Кері байланыс
- 100% +
Қәріп өлшемі

Қазақстан Республикасының « Жасыл экономика » саясатына көшуі

Дереккөз: aret.ru

Қоғамда «жасыл экономика» сөз тіркесі барынша жиі қолданыла бастады. Өткен «РИО + 20» Саммитінен кейін ел Президенті осы сөзді елді ары қарай дамыту жолындағы бірінші дәрежелі факторлардың бірі ретінде белгіледі.

«Жасыл экономика» — бұл табиғи қорларды тиімді пайдалану есебінен қоғамның әл-ауқатын сақтауға бағытталған, сондай-ақ соңғы пайдалану өнімдерін өндірістік циклге қайтаруды қамтамасыз ететін экономика. «Жасыл» экономика бірінші кезекте, қазіргі уақытта сарқылуға ұшыраған (пайдалы қазбалар – мұнай,газ) ресурстарды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған.

Жасыл экономиканың негізінде – таза немесе «жасыл» технологиялар жатыр. Мамандардың айтуы бойынша «жасыл» экономиканы дамыту, көптеген постиндустриалды елдерде өзінің ауқымымен қозғаған экологиялық дағдарысты біздің елде болдырмауға мүмкіндік береді.

мақаланы жүктеу

Астанада туризмді дамытудың жаңа тұжырымдамас қабылданады

Дереккөз: el.kz

Елорда әкімдігі Астанада туризмді дамытудың жаңа тұжырымдамасын қабылдады. Жаңа құжатта оқиғалық, іскерлік және медициналық туризмге ерекше көңіл бөлініп отыр.

Сондай-ақ брифинг барысында ЭКСПО халықаралық көрмесіне дайындық туралы және қабылданған бағдарлама туралы толығырақ айтылды.

Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігінің индустрия департаментінің директоры Марат Иғалиев мәлімдегендей, елордада туристік кластерді дамытудың перспективалары зор.

«2013 жылы Астанада ЭКСПО көрмесін өткізуді ескере отырып 2017 жылға дейін туризм саласын дамытудың шеберлік жоспары әзірленген болатын. Сондай-ақ, біз Астанада 2020 жылға дейін туризмді дамыту тұжырымдамасын таныстырдық, келесі жылы қаланың бренді таңдалады», - деп атап көрсетті Марат Иғалиев.

18 жылда Астанадағы қонақ үйлердің саны 40 есеге артса, шетелдіктердің қалаға келуі 50 есеге ұлғайған, ал ішкі туризм 43 есеге өсіп отыр.

«Егер Астананы 1000 тұрғынға шаққанда келетін туристер саны бойынша салыстыратын болсақ, біз Сеул, Стамбул сияқты қалалармен бір қатарда тұрмыз. Қалада бізге болашақта туризмді дамытуға көмектесетін маңызды алғышарттар бар. Біз іскерлік, оқиғалық және медициналық туризмді дамытуға басымдық бермекпіз. Қазір Астанада кең ауқымды оқиғаларды өткізу үшін сыйымдылығы әр түрлі құрылыстар жетерлік. Оқиғалық туризмді дамыту үшін қажет негізгі және басымдықты қадамдардың бірі MICE туризм бойынша ірі халықаралық қауымдастықтарға кіру болып табылады», - Астана қаласының инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров.

Туристердің тұрақты ағымын қалыптастыру үшін маусымдық шаралар өткізу жоспарланған, мысалы қыста – Қар және мұз фестивалі немесе көктемде – Квадрокоптерлер жарысы бойынша Ашық чемпионат және т.б. Сондай-ақ, «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру мен медициналық кластерді дамыту туристер ағынын арттыруға серпін береді. Астанада ең озық медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған заманауи медициналық орталықтардың желісі құрылып, дамып келеді, оның базасында шетелдік пациенттерді тартып, оларға қызмет көрсетуге болады. Бүгінгі күні елорданың бірнеше кардиологиялық клиникасында 17 мыңнан аса күрделі және бірегей операция жасалған.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта елордада ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-інің директоры Санияр Айтекеновтың айтуынша, Астанада туристерді тарту үшін жаяу жүргіншілерді бағдарлау жүйелері – пилон нұсқағыштар құрылды. Қызыл түсті туристік автобустар бағыты ашылып, ақпараттық дүңгіршектер іске қосылды. Қызмет көрсету саласының сапасын көтеру мақсатында Recommended by EXPO-2017 Астана қаласының әріптестік бағдарламасы жұмыс істейді, оған қонақ үйлер, хостелдер, қоғамдық тамақтану нысандары, қызмет көрсетуші кәсіпорындар және көлік компаниялары қатысуда.

«Ағылшын тілін оқытуға баса назар аударылуда. Аталған бағдарламаға қатысқан жүзге жуық адамның 50% курстан өтті, сондай-ақ, ағылшын тілінен дайындықтан өтуге арналған ақпараттық орталықтар бар, олар біздің қызметкерлерді ақысыз негізде оқытуға дайын. Сондай-ақ, егер адам такси шақырып, оған түсініксіз тілде сөйлесе, турист call-орталыққа хабарласса, операторлар оған сөздерді аударып береді», - деді Санияр Айтекенов.

Брифингтің соңында елорданың туристік дестинация ретінде ғана емес, тұрғындар үшін жайлы шаһар ретінде де дамып келе жатқаны атап көрсетілді.

Tesla model 3 электрикалық көлігі.

Дереккөз: el.kz

Он жылдан астам болған дақпырттан кейін Tesla Motors компаниясы дәл қазір Model 3 электрикалық көлігін Хауторн зауытында көпшілікке таныстырды. Model 3 туралы жаңалықтар енді ғана жарық көруде. Сондықтан әзірге белгілі болған бар ақпаратпен сіздермен бөлісе отыруға шештік.

Су жаңа Model 3 седаны оған дейін болған Model Х кроссоверына қарағанда әлдеқайда қолжетімдірек болады. Оның бастапқы бағасы $35,000 айналасында межеленеді. Бұл ғаламшардың экологиясына бейжай қарамайтын адамдар үшін жақсы жаңалық. Егер қаласаңыз Tesla Motors-тыңресми сайтында Model 3-ке алдын ала тапсырыс бере аласыз. Қазіргі уақыттың өзінде төрт сағат ішінде 133 000-нан астам алдын ала тапсырыс келіп түскен екен (тапсырыс беру Астана уақыты бойынша 7:15 басталды).

Компанияның бас директоры Элон Маск электрикалық көліктер әлемге таралады деген үлкен үмітте. Оның айтуы бойынша сіз 35,000 АҚШ долларына Model 3-тен артық көлік таба алмайсыз.

