктегені белгілі. Енді міне, Президент тапсырмасынан кейін игілікті іс жалғасын таппақ.
Бiлiм және ғылым министрiнің айтуынша, «Жасыл ел» қозғалысының қатарына 20-30 мың студент қабылданады. Олар, негiзiнен, өздерi оқып жүрген қаланы көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына тартылмақ. Сонымен қатар Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов 2014 жылы аяқталуы тиіс болған «Жасыл ел» бағдарламасын Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің қолдауымен жалғастыру туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
–2014 жыл «Жасыл ел» бағдарламасының соңғы жылы екені белгілі. Үкімет отырысында бағдарламаны жалғастыру туралы шешім қабылданды. 2015-2017 жылдарға арналған республика бюджетін жасау аясында осы баєдарламаны жүзеге асыруға қаражат бөлінеді, – деп атап өтті А. Сәрінжіпов.
Сонымен бірге ол келешекте «Жасыл ел» Қоршаған орта және су ресурстары министрлігімен бірге жүзеге асырылатынын айтты. Бағдарламаның өңірлік штабтарының жұмысын күшейту де жоспарланып отыр.
Сондай-ақ студенттік құрылыс отрядтарының және «Жасыл ел» жастар еңбек отрядтарының қатысушыларын Астанадағы «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің нысандарын салуға тарту жоспарда бар.
Ал «Жасыл ел» бағдарламасы басталғалы бері, яғни 2005 жылдан бастап 44 млн ағаш отырғызылған. Бұл жөнінде Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова ОКҚ брифингінде мәлім етті.
– «Жасыл ел» бағдарламасы әрекет еткелі бері оған 200 мыңнан астам жас қатысты. 11 мың гектар жер өңделген, 44 млннан астам ағаш отырғызылды. Бүгінде «Жасыл ел» дамыған институциялық құрылымға ие, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Ал Білім және ғылым министрі «Жасыл ел» бағдарламасын дамыту бойынша бірқатар ұсыныс әзірленгенін айтты. Осылайша құрылыс және жол компанияларын көгалдандырумен айналысатын кәсіпорындардың өкілдерін тартумен «Жасыл ел» үйлестіру кеңестерінің жұмысын күшейту ұсынылған.
Аталған министрліктің мәліметінше, 2013 жылы республикалық бюджеттен бағдарламаны қаржыландыру көлемі 212 млн теңгеге жетті. 2014 жылға қаржыландыру шамамен 2 есеге артып, 404 млн-ға жуық теңгені құрады. Жергілікті бюджеттен 2013 жылы 317,9 млн теңге, 2014 жылы – 303,6 млн теңге бөлініп отыр.
Айкын, 22.04.
Көмір, мұнай, газдың орнына жел, күн мен су. Елімізде баламалы қуат көзіне көшудің кешенді жоспары жасалып жатыр. «Жасыл экономиканың» мақсаты: дәстүрлі қуат көздеріне иек артуды азайтып, қоршаған ортаға арқа сүйеу. Бүгін Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшелері аталған жайды күн тәртібіне қойды. Қазақстанда өткен жылы Ел Президентінің Жарлығымен «Жасыл экономикаға» көшу туралы Тұжырымда бекітілгені белгілі. Халықтың әл-ауқатын жақсартып, табиғи ресурстардың тозуын тежеуді көздейтін жобаның жүзеге асу жолдары қазір Үкіметте қарастарылып жатыр. Құжатқа электр қуатын үнемдеу, тұрмыстық қалдықтарды қайта кәдеге асыру, су ресурсын сақтау секілді ауқымды шаралар кіреді. Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, жасыл технологияны қалыптастыру жолында жиынтығы 20-ға жуық заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі тиіс. Бағдарламаның бастапқы нәтижелері де жоқ емес. Мәселен, Өскеменде күн батареясын жасау зауыты салынды. Ал Шымкентте светодиодты шам шығаратын зауыт іске қосылмақ. Айта кетейік, Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында көмірсутегі дәуірі аяқталып келе жатқанын айтып, болашақта жасыл технология жалпы энергетиканың 50 пайызын толтыруы керек деген еді. Бас баєдарламаны басшылыққа алған депутаттар көшпелі отырыста өзге де көкейтесті мәселелерді көтерді.