Жаңа темір тұлпар 100 км/сағ жылдамдығын 5 секунд ішінде өрбіте алады. Бүкіл Model 3 көліктері жоғары жылдамдықты операциялық жүйемен қамтамассыз етіледі.

Автопилот жүйесі Tesla-ның өзге көліктеріндегідей қалыпты режимде жұмыс істейді. Сол себепті қауіпсіздік туралы алаңдамауыңызға болады.

Көлік алдыңғы шынысынан бастап жүксалғышқа дейін түгел әйнекпен қапталған. Сонымен қатар, бұл көліктің екі жүксалғыш бөлімі бар: алдында және артында. Элон Масктың айтуы бойынша сіз көлігіңізге тіпті 2 метрден асатын серфинг тақтайын да сыйғыза аласыз.

Tesla Motors компаниясының бұған дейін көлік нарығына шыққан Model S және Model Х моделдері өте қымбат. Бұл көліктерді алу үшін қалтаңыздан кем дегенде $100,000 шығару керек болады. Ал су жаңа Model 3 көлігін компанияның болашағы деп нық сеніммен айтуға болады.

Алайда компания өз көлігін 18 айдан кейін, яғни 2017 жылдың соңында шығаруды жоспарлап отыр. Компанияның басты мақсаттарының бірі диллерлік және сервистік қызметті екі есе ұлғайту. Сол арқылы Tesla көліктерін екі есе көбірек сатып, барлық көліктеріне «күтім» жасай алады.

Бас директор бүгін 3-моделді таныстыру барысында Model S және Model Х көлігінің иелеріне көліктердің жетілдіруіне қаржылай өз үлестерін қосқаны үшін үлкен алғысын білдірді.

Қазіргі таңда Элон Маск өз компаниясын сәттілік атты жолмен жүргізіп бара жатыр деп айтуға толық мүмкіндік бар.

Өндірісті өлкенің жасыл «өкпесі»

Дереккөз:ortalyk-kaz.kz

Қарағанды мен оның индустриал­ды серіктес қалаларының атмос­фералық ауасын жақсартудың бір­ден-бір тиімді жолы орман жамылған жасыл желек алқабы екені белгілі. Бұл жұмыс өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан, Қарағанды бү­кілодақтық үшінші көмір ошағы болып қалыптаса бастаған кезеңнен бастау алған. Аға ұрпақ өкілдері «Дальний парк», «Зелентрест», «ВЛКСМ-нің 30 жылдығы атындағы парк», «Көктем» совхозы» сияқты ұғымдарды жақсы біледі. Өндірісті өлкенің жасыл «өк­песінің» негізін құраған солар. Мекемелер бір ашылып, бір жабылып, маңдайша жазуын өзгертіп жатады. Ал, оларда еңбек еткен адамдардың, бір сөзбен айтқанда, орманшы қау­ымның қолтаңбасы міне, бізге жай­қалған саябақтар мен гүлзарлар, қала сыртындағы демалыс аймағы болып қалып отыр.
Орман өсіру оңай шаруа емес. Қандай ағаш түрі қай жерге бейім екенін білу үшін алдымен топырақ құрамын зерттеп алу қажет. Әйтпесе, тұқымбақта (питомник) дән қауызын жарып, қылтанақтай болып өсіп, одан кейін отырғызылған көшет қурап қалуы мүмкін. Қарағанды орман­шы­ларының жылдар бойғы тынымсыз еңбегі арқасында Қарағанды мен оның серіктес қалаларының төңі­ре­гінде, сондай-ақ, табиғат сыйға тартқан көрікті жерлерде мемлекеттік орман қоры жасалды. Оның аумағы бүгінде 600 мың гектардан асады, соның ішінде, орманмен көмкерілгені 155 мың гектар. Осының 200 мың гектардан астамы (орманмен көм­керілгені 92 мың га) табиғи ресурс­тар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты 6 орман шаруашылығы коммуналдық мем­лекеттік мекемелеріне қарасты. Қал­ған жер темір жол мен автомобиль жолдары бойындағы қорғау жолақтарына, ұлттық табиғи паркіне (Қарқаралы, «Бұйратау») жатады. Ертеректе отырғызылған Тихоновка ақ қайың тоғайы (10 га), бұрынғы ет комбинаты аумағындағы кәдімгі қарағай тоғайы ( 5,7 га) қала тұрғындарының көз қуанышы. Белағаш (Бұқар жырау), Қараағаш (Жаңаарқа), Қу (Қарқаралы), Қызыларай (Ақтоғай), Ұлытау мемлекеттік табиғи қорық­тары мемлекет қамқорлығында. Осы табиғат тартулары мен өндірісті қала­ларды қоршаған орман алқабын күзету, баптау, орман өсіру ісімен Орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Қарағанды, Теміртау, Ақ­то­ғай, Жаңаарқа, Қу және Ұлытау шаруа­шы­лықтары КММ айналысады.
Басқарманың орман шаруашы­лығы, ерекше қорғалатын аймақтар және жануарлар әлемін қорғау бө­лімінің басшысы Валентина Лузина бірде ол басқаратын бөлім Астана қаласының үлгісімен 2020 жылға дейінгі кезеңде облыстың қалалары мен селолық аудан орталықтарының айналасын жасыл желекпен көмкеру бағдарламасын жасағанын айтып еді. Мәселені пысықтау үшін қара­ғандылық орманшылар «Жасыл Ай­­мақ» РМК, Шығыс Қазақстан облысы мен Татарстаннның Сабы орман шаруашылығының тәжірибесін үйреніп қайтқан. Әрине, мұндай жос­­парларды жүзеге асыру үшін озық техника сатып алып, заманауи технология қолдана білу қажет. Әсіресе, барлық шаруашылықтарда су үнем­дейтін технологияға негізделген тұ­қымбақтар құру маңызды. Сонда 2015 жылы 300 гектардан бастап 2020 жылы 4500 гектарға дейін жасыл желекпен көмкеру сияқты асқақ идеялар қағаз бетіне түскен. Бұған мүмкіндіктер бар ма? «Бар»,– дейді қарағандылық орманшылар.
Өткен жылы мемлекеттік орман қоры алқабында 230 гектар жерге 575 мың түп ағаш егілсе, биыл Теміртау трассасы мен Компанейск поселкесі маңына 240 га алқапқа 600 мың дана ағаш көшеттері отырғызылды. Осынау отырғызу материалдары қайдан алынады дейсіздер ғой?
Қарағанды орман шаруашылығы мекемесінің негізі сонау сексенінші жылдары қаланған өз тұқымбағы бар. Ол Шахтинск қаласына қарасты Но­водолинка поселкесінің шеткері аймағында орналасқан. Жер көлемі 40 гектарды алады. Қуаты жылына 1,3 миллион түп көшеттер өсіріп, орнатуға, халыққа сатуға дейін жетіп отыр. Мұнда Орталық Қазақстаннның қатал табиғатына бейімделген ағаш сорттары тұқымынан бастап өсіріледі. Өсімтал шегіршін, үйеңкі, шаған, жиде сияқты тікпе ағаштармен қатар қарақат, акация, ырғай сияқ­ты бұталар да тамыр жаяды. Тұ­қым­бақтың орманшысы Э.Крюков, суландыру инженері Ө.Мусин алқапты аралатып, екі-үш жылдық өскіндерге алып барды. Әсіресе, мәң­гі жасыл қарағай алқабы жай­қалып тұр. Ертең-ақ қаланың бір кө­рікті жерінен орын теуіп, жұпар исін адамдарға тарту етері сөзсіз…
– Өткен жылы тұқымбақ үшін 44 миллион теңге сомаға Италияның «Ferbo»фирмасының жаңбырлатқыш агретатын сатып алдық. Мұнда суару жұмыстары жаңадан қазылған 4 скважина арқылы жүргізіледі. Қазір тұқымбақ пен орман шаруашылығы мекемесі отырғызатын материалдарды сату, қорғаныс жолақтарын ор­нату, қураған ағаш, тұқым жинау, саңырауқұлақ, дәрілік өсімдіктер теру сияқты ақылы қызмет түрлерімен айналысып, қаржы-қаражат та табады. Биыл жаңа жылыжай салып, бұрын дән себілген алқаптарды қайта құруымыз қажет,– деп алдағы жоспарларымен таныстырды Қарағанды орман шаруашылығы кәсіпорнының директоры М.Мұқанов.
Жалғыз тұқымбақ қана емес орман шаруашылығының өткен ғасырдың 50-жылдары орын тепкен бүгінгі ғи­мараттары да тозығы жетіп тұр екен. Қыста пешпен жылытылады. Үлкен Михайловканың бір шетіндегі Защитная көшесінде орналасқан мекеме орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған.
– Қызметкерлеріміздің жалақысы да төмен. Олар азаматтық қызмет­шілер санатына кірмей қалған. Бас­қарманың басшылары осыны ескеріп жоғары органдарға қатынас хаттар жолдауда,– дейді тағы бір әңгімесінде Мақсат, – Соған қарамастан орманшыларымыз қысы-жазы қырағы қызмет атқаруда. Олар өз істеріне бе­рілген жандар. Мұнда жұмыс бір күн де тоқтамайды. Көктемде ағаш отырғызып, жаз бойы баптап, орман күзетеді. Күзде ағаш кесіп, дән жинаса, қыста тұқым өсіреді. Міне, енді өртке қауіпті кезең басталды. Мемлекеттік орман қоры алқабы тұрғындар тынығу үшін, қаланың өкпесін тазарту үшін құрылған ғой. Мұнда дем алушылар үшін арнайы алаңқайлар жасалған. Тек өртке қарсы шараларды сақтаса болды. Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында біздің тілегіміз сол ғана,– деп ол газет оқырмандарына да құлаққағыс білдіріп жатты.

Жасыл экономика – болашақтың таңдауы

Дереккөз:akikat.kazgazeta.kz

Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты

Еліміздің қойнауы байлыққа толы. Бірақ, ол мәңгілік емес. Күндердің күнінде көмір де, темір де, мұнай да, газ да таусылады. Жыл өткен сайын оларды өндіру де, тасымалдау да қиындай түсуде және қымбаттауда. Ал, әлемдегі өндірістердің көбеюі мен халық санының өсуі энергияға деген сұранысты еселей арттыра түсуде. Энергия өндіруде атмосфераны зиянды уландырғыш заттармен ластайтын – мұнай, газ, көмір және басқа да қорларды пайдалану қоршаған ортаны, планетамыздағы экологиялық жағдайды ушықтырып жіберуде. Бүгінде атмосфераның ең ірі ластаушыларына тау-кен саласы, жылу және электр энергетикасы, мұнай-газ кешені кәсіпорындарының стационарлық көздері жатады. Сондай-ақ, еліміздегі атмосфералық ауаның жай-күйіне автомобиль көлігі де келеңсіз әсерін тигізуде.

мақаланы жүктеу

«АСТАНА ЭКСПО – 2017» бүкіләлемдік корменің Қазақстан электроэнергетикасының дамуына және елімізде жасыл» экономиканы құруға тигізетін әсері

Дереккөз:infourok.ru

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы 2050: Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ» атты Жолдауында көрсетілгендей Астана ЭКСПО – 2017» Бүкіләлемдік көрменің Қазақстан электроэнергетикасының дамуына және елімізге «жасыл» экономиканы құруға тигізетін әсері қарастырылған.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2014 жылғы (17 қаңтар) Жолдауында Қазақстан Республикасының тарихына енетін 10 креативтік идеяны анықтады. Соның ішінде: «Энергетикада – ЭКСПО – 2017-ге дайындық барысында Астана болашақтың энергиясы мен жасыл экономиканы іздеу мен құру жөніндегі озық әлемдік тәжірбиені зерттейтін және енгізетін орталыққа айналды. Жаңа мұнай өңдеу зауыты салынып, ядролық энергетика, оның ішінде атом станциясының құрылысы дамиды» - деп айқын да нақты көрсетті [1].

Энергетика базалық салалардың бірі бола отырып, кез келген мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік саласында маңызды рөл атқарады.

Адамзат алдында тұрған бүгінгі таңдағы ең басты міндет ауаға таралатын көмірқышқыл газын (СО2) азайту болып отыр. Дүние жүзіндегі ауаға таралатын көмірқышқыл газының 30 пайызын көмірмен жұмыс істейтін электр стансалары шығарады. Ал электр энергиясына деген сұранысы күннен-күнге артып келе жатқан Қытайда электр қуатының 62 пайызы көмірмен жағы­ла­тын электр стансаларынан алынады. Егер Қытай шұғыл түрде ауаны ластайтын СО2 көлемін шектемейтін болса, 2030 жылға таман дүние жүзі бойынша шығарылатын көмірқышқыл газының 40 пайызы осы елдің үлесіне тиеді екен.

Сондықтан да қазіргі таңда әлем сарапшылары дүркін-дүркін дабыл қағып, электр қуаты шикізаттарына тиімді балама табу мәселесін күн тәртібіне кеңінен қойып отыр. Барған сайын адамзат үшін ерекше үлкен қауіпке айналып бара жатқан жаһандық жылыну үдерісін тежеу электр энергиясын өндірудің негізгі көзі – көмірсутегі шикізатына балама табу болып табылады. Мамандардың пікірінше, қазір көмірсутегі шикізатына балама ретінде қолданылып отырған биоотын, жел және күн қызуынан алынатын әлемдегі энергия қуатының үлесі әлі де аз.

Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі электроэнергетика саласының даму бағдарламасы Қазақстан Республика үкіметінің қаулысымен бекітілген, №384, 09.04.1999ж.

Қазірдің өзінде Қазақстан бұл көкейкесті мәселе бойынша бірқатар ғылыми жаңалықтар мен озық ойларды алға тартуда. Әрине, «Болашақтың энергиясы» тақырыбының ауқы­мы өте кең. Бұл – негізінен болашақта адамзат игілігіне айналатын балама қуат көздерін ашу үшін жаңа технологияларды өмірге әкелу. Бұл – жаңа балама қуат көздерін игеруге халық­аралық қоғамдастықтың назарын аудару.

Жақында Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) өзінің жыл сайынғы дәстүрлі баяндамасын жариялады. Әлемдік энергетиканың 2012 жылғы ахуалына жан-жақты талдау жасаған бұл құжатта электр қуатын өндіруде көмірден балама энергия көздеріне (БЭК) көшу, ауаға таралатын көмірқышқыл газын (СО2) азайту мәселелері күн тәртібіне ерекше қойылған. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі кезде дүние жүзінде балама қуат көздерін барынша молынан пайдалануға деген шынайы бетбұрыс басталды. Соның арқасында әлемдік деңгейде балама энергия көздерін пайдалану деңгейі бірте-бірте артып келеді.

Алайда мұндай энергияның басым бөлігі мемлекеттік субсидиялар есебінен ғана өндіріліп келеді. Жеке меншік компаниялар балама қуат көздерін дамытуға мүдделі емес. Өйткені олар көп шығын жұмсауды қажет ететін технологияларды өндіріске енгізіп, артық қаржы шығарғысы келмейді. Бірқатар елдерде мұндай қуат көздерін өндіріске енгізу жағдайы тәжірибелік деңгейден аса алмай келеді. Қазақстанда да оны игеру жағдайы тәжірибелік үлгі ретінде көрсету дәрежесінде тұр. Елімізде балама қуат көздерін игеру экономикалық тиімділік беретін өндірістік кең ауқымға шығарылмай отыр. Ал ғалымдардың бірауызды пікірінше, оның Қазақстандағы әлеуеті орасан зор.

Иә, электр қуаты көздерінің балама түрлеріне деген әлемдік сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Ғалымдардың болжамы бойынша, үстіміздегі ғасырдың ортасына таман жа­һандық энергетикалық баланстағы балама қуат көздерінің үлесі 35 пайызға жететін көрінеді. Еуроодақ өзінің мұндағы үлесін 2020 жылдары 20 пайызға, 2040 жылдары 40 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Қазір іс жүзінде барлық дамыған елдерде жаңа технологияны қалыптастыру және дамыту бағдарламалары кеңінен іс жүзіне асырылуда.

Халықаралық энергетикалық агент­тіктің әлемдік энергетиканы дамыту жөніндегі биылғы баяндамасында 2035 жылға дейін оны дамытудың 5 бағыты ұсынылған. Бұл ретте әлемдік қауымдастық «жасыл энергия» бағытына ерекше маңыз беріп отыр. Ауаға таралатын көмірқышқыл газын барынша азайтып, жасыл энергия технологиясы бойынша электр қуатын өндіру көп шығынды қажет ететіндігі белгілі. Бұл ретте субсидия бөлуге түбегейлі бетбұрыс жасап, балама энергетика көздерін дамытуға барынша мән беру қажет. Бүгінде атмосфераны ластауға барынша мол үлес қосып отырған Қытай және Үндістан сияқты мемлекеттерге жылдан-жылға өсіп отырған энергетикалық сұраныстарын қамтамасыз етуде көмірден гөрі балама энергия көздеріне басымдық беруі керек. Ха­лықаралық энергетика агенттігінің дерегі бойынша 2035 жылға таман адам басына шаққанда ауаға СО2 газын шығаруда Ресей және Канада алдыңғы қатарға шығатын көрінеді. Мұндай болжам жасауға бұл елдерде балама энергетика көздерін өндіріске кеңінен қолдануға әлі де жете мән берілмей отырғандығы себеп болып отыр [2].

Қазақстанда қондырылған қуаты 1040 МВт 31 жаңғыртылған энергия көздері (ЖЭК) пайдалануға берілуі жоспарлануда. Оның ішінде: 13 жел электр станциялары, қуаты 793 МВт, 14 шағын су электр станциялары, қуаты 170 МВт және 4 күн сәулесінің энергиясын пайдаланып электр энергияны өндіретін станциялар, қуаты 17 МВт.

Нәтижесінде Қазақстан 2015 жылға жаңғыратын энергия көздерін пайдаланып электр энергияны өндіру 1%-ға, ал 2020 жылда 3% жетеді деп жоспарлануда.

Әрине жоғарыда көрсетілген деректер мағыналы болғанымен, Елбасы өзінің «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ» атты Жолдауында «Астана ЭКСПО – 2017» Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі Қазақстанның электр энергетикасының дамуындағы маңызды мәселенің бірі» деп атап айтты [3].

«Астана ЭКСПО – 2017» - Еліміздің ұлттық жобасы деп Қазақстан Республикасының электроэнергетикасының болашағы ретінде қарастырылуды.

Сондықтан, Бүкіләлемдік «Астана ЭКСПО – 2017» көрмесі туралы және осы көрменің Қазақстан электроэнергетикасының дамуына, болашағына әсері жөнінде қысқаша мәліметтер берілуде.

Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесіне Қазақстан бірінші рет 2005 жылғы 25 наурыз бен 25 қыркүйек аралығында Жапонияның АИЧИ префектурасында болған көрмеге қатысты. Бұл көрменің ұраны –«Табиғат кемеңгерлігі». Көрменің негізгі мақсаты техногендік заманның ең жаңа технологияларының қоршаған ортаны қорғауға тигізетін ықпалын көрсету.

Бүкіләлемдік көрмеге қойылған Қазақстан жәдігерлері, көрмені тамашалауға келген туристтерге Қазақстанды жан-жақты таныстыруға жағдай жасады. Кейін Қазақстан Испания Корольдігіндегі «ЭКСПО – 2008, Сарагосада», Қытай Халық Республикасындағы «ЭКСПО – 2010, Шанхайда», Оңтүстік Кореядағы «ЭКСПО -2012, Есуда» көрмелеріне қатысты. Испания Корольдігінің Саргоса қаласында «Су және тұрақты даму» ұранымен өткен «ЭКСПО – 2008» Дүниежүзілік көрмесіне әлемнің 104 мемлекеті павильондарының арасында Қазақстан павильоны «С» дәрежесі бойынша Қола жүйені иеленді. Қазақстанда Дүниежүзілік көрме өткізу идеясын алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осы көрменің ашылу салтанатында жариялады да, 2011 жылдың 10 маусымында ЭКСПО – 2017-ні Астана қаласында өткізу жөніндегі ресми өтініш Париж қаласындағы Халықаралық көрмелер бюросына тапсырылды.