Шавхат Өтемісов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-Біздің жалпы өндірілетін энергия көлемінде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланып шығатын энергияның үлесі небәрі 1 пайыздың айналасында. Егер дамыған елдермен салыстырсақ, Еуропада 20-24 пайызға жетіп қалды. Мысалы, кей эксперттердің есебі бойынша күн, су, жел энергетикасының әлеуеті жылына 2 трлн. КВТ сағат энергия шығаруға қол жеткізе алады. Яғни біз осыған заңнамалық түрде тиісті жағдай жасауымыз керек.
Хабар, 17.04.
Әміржан МАЛЫБЕКОВ, «Көлсай көлдері» МҰТП РММ директоры
Үстіміздегі жылғы 17 қаңтарда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» стратегиясын жолдады.
Президент Жолдауы – Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму жолын анықтайтын стратегиялық бағыт болып табылатындықтан, бұл Жолдауда Елбасы еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуіне қатысты Қазақстан тарихына енетін 10 креативті идеясын ұсынды.
Қазақстан Республикасының Конституциясының ІІ бөлімі 38-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті» деп атап көрсетілгендей, «Көлсай көлдері» ұлттық паркі шалғайда орналасқан әсем табиғатымызды, ормандарымызды болашақ ұрпаққа сақтап қалу мақсатында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы №88 қаулысымен құрылған. Бұл парк Қазақстан Республикасы бойынша ұлттық парктердің ішінде – оныншы парк, ал Алматы облысы бойынша Іле-Алатау, Алтынемел және Шарыннан кейінгі төртінші ерекше орны және мәртебесі бар аймаққа жатады. 2007 жылы Кеген орман шаруашылығынан 9 мініс аты және 14 кордонды енші етіп алып, бөлініп шыққан «Көлсай көлдері» ұлттық паркі бүгін-де көпке танымал мекемеге айналды.
Ұлттық парктың 161045 гектар аумағы – Күрметі, Көлсай, Қарабұлақ орманшылықтарынан тұрады. Сондай-ақ Ұлттық парк территориясының инфрақұрылымының бас жоспарын жасау және техника-экономикалық негіздемені қайта қарап, түзетулер енгізіліп, Орман және аң-шылық шаруашылығы комитетінде 12.01.2010 жылы №17 болып бекітілген функционалдық зоналар келесідей болып төрт аймаққа бөлінген: қорық аймағы, экологиялық тұрақтылық аймағы, рекреация және туризм аймағы, шаруашылығы шектеулі аймақ.
Мекемеде барлығы 150 адам жұмыс істейді. Ұлттық парктің алып жатқан аумағының табиғатын зерттеу, байлықтарын үнемдеу, сақтау бағытында үш бөлім жұмыс жасайды: ғылым және мониторинг бөлімі, табиғат кешендерін қорғау, қалпына келтіру бөлімі, экологиялық ағарту және туризм бөлімі.
«Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі мемлекеттік табиғи қорық қорын, биологиялық саналуандықты, ерекше экологиялық, рекреациялық және ғылыми құндылығы бар бірегей табиғи және тарихи-мәдени кешендер мен объектілерді сақтау міндетін алға қоя отырып, аумақтың табиғи ландшафтарын қорғау, болашақ ұрпаққа табыстау, аманат ету мақсатында тынбай жұмыс атқарып келеді.
Ұлттық парктің табиғат жағдайына келсек, аумақты жер бетіндегі жұмаққа теңеуге болады. Парк аумағында теңіз деңгейінен 1800-3500 метр жоғарыда өсетін өсімдіктер мен жануарлар, керемет өзендер мен көлдер, қырлы ландшафттар кездеседі. Әлі де болса, адам аяғы баспаған, шаруашылық тіршілігі жүргізілмеген ерекше табиғи орта кездеседі. Олардың ішінде аса құнды табиғи көрнекілігімен тартатын Қайыңды, Саты, Көлсай, Күрметі, Талды, Құдырғы, Кіші өрікті, Үлкен өрікті, т.б. барлығы үлкенді-кішілі 20-дай өзен бар, олар Солтүстік Тянь-Шань тауының Күнгей Алатау сілемдеріндегі Шелек өзеніне құяды. «Солтүстік Тянь-Шань маржандары» атанған Күнгей Алатауы қойнауында Көлсай, Қайыңды көлдері орналасқан. Бұл көлдердің пайда болу тарихы шамамен 1887-1911 жылдарға сәйкес келеді. Көлдер тектоникалық жағдайлардың әсерінен пайда болған.
Көлсай өзенінің ағымында өзіндік ерекшеліктері бар, көрікті үш көл әртүрлі биіктікте қатар орналасқан.
– Жоғарғы Көлсай көлі теңіз деңгейінен 2650 метр жоғары, ұзындығы – 580 метр, ені – 190 метр, аумағы – 180 шаршы метр болса, тереңдігі – 24 метр.
– Ортаңғы Көлсай көлі теңіз деңгейінен – 2280 метр биіктікте орналасқан, ұзындығы – 1180 метр, орташа ені – 298 метр, аумағы – 343 шаршы метр, тереңдігі – 27-30 метр.
– Төменгі Көлсай көлі теңіз деңгейінен 1800 метр биіктікте жатыр, ұзындығы – 1520 метр, орташа ені – 222 метр, аумағы – 30 гектар, тереңдігі – 36,6 метр болады.
Қайыңды сайында ертегіге ұқсас, әдемі де көрікті Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1867 метр биіктікте жатыр. 1910 жылы жер сілкінісінің әсерінен тау жыныстары құлап, өзенді бөгеу салдарынан қарағайлы сай су астында қалып, аумаққа ерекше бір әсерлі де әдемі көрініс беріп тұр.
Ұлттық парк ботаника, зоология саласы бойынша ғылыми институттардың білікті мамандарымен бірлесіп, зерттеу жұмыстарын жүргізу жайлы өзара келісімшартқа отырып, жоспар бойынша қомақты істерді жүзеге асыруда.
«Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында 704 өсімдік түрі кездеседі. Өсімдіктер түрлерінің азайып, сиреп бара жатқан 12 түрі Қазақстан Республикасының «Қызыл кітабына» енгізіліп, ерекше қорғауға алынған, олар – күнгей бозы, жылтыр жанаргүл, Тянь-Шань жанаргүлі, Семенов айдаршөбі, жирен ақбасқурай, сабақсыз лейоспора, Бекетов неуро-ломасы, Семенов кортузасы, Алматы ақжапырағы, гүлкекрелі себетбас, жайылмалы Шренк шыршасы, күмбел саршатыры.
Шың басында өсетін аты әлемге әйгілі еңлікгүл (Эдельвейс Федченко) Тянь-Шань және Жоңғар Алатауының теңіз деңгейінен 1800-2000 метр биіктігінде өседі, көпжылдық өсімдік, күрделігүлділер тұқымдасына жатады. Кептірілген еңлікгүл көп жыл сақталады және өңін жоғалтпайды. Алғаш көрген адамға таңғалыс пен қызығушылық тудыратыны рас. Константин Паустовскийдің өзі таңғалып отырып: «Бұл өсімдікті гүл деп айту қиын, мойнына ақ үлпек оранып, мұздың суығынан қорғанған кішкентай жұлдыз дерсің» деген екен.
Ұлттық парк аумағында бүгінгі күнге анықталған дәрілік өсімдіктердің 47 түрі кездеседі. Олар: кәдімгі шайқурай, қара андыз, қара бөрі қарақат, Түркістан шүйгіні, ақ езу борпысы (уқорғасын), қалақай, кәдімгі өгейшөп; дәрілік жеміс-жидектерден: шырғанақ, таңқурай, бүл-дірген, қарақат, итмұрын, қой қарақат, рауғаш өседі. Аталған өсімдіктер халықтық медицинада кеңінен қолданылады.