2012 жылы Халықаралық көрмелер бюросының штаб пәтері орналасқан Париж қаласында халықаралық ұйымға мүше 160 мемлекеттің 100-ден асамы дауыс беріп Қазақстан елордасы – Астана қаласы 2017 жылғы Бүкіләлемдік көрмесін өткізетін басты құрметін жеңіп алды.

Бүкіләлемдік ЭКСПО – 2017 көрмесін өткізу құқығына орталық Азия мен ТМД мемлекеттерінің арасынан бірінші болып Астана қол жеткізді.

2012 жылдың 7 желтоқсанында Қазақстан Рспубликасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ЭКСПО – 2017 Халықаралық көрмесін Астанада өткізу туралы шешім қабылдануына байланысты Қазақстан халқына Үндеуі жарияланды. Онда Елбасы бұлай деді (қысқаша шолу): «Біз елеулі үміткер, осындай халықаралық форум өткізуде тәжірбиесі бар Бельгияның Льеж қаласын жеңіп шықтық [3].

Бұл – Қазақстанның зор табысы. Халықаралық көрмелер өткен 160 жылдан астам уақытта олар негізінен экономикалық алыптар саналатын АҚШ, Франция, Канада, Ұлыбритания, Испания, Қытай және басқада елдерде өтті. Енді олардың қатарына Қазақстанда қосылып отыр. Бұл Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму ісіндегі табыстарын халықаралық қоғамдастықтың мойындауы. Біз үшін халықаралық көрмелер бюросына мүше 160 мемлекеттің басым көпшілігі дауыс берді. Іс жүзінде Астананы бүкіл әлем таңдады.

Бұл – біздің еліміз үшін жаңа энергетиканың және «жасыл» технологиялар алуда аса зор мүмкіндік. Бұл Қазақстандағы тағы бір «халықтық құрылыс» болмақ. Мен «ЭКСПО – 2017-нің біздің тарихымыздың тағы бір алтын парағы болатына сенемін» деп Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның бүкіләлемдік жарқын, ерекше, табысты көрме өткізетіне зор сенімділігін білдірді.

2013 жылдың қазан айының 22 жұлдызында ЭКСПО – 2017 Бүкіләлемдік көрме кешенінің үздік эскиз-идеясы Халықаралық архитектуралық конкурсының қорытындысы жарияланды.Америкалық жоба жеңімпаз аталды. ЭКСПО – 2017 Бүкіләлемдік көрменің басты символы болып шар (сфера) қабылданды. Осы қабылданған жоба туралы қысқаша мәлімет: Қазақстан павильоны киіз үйге ұқсайды. Ол шар (сфера) айрықша нысан. Ол үш қабатты ғимарат, диаметрі 150 м. Автордың көзқарасы бойынша, осы эскиз-жоба қазақтың ұлттық дәстүрлерін «үшінші өнеркісіптік ревалюция» және «Болашақтың энергиясымен» байланыстырады. Эскиз-жобадан одан әрі өз орындарын тапқан нысандар «Энергия әлемі», «Тіршілік үшін энергия», «Қолжетімді энергия», «Менің болашақ энергиям» тақырыптық павильондары [6,7].

«Астана –ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмесіне жүзден астам қатысушы елдер өз павильондарын ұсынады. Ерекше нысан-өнер орталығы. Бұл ЭКСПО-2017 көрмесіне мәдени ойын-сауық бағдарламасы үшін арнайы жасалынатын алаң. Одан кейін корпаративтік павильондар қарастырылған-бұл көрме демеушілері мен серіктестерінің павильондары. Тәжірибелер аймағы-бұл жерде баламалы энергияны қолданудың үздік мысалдары ұсынылады. Конгресс орталығы-яғни конгрестер, конференциялар және форумдар өткізіледі. 10 мың орынға арналған көлік тұрағы жобаланған.

Астанада 2017 жылы ЭКСПО бүкіләлемдік көрмесін өткізу елорданың,жалпы бүкіл еліміздің экономикалық және инфрақұрылымдық дамуына жаңа серпін береді. Яғни, 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында көрмеге әлемнің 100 елі мен 10 халықаралық ұйымның 5 миллионға тарта туристтер келмек. Бұл Қазақстанның халықаралық сахнадағы беделін бұрынғыдан да арттырып, Астананың аймағын тағы да әлемге жария етеді. Астана энергетика саласында үздік идеялар мен тәжірибелерді жинайтын, ғылым мен техниканың, жаңа технологияның ең озық нәтижелерін ұсынатын орталыққа айналады.

Бірінші индустриялық революция XVΙΙΙ ғасырдың аяғында Англияда қарапайым тоқыма өндірісін механикаландырудан басталғаны белгілі. Бұрын қолмен істелген қара жұмыс бір жүйеге бағындырылды. Осылайша завод, фабрикалар пайда болды. Бірінші өнеркәсіптік революциясының жетістіктеріне жол ашқан негізгі қозғалтқыш күш – көмір мен бу болды деп есептейді Джереми Рифкин. Джереми Рифкин-америкалық экономист, саясат танушы [6,7].

Екінші индустриялық революция XX ғасырдың бас кезіне сәйкес келді. Екінші индустриялық революция кезінде электр энергияны өндіру кеңінен тарады. Эдиссонның электрлік жарықтандыру шамы іске қосылды. Телефон, радио, теледидар құралдары пайда болды. Мұнай мен газ өндіру барынша дамыды. Оның өнімдерін пайдаланатын автокөліктер, басқа тұрмыстық техникалар дүниеге кеңінен тарады. Осы үдірістің ақырында адамзат қауымы мұнай мен газдың, басқа да минералды шикізат көздерінің жетіспеушілігіне ұрынды. Жер шарының экологиялық жағдайы нашарлады. Джереми Рифкин адамзатты осы дағдарыстан шығарудың жолы ретінде үшінші индустриялық революцияның жеткенін мәлімдейді.Оның бастапқы да негізгі белгісі ретінде сандық байланыс құралдарының өмірге келіп,ерекше екпінмен дами түскенін айтады. «Интернет» әлемді өзгертті. Бірақ адамзат тұтынып келе жатқан қуат көздері бұрыңғы қалпында қалып отыр. Адамзат ұрынып отырған қазіргі экономикалық дағдарыстар міне осы жағдайдан бастау алып отыр дейді Джереми Рифкин [6,7].