«Көлсай көлдері» ұлттық паркі жануарлар дүниесіне бай, мұнда сүтқоректілердің – 50 түрі, құстардың – 197 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 2 түрі – өрнекті қарашұбар жылан, кәдімгі қалқантұмсық жылан және қос мекенділердің 2 түрі – жасыл құрбақа, сүйіртұмсық бақа кездеседі. Ихтиофаунаға балықтың 2 түрі – бахтах және тибеттік жалаң көкбас, этно-фаунаға жәндіктердің 147 түрі кіреді.
Жануарлар әлемінен сүтқоректілердің 6 түрі – Тянь-Шань қоңыр аюы, орта-азиялық өзен камшаты, Түркістан сілеусіні, ілбіс, Тянь-Шань арқары, тас сусары; құстардың 13 түрі – қара дегелек, бақалтақ қыран, бүркіт, сақалтай, құмай, бидайық, орақтұмсық, үкі, көк құс, жүнбалық байғыз, қаршыға ерінді жапалақ, әсем шымшық, қызылқұнақ Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Ілбіс (қар барысы) Халықаралық Қызыл кітапқа тіркелген.
Ұлттық парк құрылғалы бері мемлекеттік инспекторлардың жауапты қорғау жұмыстарының нәтижесінде, жылдан-жылға жабайы жануарлар санының тұрақталуы, кейбір жануарлардың көбейіп, өсуі байқалады.
Ұлттық парк аумағы бойынша 2 жерде бақылау-өткізу тоспалары жұмыс істейді. Кейінгі жылдар ішінде ұлттық парк аумағына келуші туристер мен демалушыларға ақылы қызмет көрсету нәтижесінде республикалық бюджетке және арнайы есепшотқа қомақты мөлшерде қаражат түсіп, қаражат түсімі жылдан-жылға артып отыр. Атап айтсақ, 2007-2014 жылдар аралығында парк аумағына келген туристер саны 77 499 адамды құраса, олардан республика бюджетіне түскен қаражат 11 830 849 теңге болды. Экологиялық ағарту және туризм бөлімінен парк құрылғалы бері арнайы есепшотқа 43 422 100 теңге қаражат түсті. Осы қаражат мекеменің орманды қорғау және қалпына келтіру шараларын жүргізу мақсатына ГАЗ-3308 және УАЗ-31519-017 автокөліктерін, 35 бас мініс аттарын, туристік инвентарлар мен экологиялық ағарту шараларына, маусымдық жұмыскерлер жалдауға жұмсалды.
Бельгия, Германия, Франция, АҚШ, Дания, Ұлыбритания, Чехия, Австралия, Италия, Ресей сияқты шет мемлекеттерден келген 33 туристен аңшылық шаруашылығын пайдаланғаны үшін арнайы есепшотқа 2011–2014 жылдар аралығында түскен қаржы – 6 901 456 теңгені құрады.
«Көлсай көлдері» МҰТП РММ 01.06.2012 жылы Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Индустрия туризм комитетінен Қазақстан Республикасының «Лицензиялау туралы» заңына сәйкес туроператорлық қызметті жүзеге асыруға №ТО-1140 лицензиясын алды.
«Жасыл экономикаға» көшудің қажетті шарттарының бірі – қалың бұқараны, яғни жергілікті тұрғындарды, мектеп оқушыларын қоршаған ортаны қорғау бойынша жаңа эко-мәдениетке тәрбиелеу. Парктегі экологиялық ағарту және туризм бөлімі мамандары ауыл тұрғындары мен ұлттық парк аумағына келуші туристер және демалушыларға экологиялық ағарту жұмыстарын (сабақтар, әңгімелер жүргізу, буклеттер тарату т.б.) тұрақты түрде жүргізіп отырады.
Мекемеде ұлттық парк аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғат байлықтарын сақтау алға қойылған. Қазіргі кезде ұлттық парк аумағы бойынша Тарихи және мәдени ескерткіштердің (археологиялық) 4 нысаны анықталып отыр. Олар:
– «Таңбалы тас» сайы Жалаңаш-Саты жолынан 1 шақырым қашықтықта, Қарабұлақ өзенінің жоғарғы ағынында, Қарабұлақ ауылынан 4 шақырым жерде орналасқан.
– Шелек өзені мен Қайыңды өзенінің қосылған жерінде, сол жақ жағалауында «Ашыл тоғай» деген жерде, тастарда тау текелерді атып тұрған аңшыларды бейнелеген көне таңбалар бар тастар (петроглифтер).
– Қарасай және Қасқасу сайларының қосылған жерінен 500 метр жерде, Қарасай өзенінің оң жақ жағалауында «Әденнің үйі» деген ХІХ ғасырдың соңы ХХ ғасырдың басында ағаштан салынған қазақ болысының үйі сақталған. Үйдің әр ағашында орыс патшасының таңбасы – самұрық құстың бейнесі ұрылған.
– Саты ауылы мен Күрметі ауылдарының аралығында 5 шақырым жерде «Көне қала – Барысхан қала» деген жер орналасқан. Жергілікті халықтың ішінде осы жерді зерттеумен айналысып жатқан адамдардың айтуынша, космостық түсіру жүргізгенде «Барысхан қаласының» орналасуы осы жерді көрсеткен. «Барысхан қаласының» ерекшелігі – бұл қалада Махмуд Қашқари туған деген тарихи дерек бар. Бұл туралы Байұзақ Қожабекұлының «Тарихи таным Албани» атты 1994 жылы шыққан кітабында деректер келтірілген.
«Көлсай көлдері» МҰТП РММ бүгінде дүниежүзінің біршама дамыған мемлекеттеріне танымал болып үлгерген, болашағы зор туристік кешендердің біріне айналып келеді десек қателеспейміз. Туристік топтарды қабылдау, оларға ақылы қызмет көрсету, туристерге орындар ұсыну жұмыстары қолға алынған. Парк Алматы қаласындағы «Компас» ЖШС, «Азия дискавери» ЖШС, «Бласт Тур» ЖШС, «Arnai tours» ЖШС, «Жібек жолы» компаниясы секілді туристік фирмалармен келісімшарт арқылы жұмыс істейді.
Болашақта «Күрметі ауылы – Ортаңғы Көлсай көлі» және «Талды кордоны – Қыземшек шыңы» Шелек өзенінің бойымен Талғар шыңына дейін экологиялық соқпақтарын жасау (ашу), олардың төлқұжаттарын уәкілетті органдар арқылы бекіту қарастырылып отыр. Сонымен қатар сметалық жобалау құжаттары бекітілсе, 24 кордон (қызметтік үй) салсақ деп отырмыз. Бұл аталған жұмыстар мекеменің 2014 жылға арналған жылдық жоспарына және 2014 – 2019 жылдарға арналған Бас жоспарына енгізілген. Парк сұранысқа ие болып отырған туризм саласы – экологиялық туризмнің дамуына өз үлесін қосып отыр және де бұл бағыт бо-лашақта өз жалғасын таба береді. Сонымен қатар, Елбасымыздың Қазақстан халқына жолдауында аталып өткен медициналық туризмді дамытуға, ұлттық сусынымыз – қымызды туристерге жарнамалау, денсаулыққа пайдасын насихаттау мақсатында асхана мәзіріне қосу арқылы болашақта өз үлесін қосатын болады.
Айкын, 18.04.