Еуропа елдері қазірдің өзінде күн мен жел энергиясын сенімді түрде молынан игеруде.Болашақта таусылмайтын қуат көзі ретінде сутегін игеруді жолға қоюда.

Демек, баламалы және қайта жаңғыртылатын қуат көздерін игеруге, «Жасыл» экономикаға көшу мәселесін Елбасымыз алдағы 40 жылдың аса өзекті мәселесі ретінде бекерден-бекер атап көрсеткен жоқ. Әрине, Қазақстан мұнай мен газға, басқа да шикізат көздеріне бай ел ретінде таяудағы болашақта дәстүрлі қуат көздерін дамытуға ерекше көңіл бөлетін болады. Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы (17қаңтар) жолдауында бұл жайында анық жазылған. Осы жылдарда, Астана энергетика саласында үздік идеялар мен тәжірибелерді жинайтын, ғылым мен техниканың ең озық нәтижелерін ұсынатын орталыққа айналады деп көрсетілген.

Бүкіләлемдік «Астана ЭКСПО -2017» көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастыру бүкіл әлемге экономика, техника, жаңа технология, инновация салаларындағы үздік үлгілерді көрсету, түсіндіру, жеткізу және дұрыс пайдалану Қазақстан елінің соның ішінде энергетиктердің негізгі мақсаты болып табылады.

Жел энергиясы жөніндегі әлемдік кеңестің мәліметі бойынша, 2020 жылы жел электр стансалары өндіретін электр энергиясының көлемі жаһандық тұтыну деңгейінің 12 пайызын қамтамасыз етуі мүмкін. Бұл орайда жаңадан 1,4 миллион жұмыс орны ашылып, ауаға таралатын көмірқышқыл газының көлемі жылына 1,5 миллиард тоннаға дейін азаяды. Яғни қазіргі көлемінен 5 есе қысқаратын болады. Ал 2030 жылға таман жаһандық энергетикалық өндірісте жел энергетикасының үлесі 20 пайызға жетпек. Жел энергиясы жөніндегі әлем­дік кеңес жел энергетикасының бола­ша­ғын 2020, 2030 және 2050 жылдар кезеңінде көрсеткіштер бойынша 3 кезеңге бөліп қарастырады.

Бірінші кезеңде жел энергетикасын дамытуда жоғарыда айтылған ХЭА-ның баяндамасына байланысты «жаңа саясат» сценарийі жүзеге асырылатын болады. Бұл сценарий бойынша 2020 жылы жел энергетикасының үлесі 1,4 мың тереватт-сағат (1 тереватт-сағат 1 миллиард киловатт-сағатқа тең) элек­тр энергиясы өндіріледі. Ал 2011 жылы әлемдегі барлық өндірілген жел энер­гиясының қуаты 480 тереватт-сағатқа тең болды. Бұл өз кезегінде жа­һандық электр энергиясын тұтынудың 6-6,4 пайызын құрайды. Еуропалық одақтың энергобалансындағы жел энер­гети­ка­сы­ның үлесі қазір дәл осы кө­лемде. 2030 жылға таман оның көлемін 2,4 мың тереватт-сағатқа немесе жаһан­дық тұтыну мөлшерінің 9 пайызына дейін жеткізу көзделініп отыр.

Қазір жекелеген елдерде жел энер­гетикасының қуаты елдегі бүкіл электр энергиясына деген сұраныстың бестен бір бөлігін қамтамасыз етеді. Мәселен, Испания және Дания мемлекеттерінде жел генераторлары барлық тұтынатын электр қуатының 20 пайызын, ал Германияда 10 пайызын қанағаттандырады. 2020 жылы ФРГ-да бұл көрсеткіш 20-25 пайызға дейін жеткізілмек.

Бүкіләлемдік жел энергетикасы ас­социациясының (БЖЭА) мәліметі бойынша, өткен жылы бүкіл дүние жүзінде жалпы қуаты 40 гигаватт жел қондырғылары орнатылған. Сөйтіп, 2011 жылы әлемдегі барлық жел электр стансаларының жалпы қуаты 237 гигаватты құрады. Бұл 280 ядролық реактор қуатының көлеміне тең. Айта кетер болсақ, қазір әлемде барлығы 380 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. БЖЭА-ның болжамдары бойынша, 2020 жылға таман жел генераторларының жалпы қуаты 4 есе өсіп, 1 мың гигаватт электр қуатын өндіретін болады. Соңғы кезде жел энергетикасын дамыту жөнінде Қытай тұрақты түрде көшбасшы болып келеді. 2011 жылы әлемде орнатылған жаңа жел генераторларының жартысына жуығы Аспан асты елінің үлесіне тиді. Дегенмен, жан басына шақ­қанда жел генераторы арқылы электр қуатын өн­діруде Дания, Испания, Германия сияқты Еуропалық одақтың мемлекеттері алда келеді. Жел генераторлары арқылы өндірілген электр қуаты Қытай Халық Республикасында бар­лық электр қуатының 3 пайызын ғана құрайды.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев атап айтқандай Астана электроэнергетика саласында үздік идеялар мен тәжірбиелерді жинайтын, ғылым мен техниканың, жаңа технологияның ең озық нәтижелерін ұсынатын және сол шешілетін мәселелерді тиімді пайдаланатын орталыққа айналуы тиіс. Қазақстанда атом энергиясы, күн сәулесінің энергиясы және жел энергиясы жан-жақты және қарқынды түрде пайдаланылатын болады.

Соның нәтижесінде электроэнергияны қолданатын ғылыми мекемелер, өндіріс салалары дамиды да, Еліміздің экономикасы жоғары деңгейде болатын болады.

Тек сонда ғана Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру жоспары орындалады деп есептеймін.

Қарағандыда «жасыл технологияларды» тарату орталығы ашылды .

Дереккөз: strategy2050.kz

Қарағандыда «Қарағанды агротехникалық колледж» ҚМУ базасында «жасыл технологияларды» тарату орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

«Нұр Отан» ақпараты бойынша, Орталықтың тапсырмасы – еліміздің «жасыл» тәжірибесі мысалында энерготиімді технологияларды оқыту, «жасыл» технологияны қолданумен органикалық ауыл шаруашылығын дамыту перспективалары көрсету, сонымен қатар, шағын энергетика саласындағы еліміздің қол жеткізген нәтижелерін тарату, энергиялық тиімді жылу, жарықтандыру, сумен жабдықтау және басқалары.

Айта кететін жайт, 2015 жылы Ақмола облысы Аршалы ауданы Арнасай ауылында «Жасыл технологиялардың ұлттық академиясы» ұқсас орталықтар ашылған болатын. Ол жерде бүгінгі күні 20 «жасыл» технология апробациялануда.