Сәдібек ТҮГЕЛ, эколог:
– Алматы экологиясының осындай күйге жетуіне жергілік атқарушы билік өкілдері кінәлі. Қалаға басшы болып келгендердің бірі де экологияны ескермеді. Қайта оның ушығына ықпал етті. Бір кездері апорт алмасымен аты аңызға айналған қаланың айналасындағы бақтардан бүгін түк қалған жоқ. Енді оны қалпына келтіру қиын. Әр келген басшы көлік мәселесін шешеміз деп бастама көтереді де, соңына жеткізбейді. Бұл – Алматы қаласының басты экологиялық проблемасы. Сондықтан бірінші кезекте сырттан келетін көліктерді қалаға кіргізбеу мәселесін оңтайлы шешу керек. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Ол үшін, алдымен, қала әкімдігі сырттан келетін адамдарды қала сыртында көлік қоятын тұрақ пен қалаға еш кедергісіз жеткізетін қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуі тиіс. Оған қоса, жүк көліктері қаланы сырттай айналып өтетін жол салу қажет. Сондай-ақ, жылу жүйелеріндегі мазут, көмір пайдалануды толықтай газбен алмастыру керек. Сонан соң қала ішіндегі құрылыс заттарын сататын базарларды, бірінші кезекте, сыртқа көшірген жөн. Өйткені, ауаның ластануына құрылыс заттарының да қосып отырған үлесі аз емес. Біз әліге дейін экологияның қасіретке ұрындыратынын ескермей келеміз.
Құралай КӘРІБАЕВА, Экология және орнықты даму институтының директоры:
– Алматы ойпаң жерде орналасқандықтан ауаның табиғи желденуі дұрыс жүрмейді. Сондықтан қала үстінде зиянды заттар жиналып қалады. Сол үшін ауаны тазартуды амалға асыру керек. Өкінішке қарай, бір кездегі жасыл желекке оралған қала, бүгінде ондай қалыптан тайған. Қала құрылысында архитектуралық заңдылықтар сақталмай отыр. Қала ішіндегі саябақтар оталып, орнына зәулім ғимараттар салынып жатыр. Олар желдің жолын бөгейді. Жаңа салынып жатқан шағын аудандардың жобасында саябақ қарастырылмаған. Ауаның тазаруында жасыл желектің алатын орнын ескерсек, бұған жол беруге болмайды. Құрылыста экологиялық таза материалдарды пайдалану қажет. Сонан соң, жанармайды газға алмастыру арқылы көліктен келетін залалды азайту мәселесін шешу қажет. Бізде қала ішінде түтіні будақтаған ескі көлік те, жүк көлігі де жүре береді. Өткен жылы қала әкімдігі «Алматының таңдауы – жасыл экономика» деген бастаманы қолға алды. Онда мен жоғарыда айтқан мәселелерді шешу жолдары көрсетілген. Сондай-ақ ол бастамада өндіріс ошақтарын қала сыртына шығару, жылу жүйесіне пайдаланатын отынды зиянсызымен алмастыру мәселесі де қаралған. Егер осы жоба қағаз жүзінде қалмай, іске асып жатса, 2020 жылға қарай Алматы қаласының экологиясы біршама жақсаруы тиіс. Мен соған үмітпен қараймын.
Атамұрат ШӘМЕНОВ: экономика ғылымдарының докторы, профессор:
– Алматының экологиялық мәселесі – сақалды проблема. Кеңес Үкіметі кезінде осы мәселені оңтайлы шешу туралы екі қаулы қабылдаған. Бірақ ол үкімет құлап, ол қаулы күшін жойды. Ал, егеменді ел болғалы ширек ғасыр өтсе де, осы мәселеге қатысты ҚР Үкіметінің бірде-бір қаулысы шыққан емес. Одан бері бұл мәселе үш-төрт есе күрделіленіп кетті. Ауаның ластануы өте жоғары деңгейде. 90-жылдарда әр адамға 70 келі зиянды қалдықтан келсе, қазір 200 келіден асып жығылады екен. Ол қалада ескі көліктердің шектен тыс көбеюімен де байланысты болып отыр. Қалаға кіре берісте экологиялық посттар ашылды. Бірақ солардың талапқа сай болмаған көлікті қайтарып жібергенін не ахауын түзеткенге дейін жүруіне тыйым салғанын көргем де, естігем де жоқ. Солардан түсіп жатқан ақшаның да экология мәселесін шешуге жұмсалып жатқанына күмәнім бар. Түтіні бұрқыраған көліктер қала ішінде қаптап жүр. Сондай көліктерді ұстап, пайдалануға тыйым салатын потрульдік-экологиялық полиция қажет. Сонан соң жылу жүйесінде пайдаланатын отындарды толықтай газға ауыстыру керек. Қазір әкімдік дизель отынымен жүретін қоғамдық көліктерді газбен жүретін автобустармен алмастырып жатыр. Сосын, экотакси деген пайда болды. Бұл құптарлық қадам. Алайда бұл аз. Егер газ құятын жанармай стансаларын көбейтсек, онда жекеменшік көліктерін газға ауыстыратын азаматтар да көбейеді. Өйткені, газ әрі арзан, әрі көлік қозғауышының таза және ұзақ мерзімге жұмыс істеуіне септігін тигізеді.
Автор: Қалдар КӨМЕКБАЕВ
Алаш Айнасы, 17.04.
Рудныйлық жастардың “Мусора. Больше. Нет” атты жобасы Х республикалық әлеуметтік идеялар мен жобалардың жәрмеңкесінде “Беймәлім Қазақстан” эко-аталымын жеңіп алды.
Тұңғыш Президент қорының қолдауымен ұйымдастырылған “Менің елім – менің жеке жауапкершілігім” байқауына биыл 200-ден астам жұмыс келіп түскен. Жәрмеңкеге еліміздің барлық өңірінен үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдар қатысты. Аталмыш жобаны жастар ресурстық орталығының жетекшілері Максим Фролов пен Римма Мең-дібаева әзірлеген. Жобаны жүзеге асыру 4 кезеңнен тұрады. Олар экология мәселелерін көтеруге БАҚ-ты тарту, балабақшалар мен мектептерде экологиялық сабақтар жүргізу, экологиялық акциялар мен апталықтар өткізіп, Алексеев қорымы тарихи ескерткішінің аумағын тазарту және экологиялық патрульдер ұйымдастыру.
– Мамыр айында өз бастауын алатын экологиялық қозғалыстың нәтижесінде Рудный қаласы одан әрі гүлдене түсеті-ніне сенімдіміз, – дейді жастар.
Қазақстанның ең үздік 30 эко-жобаның арасынан рудныйлықтардың жеңіп шығуы кездейсоқ емес. Себебі, Максим Фролов бастаған бір топ жастар бұдан бұрын бірнеше рет осындай маңызды жобаларды жеңіп алып, оларды табысты жүзеге асырып, билік пен тұрғындардың тарапынан зор қолдауға ие болған.
Жалпы алатын болсақ, әлеуметтік жәрмеңкеде үміткерлер 9 аталым бойынша сайысқа түсті. Тапсырылған жұмыстардың ішінен 35 жоба іріктеліп қаржыландырылады. Биыл байқаудың жүлде қоры шамамен 40 миллион теңгені құрап отыр.
Қуаныш СЕЙДОЛЛАҰЛЫ
Қостанай таңы, 16.04.
Қазалы қаласы М.Горький атындағы №16 орта мектебінде Республикалық «Жасыл бақ – таза қала» табиғатты қорғау акциясы аясында «Жасыл жапырақ – Зеленый лист » атты жасыл желектерді отырғызу шарасы өткізілді.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ата-аналар мен оқушыларға аудан көлеміндегі 15 наурыз-15 мамыр аралығында көркейту-көгалдандыру жұмыстары өткізіліп жатырғаны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, мектепте жасыл желектерді отырғызу шарасы өткізілетіндігі айтылды. Шараға 1-11-сыныптар аралығындағы оқушылар, мектебіміздің мақтанышы бола білген дарынды оқушыларымыз және ата-аналар қатысып, түрлі ағаш көшеттерін отырғызды. Мектеп бітіруші түлектер өздерінің ағаш көшеттерін отырғызып, ары қарай баптауды 1-сынып оқушыларына тапсырды. Шараға мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Ұ.Бисенбай, «Асқар тау» әкелер одағының төрағасы Е.Алғашбаев арнайы шақырылды. Мектеп директоры Ерлан Әмірханұлы мектеп оқушыларына, ата-аналарға құттықтау сөз айтып, саттілік тіледі. Үздік оқушылар Асанова Нұргүл мен Асанова Арайлымның ата-анасы Асан аға оқушылар мен ата-аналарға сәттілік тілеп, ұжымның бастамасына ризашылығын білдіріп ақ батасын берді.