Бұл жұмыстардың бәрі ендігі күні қарағандылық Орталықта жасалатын болады.

Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өту тұжырымдамасы

Дереккөз: strategy2050.kz

«Жасыл экономика» еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етудің маңызды құралдарының бірі болып табылады. «Жасыл экономикаға» көшу Қазақстанның әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіру жөнінде қойылған мақсатқа қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

Ел алдында тұрған «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі негізгі басым міндеттер:

1) ресурстарды (су, жер, биологиялық және басқа) пайдалану мен оларды басқару тиімділігін көтеру;

2) қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңаларын салу;

3) қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың рентабельдік жолы арқылы халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын көтеру;

4) ұлттық қауіпсіздікті, соның ішінде су қауіпсіздігін көтеру болып табылады.

«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері:

Экономиканың ресурстық секторларында активтерді жаңарту циклі біршама уақыт алады, ал экономикасы табиғи пайдалы қазбаларды өндіруге бағдарланған елдерде таза экономикаға көшуге ондаған жылдар жұмсалады.

Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстан да одан тыс қалмайды.Осыған байланысты «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру үш кезеңмен жүзеге асырылады:

2013-2020 – осы кезеңде мемлекеттің негізгі басымдығы ресурстарды пайдалануды оңтайландыру және табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құру болады;

2020-2030 – қалыптасқан «жасыл» инфрақұрылым базасында суды ұқыпты пайдалануға, жаңартылатын энергетика технологияларын дамытуды көтермелеп, ынталандыруға және оны кеңінен пайдалануға, сондай-ақ құрылыстарды энергия тиімділігінің жоғары стандарттарының базасында салуға бағдарланған ұлттық экономиканы жаңарту басталады;

2030-2050 – ұлттық экономиканың табиғи ресурстарды олардың жаңартылуы мен орнықтылығы қағидаттарында пайдалануды талап ететін «үшінші өнеркәсіптік төңкеріс» деп аталатын қағидаттарға көшуі.

«Жасыл экономикаға» көшуді іске асыру мәселелері «жасыл экономикаға» көшу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен реттелетін болады.

Секторлар бойынша Тұжырымдаманың нақты міндеттерін іске асырудың құралдары, кейіннен түзетіліп, ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару, құрғақшылыққа, жердің бүлінуіне қарсы күрес және топырақтың құнарлылығын көтеру, балық шаруашылығын, аквадақылдарды дамыту мен балық ресурстарын молықтыру сияқты мәселелерге жаңадан назар аударылатын «Агробизнес – 2020» Қазақстан Республикасында агорөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013 – 2020 жылдарға арналған бағдарлама, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, аумақтарды дамыту бағдарламасы, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары, 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасы мен басқа да салалық бағдарламалар сияқты, Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын енгізу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілетін, қолданыстағы бағдарламалық құжаттар болып табылады.

Сонымен қатар Су ресурстарын басқару жөніндегі 2014-2040 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу жоспарланып отыр.

Есептеу бойынша 2050 жылға қарай «жасыл экономика» шеңберіндегі жаңартулар ЖІӨ-ні 3 пайызға қосымша ұлғайтып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетулердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін сапалы өмір сүру стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстан жасыл экономика жолында

Дереккөз: yvision.kz

Соңғы жылдары экология мәселелері үнемі елдің назарында. Олар әртүрлі әлемдік симпозиумдарда, ғылыми конференцияларда одан басқа әлемдік державалардың басшылары басқосқанда кеңінен талқыланады.

Біз үнемі климаттың өзгеруі, Жер атмосферасының ластануы, ормандардың кесілуі және басқа экологиялық мәселелер жөнінде газет беттерінен және журналдардан, теледидар экрандарынан, интернет сайттарынан оқимыз және естиміз. Жағдай еш өзгермей жатыр деп айтуға да болмайды. Көптеген елдер Киот хаттамасына қол қойып, оның нормаларын қатаң ұстануда.

Соған қарамастан, адамдардың Жер экологиясына негативті әсері жалғасып және ол қайғылы одан қоса тұрақты салдарға жиі әкеліп жатыр. Адамдардың денсаулығы нашарлап, бұрын адам баласы естімеген ауруларға кезігіп, су және энергия ресурстартарының тапшылығы байқалып отыр.

Өкінішке орай, экология мәселелері және оның барлық аймақтар дамуына қандай қауіпті әсері болатындығын Қазақстанда өте жақсы біледі. Біздің ел кеңес кезінен бастап, Аралдың құрғап кетуі және Семей полигоны сияқты экологиялық мәселелерді бастан кешті. Адамдардың тікелей қатысуымен және су ресурстарын негізді қолданбауы салдарынан теңіз құрғап қалды.
Қызылорда облысының тұрғындары экологиялық баланстың бұзылуы салдарынан және негізсіз шаруашылық қызмет еткеннен, қорқынышты жайттарды өз бастарынан кешті.

Осы аталған мәселелерге қарамастан, Қазақстан әрқашан экологиясы жайлы ел деп саналатын, орасан зор территория өнеркәсіп аймақтарын бір-бірінен алыс орналастыруға мүмкіндік берді, сондықтан, олардың экологияға әсері сиректетіліп, соншалықты қауіпті болған жоқ. Бақытымызға орай, республикамызда әлі де адамзат қолы тимеген жерлер сақталған. Өнеркәсіптің даму қарқыны, еліміздің өсуі мен болжанған ресурстар тапшылығы, еліміздің Үкіметін, экологиялық мәселелерді жаңаша қарауға және Қазақстанды жасыл экономикаға өтуіне итермеледі.

Жасыл экономика бұл экономикалық теориядағы жаңа бағыттардың бірі. Ол табиғи ресурстарды «табиғи капитал» ретінде қарастырады. Осындай тәсіл, экономиканың табиғатпен байланысын және қолдану принциптерін өзгертеді де, ол мынадай шекті, қорландыру және табиғи ресурстарды жұмсау деген терминдерді анықтайды.
Жасыл экономика теориясы үш негізгі принциптерге негізделеді:
Шектелген кеңістікте ықпал етуді шексіз ұлғайту мүмкін емес;

Шектелген ресурстар жағдайында шексіз ұлғайып жатқан талаптардың қанағаттандырылуын сұрау мүмкін емес;
жер бетіндегі барлығы өзара байланыста болады.