Сыр бойы, 15.04.
11 сәуір күні Астанада қаланың тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғауға арналған «Ескерткіштер - ел тарихы» атты жастар акциясы басталады. Бұл туралы қалалық ішкі саясат басқармасы хабарлады.
Акцияның мақсаты – қаланың тарихижәнемәдени ескерткіштерін қорғау, сондай-ақ жастарды патриотизм рухына, халықтың тарихы мен мәдениетіне деген сыйластыққа тәрбиелеу.
Хабарланғандай, Астананы санитарлық тазарлау, абаттандыру мен көгалдандыру бойынша экологиялық бір айлық 7 сәуірде басталған.
Айқын, 11.04.
Жақында елордада «Астана Тазарту» ЖШС-нің газбен және дизель отынымен жүретін соңғы үлгідегі құралдарымен жабдықталған жаңа мамандандырылған техникаларының тұсаукесері болып өтті.
Қаланың экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында «Астана Тазарту» ЖШС-нің тұрмыстық қалдықтар мен күл-қоқыс шығаратын 9 техникасы аталмыш жүйемен жабдықталды. Жабдық толықтай сынақтан өтті. Мамандардың айтуынша, газды отын жүйесін енгізудің басты артықшылығы – қоршаған ортаға жіберілетін улы қалдық заттардың мейлінше төмендеуіне ықпал етеді. Сонымен қатар, біртіндеп газды отынға ауысу жанармай сатып алу шығынын айтарлықтай азайтады.
«Еуропа – газ баллоны құралын пайдалануда бірінші орында тұр. Өкінішке қарай, кеңестік кеңістік елдерінде экономикалық тиімділік басымдыққа алынған. Әрине, ол да маңызды екенін түсінемін. Біздің құрал дизель қозғалтқышы шығындыларының экологиялық әсерін айтарлықтай жақсартады және адамның денсаулығына зиян қалдықтарды азайтады», деді тұсаукесерде сөйлеген сөзінде «Автогаз Глобал» президенті Михаил Яковенко.
«Астана-Тазарту» ЖШС – BLUE POWER DIEZEL жүйесін енгізу арқылы қолданыстағы мамандандырылған техникаларына жаңғырту жүргізген қаладағы бірден-бір коммуналдық кәсіпорын. «Астана Тазарту» ЖШС бас директоры Иван Лавриненко мәлімдегендей, 3 айлық сынақ мерзіміндегі нәтиже көңіл көншітерлік. «Әр машинадан шығатын экологиялық қалдықтар автоматты түрде 0,12-ден 0,02-ге азайды. Екінші бізді қызықтырып отырған мәселе, жаңа қондырғының кәсіпорынға тигізетін экономикалық тиімділігінде болып отыр. Жаңа қондырғылар кәсіпорынға бірқатар қаржы үнемдеуге жағдай жасайды. Үнемделген бұл қаражат құрылғыны орнату жұмысын ақтайды және парк техникаларын тағы да жаңғыртуға мүмкіндік береді. Биыл біз осындай 7 жаңа техника алуды жоспарлап отырмыз. Бұл әрине жұмысымызды оңтайландырады. Жұмыс кестесінде кедергілер болмайды және жаңа жұмыс орындары ашылады», дейді кәсіпорын басшысы.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
Егемен Қазақстан, 10.04.