Қазіргі таңда дүниежүзінің көптеген елдері жасыл экономика принципін қабылдаған. Осы мемлекеттердің экономикалық даму саясаты өнеркәсіптік өндіріс өсімін оңтайландыруға және қоршаған ортаға үнемді көзқарасқа негізделеді.
2013 жылдың 1 маусымында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы «жасыл экономикаға» өту Тұжырымдамасы жөніндегі Жарлыққа қол қойды:

Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өтуін қамтамасыз ету мақсатында қаулы етемін:
1. Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өту туралы Тұжырымдаманы бекітемін (әрі қарай – Тұжырымдама)
2. Республика Үкіметіне
1) Тұжырымдаманы жүзеге асырудағы іс-шаралардың жоспарын бекіту;
2) Осы Жарлықтан шығатын басқа да іс-шараларды қабылдау.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметіне, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарға, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне, облыстардың әкімдеріне:
1) Тұжырымдаманы басшылыққа ала отырып жұмыс істеу және оның жүзеге асырылуындағы іс шараларды қабылдау;
2) Мемлекеттік жоспарлау жүйесі Тұжырымдама бойынша қабылданатын құжаттардың келесілімін қамтамасыз ету
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігіне жүктеледі.
5. Осы Жарлық қол қойған сәттен бастап өз күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ
Президенттің Жарлығында үнемі Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өту жөніндегі Тұжырымдамасына сілтеме беріледі. Нақты іс шараларды анықтап қарайтын, жүзеге асыру қабылданған кезде ол еліміздің экономикалық дамуын әлемдік экологиялық талаптарға және стандарттарға негіздеп жасауға мүмкіндік беретін өте үлкен және кешенді құжат болып табылады.
Мен осы құжаттың толық мәтінін өзімнің блогыма қоямын. Бұл тек экология саласындағы мамандардың қадала қарайтын немесе оқитын мәселесі емес, сонымен қатар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер тағы басқа қарапайым азаматтардың да назарында болуына лайық.
Осы Тұжырымдаманы жүзеге асыру үш кезеңнен тұрады және қолда бар құжаттар бойынша негізделеді: 2013-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы «Агробизнес-2020», 2010-2014 жылдарға арналған ҚР ГПФИИР, 2011-2020 жылдарға арналған білімді дамыту мемлекеттік бағдарламасы, территорияларды дамыту бағдарламасы, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын, 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасы тағы басқа салалық бағдарламалар.

Одан бөлек, 2014-2020 жылдарға арналған су ресурстарын басқару бағдарламасын дайындау жоспарланып жатыр
Іс-шаралар қатары - тұжырымдаманың ең негізгі ережелерінің бірі, олар қабылданғанда энергия тиімділігі маңызды жоғарылауына және өндірісте энергия жұмсалымының төмендеуіне алып келеді.
Тұжырымдамада бекітілген баламалы және қайта қалпына келетін энергия көздерін дамыту Қазақстанда өтетін ЭКСПО-2017 ның басты идеясымен үндесіп жатыр.
Ұсынылған жоспар бойынша, біздің энергосебет 2030 жылға қарай, 11% -жел және күн көздерінен, 8% -атом, 10% - гидро, 21% - газ бен 49% - көмірден тұратын болады. Ал, 2050 жылға қарай, жел және күн көздерінің үлесі 39% дейін өседі, АЭС мен ГЭС үлесі 14%, газ станциялары 16% , және қалған 31% көмір станцияларынан құралады.
Осындай тәсіл, қайта қалпына келмейтін ресурстарды елеулі түрде үнемдеуге және қатты жанармаймен жұмыс істейтін станциялар, атмосфераға шығаратын қауіпті қоқыстар жағдайын елеулі түрде жақсартуға мүмкіндік береді, Тағы бір, Тұжырымдамада қозғалған маңызды мәселелердің бірі – су ресурстарын сақтау және үнемдеу.
Мамандардың болжауынша, біздің елдегі судың тым тапшылығы бұл 21 ғасырдың сұрақтары болуы мүмкін. Президентіміз «Қазақстан -2050» атты Халыққа Жолдауында нақты осы мәсәлеге ерекше назар аударғаны босқа емес. Көптеген мамандардың болжамдарына сүйенсек, 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 14 млрд текше метрге дейін су құрауы мүмкін. Осы қиындықты жеңу үшін, барлық жерге су сақтайтын технологияларды қолдану, өнеркәсіптік және тұрмыстық қолданыста судың жұмсалуын төмендету, табиғи су қоймаларын ластауға жол бермеу ұсынылады. Әрине, Тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін бюджеттік шығыстарды ұлғайту және жалпы сомасы, Тұжырымдамада қарастырылған барлық іс шараларға қажет болатын жеке инвестицияларды тарту қажет, 2050 жылға дейін орташа, жыл сайын 3,2 миллиард АҚШ доллары. Шамамен бұл бюджеттен 1% баламалы, осы қаражаттың едәуір бөлігі инвестициялардан тартылады деп жоспарланған, ал осы Тұжырымдаманың жүзеге асуы жаңа өнеркәсіп салаларын құруға және қосымша 500 мың жаңа жұмыс орындарын беруге мүмкіндік береді – жасыл экономикаға өту толығымен дер кезіндегі орынды шешім болып табылады.
Экология мәселесі баршамызға ортақ мәселе, мемлекет көптеген оңтайлы Жарлықтар шығаруы немесе ғаламдық Тұжырымдамаларды жүзеге асыруы мүмкін. Осы ұйғарымдар жағдайды өзгертуі немесе Қазақстандағы экологиялық ахуалды жақсартуы мүмкін бірақ тағы бір кішкене; жеке экология бар.
Әрбір Қазақстан азаматы қазіргі таңда жеке үйлер, аулалар мен көшелер экологиясы болсын, айналасындағы жағдайға өзі жауапты екенін сезінуі тиіс.
«Шағын істер» принципін қолдана отырып, қазіргі таңда біз экологиялық жағдайлардың жақсаруына үлкен үлес қоса аламыз. Су, электр энергиясы мен басқа да ресурстарды үнемдеу тек қана қоғамдық пайда әкеліп қоймай, отбасылық бюджеттің сақталуына жол ашады.
Демалыс кезінде табиғатқа ұқыпты қарау, өз ауласында тазалық сақтау – табиғатты сақтау барысында біз мемлекеттің мойнына ауыстыратын қарапайым шындық. Көптеген елдерде азаматтардың қарапайым экологиялық нормаларды сақтауы саналы міндетке айналған. Өкінішке орай, біз үшін бұл нормалар фомалды және міндетті емес болып табылады.
Егер біз Қазақстанды ұрпақ үшін сақтап қалғымыз келсе, еліміздің өсуі мен өркендеуі туралы ойлайтын болсақ, әрқайсысымыз өзіміздің санамызды өзгертіп, қоршаған ортаға көзқарасты өзгертуіміз керек.


Распечатать